Атажұртқа алыс-жуық шетелдерден келіп, білім алатын қазақ жастарының қатары азайған емес. Жыл сайын қандастар арнаулы 4 пайыздық квотамен ғана грант конкурсына қатысып, білім алып жатыр. Сыртқы істер министрлігіне қарасты «Отандастар қоры» бүгінде қандас жастардың тек білім алып қана қоймай, Қазақ еліндегі қоғамдық ортаға бейімделуіне және саламатты өмір салтын насихаттауға ерекше көңіл бөліп отыр.

Осыған орай «Отандастар қоры» КеАҚ және С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық зерттеу университетінің ұйымдастыруымен Астанада студенттер арасында «Otandastar cup» халықаралық баскетбол турнирі өтті.

Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған Сенат және Мәжіліс депутаттары Ғалиасқар Төлендіұлы, Болат Бақбергенұлы, Амангелді Ғабдылкәрімұлы, «Отандастар қоры» ұйымының басшысы Абзал Сапарбекұлы, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің басқарма мүшесі, Студенттер ісі жөніндегі проректор Жайнагүл Айтмағанбетқызы сәттілік тіледі.

«Бұл турнирдің басты мақсаты – атажұртта білім алып жатқан қандас жастардың арасында достық қарым-қатынас орнату, бауырмалдық пен бірлікті насихаттау, сондай-ақ саламатты өмір салтына баулу, ең мықты спортшыларды шаршы алаңда анықтау. Жарысқа «Sine Midas Stroy» құрылыс компаниясы демеушілік жасап отыр», – деді Абзал Сапарбекұлы.

Мәліметке сәйкес, биыл үшінші рет өтіп жатқан дәстүрлі турнирде Өзбекстан, Моңғолия, Қытай қатарлы алыс-жақын шетелден келген 200-ге жуық студент бақ сынады. Сайысқа 16-25 жас аралығындағы ұл-қыздардан құралған 22 команда қатысты. Ер балалардан 16 команда, қыз балалардан 6 команда жасақталып, солардың ішінен сайдың тасындай іріктеліп шыққан 6 команда үздік атанды. Жеңімпаздарға арнайы сертификат пен ақшалай сыйлық табысталды. Сонымен, ұлдар арасында І орынды – Еуразия ұлттық университетінің «IMS Astana» командасы (Моңғолия), ІІ орынды – Павлодар облысында білім алып, кәсіп бастап жүрген жастардың «Reggion 14» командасы (Моңғолия), ал ІІІ орынды ЕҰУ, Астана медицина университеттерінің «Қобда» командасы (Моңғолия) алды.

Ал қыздар арасында, І орынды – «Miamі» Моңғолия, Өзбекстаннан келген қыздар құрама командасы, ІІ орынды – ЕҰУ, Астана IT университетінен құралған «Jas qazaq» командасы (Моңғолия), ал ІІІ орынды Еуразия ұлттық университетінің «Eagle» командасы (Моңғолия) иеленді.

Сонымен қатар «Үздік спортшы» номинациясына Өзбекстаннан келген қандасымыз Аружан Какенқызы, моңғолиялық Үмбет Әскерханұлы лайық болды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!