Түн. Сағат 02:08. Балконнан түнгі қаланың көрінісін қызық көріп, өткен-кеткен көліктердің дыбысына құлақ түріп, одан қалса жүйіткіген пойыз көз алдымнан өткен сайын ару қала Алматыны аңсап, күнді қорытындылап жүргеніме бір айға жуық уақыт болды. Оқуға келгелі тапқан жаңа әдетім өзіме ерекше ұнайды. Жаныма жылылық сыйлап, өзімді тануға көбірек мүмкіндік береді. Ақыл мен жүрек бірлесіп шеше алмай жүрген ойлар санада сайрап, қандай шешім қабылдарыңды білмей жүргенде дәл осы жер – ойлануға да, ойға алуға да таптырмас мүмкіндік.  Бір сәт көліктер де тынып, бір-бірімен «абаласқан» иттердің де даусы шықпай қалды. Ғажап! Тыныштық! Жанға жайлылық! Бұрын-соңды тыныштықты мұнша ұнатамын деп ойлаған емеспін. Бұл өмірде тыныштықтан асқан сұлулықтың жоқ екенін мойындадым.

Қаланың жарқ-жұрқ еткен шамдары қанша мың бояуға боялса да маған ұнамай, көңілім ауылды аңсап тұратын. Қалада тұратын адамдарды мүлде түсінбейтін кезім де болған. Төрт қабырғаға қамалып, күнінің жартысы кептелісте өтетін жерде қалай шыдамдары жетеді?  Алайда, өзім де қазір сол тіршілікке үйреніскендеймін. Ауылға жиі баруды да қойдым. Бұрын қалаға кеткен аға-әпкелерім айлап, жылдап келмейтін кездерде қалай сағынбайды деп таңғалатынмын. Сөйтсем, жаңа ортаға сіңісіп, қауырт жұмысқа орналасқан соң мүмкіндіктері бола да бермейді екен ғой. Болған күннің өзінде, кейбірі тордан шыққан торғайдай күйге енетін болар. Қайтадан келіп сол торына оралғысы келмегеннен сылтауларын жиып, ақыры сол ауылға бозбала бойжеткеннің қолынан ұстап оралатын. Ал қыздар жағы өз артынан «кешірім» деген жаңа туысқандарын жіберетінін талай рет құлақ естіп, көз көрген. Отбасына жаңа мүше қосылғанына әке мен шеше бір қуанса, шаңырақтарынан айналасына шуағын шашқан күнінің өзге үйге барғанын естіп көздерінің жасын бір сығып алатын. Осылайша, өмір өзінің алыс-берістен тұратынын тағы бір еске салатын…

«Ауылда қыз арманы – қала көру» дей ме, Балғынбек?! Бірақ бұл маған арналмаған секілді. Себебі, ауылда өссем де Қызылорданы көруге онша құштарлығым болмағаны өтірік емес. Есесіне, Қызылордаға құмартпасам да, Алматыға деген махаббатым ерекше. «Арман қалада» оқу арманым болғанымен, әзірше көздегеніме жете алмадым. Бірақ миллионер қалаға барып, бітім-болмысы өзгерген кей таныстарыма көз салсам, менің туған қаламда қалғаным да дұрыс болған сияқты. «Ақылға ақыл толысқан шақта барып қызмет жасасам да үлгіремін ғой»  деп өз-өзімді жұбатамын.

Дәл осылай әр ойдың басын бір шалып, өткенді бір, болашақты бір ойлап тұра беру сүйікті әдетіме айналды. Тұрған жерімде қиялдап, арман-мақсаттарымды ойша жүзеге асырып, сүйікті ақындарымның таңдаулы өлеңдерін дауыстап оқып бірнеше сағатымды өткізуге бармын.

Тек кей кездері Сырдың ұйытқыған «брэнд» желі жоспарларымның күлпаршасын шығаратыны бар… 

Жәния ТӨРЕБЕКОВА