Бүгінде жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген нақылы мәнін жоғалтпас ұстанымға айналды. Білімсіз күн жоғын, ізденіссіз ізгіліктің келмесін түсінген буын да оқуға құмартып, құндылықты сезінуге құлықты. Әрине, көбі ескі сөредегі көркем әдебиет пен классикадан бас алмайды деу қиын. Себебі заман сұранысы басқа. Бүгінде басылымдардың да көтеретін тақырыбы өзгеріп келеді. Осы жағдайды ескере отырып, трендтегі кітаптар жайлы тарқатсақ.

Мәселен, «Меломан» дүкендер желісі өткен жылы қазақстандықтар ең көп сатып алған үздік кітаптар рейтингінде көш басын Қайрат Жолдыбайұлының «Кемел адамы» бастағанын хабарлады. Автор Қайрат Жолдыбайұлы бұл кітабында жан-жақты жетілген идеалды адамның қасиеттері мен ерекшеліктерін түсіндіре отырып, оқырманын «кемел адам» болуға шақырады. Кітаптың бірінші бөлімінде кемелденудің психологиялық кедергілері түсіндіріліп, түйіні тарқатылса, екінші бөлімде тән саулығының маңызы, денсаулықты күтудің жолы мен жай-жапсары баяндалады. Үшінші бөлімде уақытты тиімді пайдалану және жоспарлау тәсілдері мен тетіктері берілген. Төртінші бөлімде қаржылық сауаттылық жайлы түсіндіріліп, тапқан табысты нәтижелі жұмсаудың бағыт-бағдары айтылады. Ал бесінші, алтыншы бөлімде эмоциялық зерде, яғни байсалдылық танытып, көңіл-күй, сезімі басқару тәсілдері мен қарым-қатынас қағидалары жан-жақты түсіндіріледі.
Ендігі кезекте Алматыдағы «KitapAL» кітап дүкенінің қаладағы франшизасына тоқталсақ. Мұнда түрлі жанрдағы қазақ тіліндегі әдеби шығармалар, әлем классикасы, психология, мотивация, фантастика, мистика жанрындағы, балалар мен жасөспірімдерге арналған әдебиеттер түгел қамтылған. Дүкен сатушысының айтуынша, қазір Мирас Кесебаевтың «Жылдам оқы» кітабы қызылордалық жастардың жоғары сұранысына ие болып тұр.
Тайм-менеджментпен жүретін жаңа заман тұрғындары үшін уақыттың бағасы қымбат. Олар, тіпті, кітап оқуға арнаған уақытты да тиімді пайдаланғанды жөн көреді. «Жылдам оқы» кітабының трендте болатын себебі де осы екен. Бұдан бөлек «байлықтың бес заңын» нақтылап көрсеткен «Вавилондағы ең бай адам» кітабы да сұраныста. Сонымен қатар Әділбек Исламбектің «Оқырман әліпбиі» кітабын іздеп жүріп оқитын жас көп. Кітап мазмұны жағынан «Жылдам оқы» туындысына ұқсас болғанмен, оқырманды қызықтыратын өзгеше тақырыптары бар. Тіпті, бұл кітап «KitapAL» дүкенінде оқырманның жоғары сұранысына ие болған ондықтың қатарында. Сондықтан кітапта көрсетілген кейбір пайдалы кеңестерді осында бөлісуді жөн көрдік. Автор «кітапты қай уақытта оқу керек?» деген сауалға ғалымдардың дәлелдемелерін ұсынады. Гарвард университетінің мамандары жүргізген зерттеу барысында таңғы сағат 6-дан 7-ге дейінгі уақытта мидың жұмыс істеу, есте сақтау қабілеттілігі жоғары деңгейде болатынын анықтаған. Ал таңғы сағат 8-ден 9-ға дейін адамның логикалық ойлау қабілеті арта түседі. Таңғы сағат 9-дан 10-ға дейінгі аралық – ғылыми туындыларды оқуға таптырмас уақыт. Сондықтан автор салыстырмалы мәліметтермен жұмыс жасауға өте тиімді екенін айтады. Ең қызығы, түскі сағат 11-ден 12-ге дейінгі уақытта адамның интеллектуалдық ойлау қабілеті төмендейді екен. Сол үшін бұл уақытта кітап оқудың орнына басқа да маңызды жұмыстарға назар аударған жөн.
Жастар арасында кофе ішіп, кітап оқудың жақсы дәстүрге айналғанына көп бола қойған жоқ. Бірте-бірте қалыптасқан бұл үрдіс кітаптың орнын интернет ресурстардың баса алмайтынына дәлел болған сыңайлы. Әсіресе қаладағы кітап дүкендеріне келіп, кітап іздеп жүрген замандасыңды көргенде тілдесуге ортақ тақырыптың табыла кететіні көңілге қуаныш ұялатарлық.

А.СЫРЛАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!