«Ақмешіт жастары» газеті – Сыр журналистикасы тарихында жастарға арналған тұңғыш басылым.

Қазақ журналистикасы тарихында бұдан ғасырға жуық уақыт бұрын жарық көрген қазақ жастарының  «Жас азамат» газетінің баспасөз тарихында өзіндік орны бар. Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ жастар баспасөзінің төлбасы «Жас азамат» газеті 1918 жылдың сәуір айында барлық жастар ұйымын біріктіріп, басын қосқан «Жас азамат» ұйымының органы (тілі) болып есептелді. Бұл біріккен ұйымның төрағасы М.Мырзаұлы, басқарма мүшелері С.Сәдуақасұлы, М.Сейітұлы, Т.Досымбекқызы, Ә.Байділдәұлы сияқты қазақтың біртуар ұл-қыздары болатын. Ал осы ұйымның тілі «Жас азамат» газетінің шығарушысы (редакторы) Қошке Кемеңгерұлы еді. «Жас азаматтың» алғашқы нөмірі 1918 жылдың 30 шілдесінде Қызылжар қаласында жарық көрген. Барлық қазақ жастарының үніне айналған, тіпті жастардың өз қаржысымен шыққан бұл басылым өз уақытында ұлт тәуелсіздігін жоқтаған басылым болды.

Жас азаматтың» алғашқы нөмірінде Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» өлеңі жарияланғаны, ал ғасырға жуық уақыттан кейін 2013 жылдың 7 қыркүйегінде жарыққа шыққан Сыр журналистикасының тарихында тұңғыш жастар газеті ақын Мағжанның «Мен жастарға сенемін!» атты өлеңін ұран етіп алуы – тарих сабақтастығы дер едік. «Ақмешіт жастары» – тәуелсіз қазақ еліндегі жастарға арналған тұңғыш басылымның бірі.

  «Ақмешіт жастары» газетінің жарыққа шығу тарихы жастар ұсынысынан туындағанымен, бұл идея тәуелсіз мемлекетіміздің жастар саясаты тұжырымдамасы негізінде жүзеге асты. Сол себепті де жастар басылымы туралы айту үшін ең алдымен тәуелсіз елдің жастар саясатынан айналып өте алмаймыз. Мемлекеттік жастар саясатының негізгі басымдықтары 1999 жылғы 28 тамызда қабылданған №73 Мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасына енгізілген. Тұжырымдама жобасын дайындау барысында қазақстандық жастардың әлеуметтік көңіл-күйін зерттеу бірқатар проблемаларды анықтауға мүмкіндік берді. Әлемдік экономикалық дағдарыс, діни экстремизмнің таралуы жастардың өзекті шақырулар мен қоғамның әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық саяси өміріндегі өзгерістерге жеткілікті түрде дайын емесін көрсетті. Жастардың білім саласындағы мәселелері едәуір шешілген, ал медициналық қызмет көрсету мәселелерімен қоса жұмысқа орналасу және тұрғын үй өзекті болып қала беретінін уақыт көрсетіп отыр. Өзектілігі бойынша кезекті мәселелердің қатарында жастар ортасында есірткінің таралуы, діни экстремизм мен терроризм қауіпі бар. Жастар санының қысқаруы еңбек ресурстары мәселелерінің туындауына, экономиканың әртүрлі саласында білікті кадрлардың азаюына әкеліп, Қазақстанның сыртқы технологиялық тәуелділік қаупін күшейтеді.

Тұжырымдама дайындау барысында жүргізілген әлеуметтік зерттеу нәтижесі жастардың білім саласындағы проблемалары едәуір шешілген, тек 4,4% мүлде шешілмегенін көрсеткен. Медициналық қызмет көрсету бойынша проблемалар 25,3% шешілсе, сауалнамаға қатысқан жастардың 6%-ы бұл мәселе мүлдем шешілген жоқ деп көрсеткен. Жұмысқа орналасу және тұрғын үй проблемасын шешуге, сондай-ақ әлеуметтік қызметке қатысты респонденттердің 20%-ы аталған сұрақтарға нақты жауап бере алмаған. Бұдан аталған проблемалардың өзекті болып қалатынын, сонымен қатар бұл проблемалар респонденттердің 15%-ында мүлде шешілмегенін көреміз.  Респонденттердің 20,6%-ы жас кәсіпкерлерге қолдау көрсетпейді деп белгілеген. Жалпы алғанда, сауалнамаға қатысқандардың 18,5%-ы өзінің материалдық жағдайын төмен бағаласа, 18,4%-ы жауап беруге қиналған, 8,3%-ы ғана материалдық жағдайын жоғары деп бағалаған. Жастардың мәдени деңгейінің төмендеуі (16%) тағы бір мәселе болып саналады. Өзекті проблемалардың қатарында жастар арасында есірткінің таралуы – 15%, діни экстремизм мен терреоризм қаупі – 12%. Соңғы мәліметтер бойынша жастар саны артқанмен болжамдық мәліметтерге сүйенсек, жастар саны 2015 жылы 4,52 млн., 2020 жылы 4,13 млн болған.

Жалпы жастар саясатын жүргізу кез келген ел үшін оңай емес. Өйткені жастар саясатын жүргізудің шығыны мол, әрі ол шығын бірден қайта қоймайды. Сондықтан нақ осы мәселемен мемлекет деңгейінде айналысатын елдер әлемде өте санаулы. Олардың бірінде өз жастарына мемлекеттік деңгейде қамқорлық жасауға мүмкіндік жоқ болса, енді бірінде қоғамдық құрылыс пен ділінің деңгейі сәйкес келмейді. Мәселен, Америкада әлі күнге дейін жастар туралы мемлекеттік саясат жоқ. Олардың жастары жекеменшік, соның ішінде қайырымдылық, демеушілік қорларына үміт артады. Сарапшылардың айтуынша, әлем бойынша жастар саясатымен белсенді шұғылданатын елдердің бірі Германия екен. Бұл елдің жастары үшін заңда белгіленген қамқорлық негізінде білім алып, емделумен қоса басқа да әлеуметтік жағдайлар жасалған.

Жастар саясатымен белсенді түрде айналыса бастаған елдердің бірі –  біздің Қазақстан. Жастардың тегін орта білім алуы, дипломмен ауылға барған жастарға берілетін көтерме жәрдемақылар және жастар өміріне позитивті сипат беретін мемлекеттік деңгейдегі жобалар – бәрі де қайтсек келешегімізді кемел етеміз деген тілектің аясында жасалып отыр. Бір сөзбен айтқанда, табысты, толыққанды, бәсекеге қабілетті және патриот жас қазақстандықты қалыптастыруды көздейтін тұжырымдаманың негізінде жастар саясатын жүзеге асыру барысын жариялап отыратын республикалық жастар газеті, аналитикалық журнал, телебағдарлама, толықметражды көркем және деректі фильмдер, «e-zhastar» интернет порталы құрылады деп көрсетілген.

2013 жыл мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасының жобасы жер-жерде қызу талқыланып, жастарға қатысты мәселе атқарушы биліктің, орталық жергілікті органдардың қызметін бағалаудың бір өлшемі ретінде қарастырылып жатқан уақыт еді. Осының аясында Сыр өңіріндегі алқалы жиындардың бірінде жастар «төл газетіміз болса» деген ұсыныс айтты, сол кездегі облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қолдады. Ұсыныс, қолдаудан кейін көп ұзамай осы жылдың күзінде газет баспаханадан оқырмандарына жол тартты. Осы тұста жамбылдықтар аймақтық жастарға арналған «Арай», шығысқазақстандықтар «Шығыс шұғыласы» деген газетін шығара бастады.

Республика бойынша жастарға арналған облыстық үш газеттің бірі – Қызылорда облысынан шығатын «Ақмешіт жастары» газеті. Бас редакторына бұған дейін тәуелсіз «Халық» газетінде журналист, «Қазақ» радиосының «Ақпараттық сараптамалық және таңғы бағдарламалар» редакциясының шеф-редакторы қызметін атқарған және республика жастарына арнап «Stars kz», «Maestro kz» түрлі-түсті журналдарын шығарған Айжан Абдуллаева тағайындалды.  «Сыр медиа» ЖШС құрылтайшылығымен шыққан «Ақмешіт жастары»  А3 форматпен, аптасына бір рет, 12 бет болып, алғашқы санынан-ақ 5000 таралыммен шықты.

 Газетті оқырманға жеткізу, өткізу жұмысы да – газет өндірісінің бір кезеңі. Қызылордалық жастар төл басылымын оқырманға жеткізу жауапкершілігін алғашқы айларда-ақ жұмыла көтерді. Газет шығару ісіндегі алғашқы айлардағы қауырт тірлік мына естелікте әдемі суреттеледі: «2013 жылдың 7 қыркүйегі. Газеттің алғашқы нөмірі жарыққа шыққан күн. Редакция ұжымы қатты қуандық. Алайда газет апта сайын жастардың қолына жетуі үшін біраз тер төгуге тура келді. Газетті жүз, мың данадан буып сатуға алып шықтық. Қаладағы, аудандардағы барлық жастар ұйымы, оқу орындарының басшылары мен жас кәсіпкерлер қолдау білдірді. Сол кездегі «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Еркебұлан Меңлібаев, Абылайхан Сабанбаев, Ғани Байұлы, облыстық жастар саясатындағы Жандос Тұсмағанбетов, Бауыржан Мастеков, Айбол Қозыбақов, Мұхтар Ибраев, Айдынбек Скендіров, Әлібек Ізбасаров, Әлібек Қуаныш,  Қуаныш Жиенқұлов, Нұрбол Бакиров, Мақсат Құлмырзаев, Мақсат Әлиев, Әділ Әбілқайыр, Айдана Маманова, Ынтымақ Боранбайұлы, Ержан Жақып секілді белсенді жастар газеттің жеті ауданға жетіп, ауыл-ауылға таралуына көмектесті.

 Жастар басылымы ұжымы да жастардан құралған. Бас редактор – Айжан Абдуллаева, бас редактордың орынбасары – Гүлбану Мақажан, тілшілер – Құралай Рахымбаева, Ақмарал Олжабаева, Дастанбек Садықов, Сара Омарова, дизайнер Мұстафа Байходжаев газеттің алғашқы нөмірінен бастап жастар тақырыбында қалам тартып, газеттің бет-бейнесін қалыптастыруға үлес қосты.

Жастар басылымының мақсаты айқын, аудиториясы да белгілі. Басылым алғашқы нөмірінен-ақ өзінің негізгі мақсаты жастар белсенділігін оятуға үн қосатынын білдірді.

Жастар үнінің жарыққа шығуына лебіз білдірген елге белгілі есімдер тілектестікпен қатар жас басылымға міндет жүктейді. Жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Қуаныш Жиенбай басылымның алғашқы нөміріне лебіз білдіре отырып, кейінгі толқынға бағыт-бағдар береді: «Сыр өңірі жастарының жеке басылымы болғаны қуанышты жағдай. Біреулер онсыз да газет-журналдардан аяқ алып жүре алмаймыз деуі мүмкін. Бұл – түсінбестікпен айтылған тұжырым. Жастар саясаты, отаншылдық сезім, өткен тарихты ұлықтау, бүгінгі біз бастан кешіп отырған қоғамдық құбылыстарға жаңа тұрпатты ойлау жүйесі қалыптасқан тың, мүлдем жаңаша көзқараспен үңілу – «Ақмешіт жастарының» күн тәртібінен түспейтін басты тақырыптары болуға міндетті. Қарт Қаратаудан Аралға дейін созылып жатқан кең тынысты аймақ әлі күнге дейін бар құпиясын ашып, елге толықтай қазынасын беріп үлгерген жоқ. Жастар басылымы осы төңіректі де молынан қамтыса деймін. Тиынның сылдыры естілген жерде рухани әлемнің еріксіз екінші планға ысырылатыны белгілі. Апталықтың ат байлайтын бір темірқазығы осы. Топан газеттердің арасынан жұлқынып шығып, жастарға тән қайрат, мінез көрсетсеңіздер, ұтылмайсыздар».

Ақын, Қазақстанның құрметті жазушысы Әскербек Рахымбекұлы «Аймағымызда жастарға арналған жаңа басылым шығатынын естігенде біз, байырғы баспасөз қызметкерлері, кәдімгідей қуанып қалдық. Өйткені, біз білерде, облысымызда бұрын-соңды жастарға арналған газет болған жоқ. Ендеше бұл – Сыр жастарының облыстық тұңғыш төл басылымы. Кешегі кеңестік дәуірде облыста бірі қазақша, бірі орысша – екі газет шығып тұрды. Ал аудандарда бір-бірден шағын форматпен газеттер жарық көрді. Тәуелсіздік заман бұқаралық ақпарат құралдарына кең жол ашты. Бұл күнде облыс аумағында жүзге жуық үлкенді-кішілі газеттер мен журналдар шығып жатыр. Олардың демеушісі де, жебеушісі де әрқилы және ол өзінше әңгіме. Сыр елі жастарының бұл төл газеті облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына, білім мен мәдениеттің кең өріс алуына, халқымыздың рухани өсуіне жастарды жұмылдырады деп сенеміз. Ұлтымыздың ұлы байлығы болып саналатын тілі мен ділін, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, ғылымы мен анығын жас ұрпақтың санасына сіңіруге, оларды отаншылдық рухында тәрбиелеуге қызмет етеді деген ойдамыз» деп жастар басылымына үлкен үміт артады.

Жергілікті басылымдар да Сыр елі ақпарат айдынына жастар газетінің қосылғанын сүйіншілей жазды.

Ел қуана қолдаған, жастар өз үнім деп асыға күткен «Ақмешіт жастары» басылымы жастар саясатын жүзеге асыруға қаншалықты үлес қоса алды деген сауалдың туындауы заңдылық. Бұл мақсатта сүйенетін тірек – жастар саясаты тұжырымдамасы. Тұжырымдамада жастар саясатын жүргізуде ақпарат құралының үлесі анық жазылған: «Ақпарат құралдарының, озық ойлы, зиялы қауымның күш жігері, тәрбиенің бағыттылығы қоғамда отансүйгіштік, іскерлік, үлкенді сыйлау, өзін қастерлей білу, жеке басы мен жақындары үшін жауапкершілікті сезіну сияқты қасиеттерді жоғары қоятын оңтайлы орта қалыптастыруға септігін тигізу қажет. Жастардың төл мәдениеттен нәр алуы, еліміздің тарихи өткенін оқып-үйренуі, қоғамдағы достық ахуал мен бейбітшілікті, рухани келісімді нығайту жас ұрпақ бойында біздің ортақ Отанымызға – Қазақстан Республикасына деген мақтаныш сезімін қалыптастыруы тиіс».

Жастар басылымындағы жастар тақырыбы ел Президенті бекіткен мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасына негізделеді. Бұл тұжырымдаманың аясында 2020 жылға дейінгі бағдарлама жасалған. Бағдарлама – жастардың мемлекет құрылысындағы рөлі мен орнын жете бағалау және қоғамның стратегиялық ресурстарын дамытуда бірден-бір маңызды бағыт. Дәстүрлі жастар мәселелерін шешудің мазмұны мен тәрбие тәсілдері жаңа тарихи жағдайларда мүлде өзге қырынан қарастырылуға тиіс. Жас буын бойында отаншылдық, іскерлік, жауапкершілік қасиеттер қалыптастырып, алдыңғы буынның әлеуметтік-мәдени тәжірибесіне сүйене отырып, әлем өркениетіндегі озық үлгілерді игеруге жол ашу – дамуға ұмтылған, әлеуеті күшті қоғамның бір көрінісі болса керек. Мемлекеттік жастар саясатының аясында жастар бойында патриотизмді қалыптастыру, рухани дамыту, білім беру, денсаулық, еңбек саласындағы құқықтарын қамтамасыз ету, әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктерін дербес жүзеге асыруға жағдай жасау, саламатты өмір салтын ұстанып, зияткерлік дамуына жағдай жасау, қоғамдық игі бастамаларын қолдау, ынталандыру, халықаралық мәдени, ғылыми, экономикалық процестерге тарту деген тақырыптар туындайды. Жас шамасы, әлеуметтік әртектілік мәселелері міндетті түрде ескерілетін осы қағидалар заңнамалық және атқарушы биліктің орталық және жергілікті органдардың қызметін бағалаудың бір өлшеміне айналғанда нәтижелі болады.

 Газеттегі жастар тақырыбын жазу 5 критерийге бөлінді:

1. Жастар ұйымдастырған іс-шараларды және жастарға қатысты мәселе көтерген дөңгелек үстел мен жиналыстарды ақпараттандыру;

2. Көшбасшы, іскер, өз ортасында жетекші жастар жайында эссе, очерктер;

3. Зияткерлік қабілетке ие, өнертапқыш жастардың жаңалығын жариялау;

4. Қоғамдағы жастардың өзін-өзі ұстауы, жүріс-тұрысы, киім киісі, т.б. әдеп пен мінез-құлық мәселелері аясында ой-пікірлер;

5. Дерек пен дәйек негізінде сараптамалық-талдау-журналистік зерттеу.

Басылымның алғашқы жылдарынан-ақ газеттің ұстанымына сай жұмыс жүйесі жоспарланғаны сезіледі. Жастар үнінің бір ерекшелігі, алғашқы нөмірінен арнайы беттер мен айдарлардың латын қарпінде берілуі көзге тосын көрінгенмен, жаңалық болды.

Жалпы, жастар газетінде әрдайым оқырманмен сырласу, оқырманмен ой бөлісу, оқырман назарын аудару формасы ерекше әрі белсенді жүргізіледі. Жастарды газет айналасына топтастыру, оқырманмен тығыз байланыс орнату мақсатында газет алғашқы жылдардан жастарды белсенділікке шақыратын шаралар ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған. Мәселен, алғашқы жылы оқырманның дауыс беруімен анықталатын жастар арасында «Сыр сұлтаны», «Ақмешіт аруы» байқауын газет арқылы ұйымдастыруы жастар аудиториясына үлкен әсер сыйлағанын байқау жарияланған сәттен бастап нөмір сайын байқауға қатысуға үміткерлердің үзілмегенінен аңғарылады. Сондай-ақ басылымның жастар шығармашылығын шыңдау үшін шығармашылық бәйге жариялайтыны да газет бетінде жас таланттардың есімін тануға, қолына қалам ұстаған талапты жастардың редакцияға жиі бас сұғуына жол ашты.

Жастар басылымы мазмұны жағынан үлкен де, кіші де, жас та, кәрі де оқитын, тіпті кез-келген жастағылар қалам тартатын басылымға айналғанын байқау қиын емес. Газетте «Ардагер», «Студент», «Бота» арнаулы беттерінің шығуы осының айғағы.

Газет жарыққа шыққан сәттен бастап оқырманмен тығыз байланыс орнатудың түрлі әдіс-тәсілдеріне жүгінді. Түрлі шаралар мен бәйгелерден бөлек, оқырман хаттарын үзбей жариялау, мерекелік күндермен айтулы оқиғаларда оқырманға арналған мақалалар жазу – газеттің өзіндік стилі болып қалыптасқан. Соңғы жылдары баспасөз бетінде көптеген жанрлар келмеске кетті. Солардың бірі – хат. Бұрын редакцияларда оқырманнан келетін толассыз хаттарды қорыту үшін хат бөлімі болса, қазір оның қажеті болмай қалды. Себебі оқырман хаты бүгінде ілуде біреу. Газеттің  оқырманмен байланысты үзбеуі, әрбір хатқа мән беру дәстүрі жастар басылымында алғашқы жылдан-ақ айрықша байқалады. Бұрын жастар іздеп оқитын республикалық «Жас алаш» газетінде «Мақатев 22» беті оқырман хатынан босамайтын. Арнаулы беттің атауын редакцияның мекенжайы екенін кейін түсіндік. Сол сияқты «Ақмешіт жастары» газетінің «Абай 60» арнаулы бетін әдепкіде түсінбей қалғанымен, қырағы оқырман газеттің оқырман хатын асыға күтетінін түсінді. Бұл редакция мекен-жайы Абай көшесі 60 үй дегенді меңзейді. Оқырманнан келетін хат азайғанын, газеттің оқырман белсенділігін оятуға ықыласты екенін мына мақала үзіндісінен байқауға болады: «Осыдан бірер жыл бұрын қолына қалам алып, хат жазып, пошта арқылы жолдайтын жақсы дәстүр бар еді. Оқырман хаты жету үшін арада бірнеше күн өтетін. Сонда да газетке сенетін ағайыннан хат үзілмейтін. Қазір заманауи хат алмасу үлгісі электронды поштамен көзді ашып-жұмғанша жылдам хабар алғызып отыр. Бұл сіз бен біздің байланысымызды арттыра түсуге тиіс еді. Хат келмейді емес, келеді-ау, бірақ қарқыны бәсең. Арада бір үнсіздік бар. Бұл үнсіздік елдің мұңсыздығы емес, болып жатқан оқиғаларға бойкүйездік (еті үйренген, көзі үйренген) немесе немқұрайлылық, немкеттілік, басқалай да себебі болуы мүмкін» дей келіп оқырманды хат-хабар алмасуға шақырады.

Жастар басылымының өзгелерден ерек тағы бір ерекшелігі – бас редактордың қолтаңбасы. Баспасөз тәжірибесінде бар, алайда соңғы кездері бас редакторлардың аты-жөнін газеттің соңғы бетінен ғана оқығанымыз болмаса, мақала авторы ретінде кездесе бермейтіні шындық. Бас редактордың жиі қалам тербеуі оқырманға жылы әсер сыйлап, басылымды салмақты ете түсетінін қырағы оқырман бірден байқайды. Тіпті бас редактор қаламынан туған дүниенің алғашқы оқырманы шығармашылық ұжым екені даусыз. Тіпті бұл жас шығармашылық ұжым үшін үлкен мектеп екені даусыз.

Оқырманмен тығыз байланыс орнату – оқырманға арналған мақалалар жазу. Бұл әрбір оқырманға арналғандай әсер қалдыратыны баспасөз тәжірибесіндегі бар әдіс. Жарты ғасыр бұрын жарыққа шыққан «Жас азамат» газетінің өзі көп мақаланы тікелей оқырманға арнаған. Мәселен, «Жас тілек», «Газет-журнал оқушыларға» атты мақалалар осының айғағы. Сол сияқты қазақ баспасөзіндегі бұл әдемі әдісті жастар басылымы да әрдайым пайдалана алатыны қуантады.

Арнаулы беттер мен айдарлар 8 жыл ішінде қалай түрленгенін төмендегіше тізбектедік: «Жаршы» – «News»,  «Айна» – Jastar News»,  рухани бет «Үт» – «Pozitive», «Дода» – «Sport», «Компас» – «Бағдар» – «Bizness»,, «Нысана», Мotivation –  «Analysis», «Дауа» – «Medicina», «Бастаңғы» – «Бозбала-бойжеткен» – «Студент» – «Student», «Шаңырақ» – «Отбасы», «Талқы» – «Discuassion», «Текемет» – «IT», «Қамшы» –«Actual», «Діңгек» – «Қазына» – «Көмбе» – «Tarih», «Абай 60 – Қоржын – «Hattar», «Шамшырақ» –«Innovation», «Бота» –««School», «Папарацци» – «Шоу-Бизнес» – «Music», «Тұғыр» –  «Interview» болып түрленсе, кейін газеттің D2 форматымен 8 болып шығуына орай кейбір атаулы беттер бағытына қарай біріккен. Мәселен, құқық, заң тақырыбындағы  материалдар «Тәртіп», «Таразы» беттері «Dissipline» арнаулы бетіне біріккен. Сондай-ақ оқырмандар сұранысына орай, 2018 жылдың қыркүйегінен бастап «Finance» (Финанс), «Economy» (Экономика) беттері шыға бастады.

2015 жылы газеттің бас редакторы қызметін уақытша белгілі журналист Назерке Саниязова атқарса, 2017 жылы редактордың міндетін атқарушы – Дастан Садық. Басылымға уақытша редактор болған олар жастар басылымының ұстанымын сақтай отырып, мазмұнын көтеруге үлес қосты.

2016 жылы оқырмандар үшін газеттің электронды нұсқасы әзірленді. Оқырмандар газет материалдарын және күн сайынғы ақпаратты енді сайттан оқуға мүмкіндік алды.

2016 жыл – ел тәуелсіздігінің 25 жылы. Жастар үні тәуелсіздік жемісін жастар саясатының жүзеге асуымен байланыстырып, жыл бойы тұрақты материалдар беріп отырды. Әр нөмір сайын «Тәуелсіздікке 25 жыл және Ақмешіт жастарының 25 табысы» айдарымен өңірде жастар саясатын жүзеге асыруда озық 25 істі үлгі етті. Соның бірі – жастар газетінің жарыққа шығуы деп көрсеткеніндей, жастар газеті де ақпарат айдынында еркін жүзуге талпынған табысты басылымдардың бірі болды.

2018 жыл – газеттің бесінші жылы. Газеттің жарыққа шыққанына 5 жыл толу датасын газет ұжымы ескерусіз қалдырған жоқ. Мұнда да оқырманмен бірге, жастармен бірге. Бес жылдыққа орай «Біздің жастар: сөзден іске» деген тақырыпта оқырман шығармашылығына байқау, «Ақмешіт жастарының кубогы» үшін жайдарман ұйымдастыру да басылым мен оқырман жастар арасын жақындата түсті.

2019 жыл жастар үнінің жылы болды. Елімізде 2019 жыл – Жастар жылы деп аталуы жастар басылымына да үлкен жауапкершілік жүктегені рас. Еліміздегі айтулы оқиғаларды оқырманмен бөлісіп отыруды дәстүрге айналдырған басылым атаулы жылға орай былай деп жазады: «Күнтізбе жаңарып, жаңа жыл кірді. Елбасы жастар жылы деп жариялаған 2019-дан елдің креативті бастамалар мен отаншыл рухта керемет жобалар күтетіні белгілі. Әрине сиқыршының қолындағы таяқшасындай сілкіп қалғанда аспаннан ғажайыптар жаумайды. Қайсыбір істі қолға алсақ та, бұл жастардың батыл ұсынысы мен байыпты ойларының нәтижесі болары анық, ең бастысы, ел қалай қабылдайды – мәселе сонда. Мектептегі бала-шағамыздан бастап, орда бұзар отызға жақындаған жігіттер мен қыздарға дейін әзіл-оспақ, қағытпа қалжыңның айналасында жайдарманшылап кетпейтін шығармыз деген ойдамыз. Әрине күлген жақсы, күлдірген одан да жақсы. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған іс-шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының платформасын қалыптастыру – жастар жылының басты мақсаты болу керек» деп жазды.

 Осы жылы газетте жастар саясатының әлемдік үлгісіне талдау жасалған мазмұнды мақалалар жиі жарияланады. Мәселен, Нұрбек Шынтемірұлының «Жер жаһандағы жастар саясаты» атты мақаласы, Айжан Абдуллаеваның «Ақыл-ой қуаты немесе жастар білуге тиіс бір әңгіме», «Басты назар – жастарда» атты мақаласы айтулы жылы жастарға ғана емес, аймағымызда жастар саясатын жүргізуге бағыт-бағдар көрсеткен дүниелер болды. Жастар тақырыбын әр қырынан беруге маманданған басылым бұл жылы да аянып қалған жоқ. Жастар жылының мазмұнды өтуіне үлес қосты.

Жастар үнінің еліміздегі айтулы оқиғалар мен мемлекет саясатын жүргізуге үлес қосуда өзіндік қолтаңбасы бар. Қандай да оқиға болсын, ресми мәліметтен бөлек, сол кездегі көңіл-күйді дөп басып, кей мәселелерде «дұрысы қайсы, бұрысы қайсы» деп ақпарат іздейтін қоғамға дұрыс бағыт бағдар беріп, шынайылықты жариялау үшін журналистік ізденіс, әрдайым оқырманмен бірге болатыны, оқырманмен риясыз ақтарыла сырласатыны – жастар басылымының сегіз жыл ішіндегі жеңісі.

Жарыққа шықанына бар болғаны 8 жыл  болған газеттің азды-көпті тарихын түгендеу барысында басылымның бүгінде жоғалып бара жатқан хат жанрын уақыт талабына сай жандандыра түскенін байқадық. Редакцияға келген хаттар болып жинақталып, том-томға айналған. Оның ішінде газетке жарияланғаны да, жарияланбағаны да бар. Жарияланбаған хаттар не үшін жарияланбағаны туралы редактордың түсіндірмесі әр хаттың соңында жазылып, мұқият сақталған.

Бүгінде «Ақмешіт жастары» газеті талантты да, талапты жастар түлеп ұшатын ұстахана іспетті. Ақмарал Олжабаева, Елжас Әбділда, Бағлан Тілеубергенова, Дәулет Қырдан, Мөлдір Қалымбет, Мәди Құрманәлиев, Жарасхан Қуанышбайұлы, Айдана Жұмадинова, Ержан Қожас, Ақтілек Бітімбай, Ерхан Ақын сынды журналистердің жастар басылымынан қанаттанғанын редакция ұжымы әрдайым мақтанышпен айтады. Бүгінде басылымның шығармашылық ұжымы Гүлбану Мақажан, Әсел Бегман, Гүлдана Жұмадинова, Мөлдір Сабыржанқызы, Ерасыл Шәрібек, Айгүл Әлішерова жастар тақырыбын жан-жақты жазуға үлес қосып келеді.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!