Тереземді ашық қалдырдым,

Енсін деп иісі көктемнің,

Жетсін деп үні жаңбырдың,

 Ғажап бір күйді өткердім.

 

Бұл көктем қандай көктем деп,

Сол шақты өткен ойға алдым.

Айнала сондай көкпеңбек,

Гүл сыйлап оған қойған кім?

 

Жарық дүние жақсы екен,

Қадірін ұғып, білгенге,

Таң солай күнде атса екен,

Таусылмай өмір бір демде.

 

Ауырдан босап, жеңілдеп,

Тамыры талдың тіріліп.

Қылтиып қырдан көрінбек,

Бір арман, тағы бір үміт.

Роза СЕЙІЛХАН

Қас-қағым сәтте оянып алған,

Ұялшақ түске боянып алған,
ессіздеу менің арманым..

Мен сенен қайтсем безер екенмін,

Алқынған күйді сезер екен кім?.. Ардағым…

 

Жан қызуыңды жалап кететін,

бар қызығыңды тонап кететін
күндерім менің бұлағай.

Көзіңде ұяң сыр түнеді ғой…

көрмеуім-дағы мүмкін еді ғой… Бұ қалай?!..

 

Жаңбырға тоңған жапырақ сынды,

жапырақ жауған атырап сынды,
сағыныш түстес тағдырым.

Не айтайын саған күліп тұрсың ғой,

Көрмей-ақ сезіп, біліп тұрсың ғой барлығын…

Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА

Жаңбырда да бір жасын бар,

Жанның оты өше ме?!

Жауын жауса қолшатырлар

қыдырады көшеде.

 

Ауыр тұман ауада кіл.

Қорғанышы санаған

бұлт қондырып бара жатыр

төбесіне әр адам.

 

Қолшатырлар даңғылменен

дөңгелейді жер үсті.

Кеңістіктің жаңбыр деген

жан қабаты ең ішкі.

 

Содан екен жүрегіммен

табатыны үйлесім.

Қолшатырды қалдыршы үйге,

Тамшы біткен билесін!

 

Топырақты сүйсін жауын,

Құшағында ерісін.

Мені қойшы… жаңбыр дәйім

жаусын Қара жер үшін!

Сағыныш НАМАЗШАМОВА

Көктемді ертіп келемін, көктемді ертіп!

Көп өкінген екенмін өткенге елтіп…

Мұңлы адамша жыласам, сөкпеңдер түк,

Жынды адамша қуансам, сөкпеңдер түк!

 

Көктемді ертіп барамын, қайда барсам,

Жараса ма Гүлден Тәж байлап алсам?

Ренжімеңдер шаттанып, күлімдесем,

Ренжімеңдер біртоға ойға қалсам…

 

Бір естілмей дауысы, бір естіліп,

Өткен сәттер қалады кіл ескіріп.

Жүректегі Күн нұрлы Көктемімнен,

Барлығыңа берейін үлестіріп!

 

Жалған жеңіп соңында, Жыр ұтылып,

Сен де сонда кетерсің ұмытылып…

Көктем деген – көнбейтін «Ұмыт, ұмыт…»

Көктем деген – сөнбейтін Үміт… Үміт…

Жадыра БАЙБҰЛАНОВА

Кешегі күн – сәтті еді ғой, сәтті еді…

Кеше мұңым тәтті еді…

Базар дүние бақшасында құлпырған,

Бақ-бақ басым бақты еді.

 

Кешегі күн – жаз еді ғой, жаз еді.

Кеше мұңым аз еді..

Кесте күннің кертілгені болмаса,

Нәркес көңілім наз еді…

 

…Бүгінгі күн, бүгін әлем сүйкімді,

Сәби алқым дүние – жұттым жұпар иісіңді.

Күн-жүректі нәзік сырға толтырды,

Кербез дала күмбірлеген күй сынды.

 

Неткен жылы мейірімің көк пен жер.

Неткен жұмсақ маңдайымнан өпкен жел.

Нәзік сезім қылын үзіп кеткендей,

Неге ғашық болады екен көктемге ел?!

Жазира БАҚАЕВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!