фото: book24.ua
Барлық жұмыс пен үйдің тірлігі біткен, қол бос. Десе де сондай бос уақытта да жанымыздан смартфонды тастамаймыз. Ал бұрышта – шаң басқан кітап…
Ойлап қараңызшы, сонда кім кімнен жеңілді? Берген ақпараты мен білімі үшін ақы сұрамайтын кітап па, әлде виртуалды әлемнің тұзағына түскен адам ба?
Иә, біржақты шешім айту қиын. Кітап оқитын оқырман бар, десе де «оқи алмаймын» дейтіндер де жеткілікті. Бірақ мәселе кітаптың күрделілігінде емес, көбіне адамның оқу дағдысының үзіліп қалуында секілді. Сонда кітап оқу үшін не істеу керек?
Ең алдымен, кітап оқу – үлкен мақсат емес, күнделікті дағды екенін түсіну маңызды. Көп адам «уақыт тапсам оқимын» дейді. Бірақ шын мәнінде уақыт табылмайды, уақыт жоспарланады. Сондықтан күнделікті 10-15 минут болса да уақыт бөліп, оны тұрақты әдетке айналдыру қажет.
Кітап таңдауда да үлкен рөл бар. Бірден күрделі, мазмұны ауыр еңбектерден бастау адамның қызығушылығын жоғалтады. Одан гөрі жеңіл оқылатын, өзіңе жақын тақырыптағы кітаптардан бастаған әлдеқайда тиімді.
Оқу барысында басты қағида – аз, бірақ тұрақты оқу. Күніне ұзақ уақыт оқудан гөрі, аз уақыт болса да күн сайын оқу нәтижелі. Бұл миға ақпаратты қабылдап, оны үйреншікті процесс ретінде бекітуге мүмкіндік береді.
Ал кітаптың мазмұнын ұмытпау үшін қарапайым тәсілдер жеткілікті. Әр бөлімнен кейін негізгі ойды қысқаша жазып отыру, өз сөзіңмен біреуге айтып беру немесе ең маңызды үш ойды түртіп алу – ақпаратты есте сақтаудың ең тиімді жолдары. Егер адам оқығанын түсіндіріп бере алса, ол оны шын мәнінде меңгергенін білдіреді. Сонымен қатар өзіңе «не түсіндім?», «кітап не жайлы?» деген сұрақтар қойып, рефлексия жасаған да маңызды қадамның бірі.
Келесі – дұрыс назар аудару. Кітап оқып отырып смартфонға алаңдау – ақпараттың терең сіңуіне кедергі келтіреді. Сондықтан оқу уақытында мүмкіндігінше тыныш, ыңғайлы жерге барған дұрыс.
Осы қарапайым қағидалар сақталса, кітап оқу қиын процесс емес, керісінше күнделікті әдетке айналады.
Әлия ТӘЖІБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!