Сол баяғы жаз, сол баяғы ауыл, сол баяғы балалық. Аптап ыстық алқымнан алмаса да өзімді “городской” сезініп, қарайып кетем деген сылтаумен далаға шықпай, үйде жүрмін. Тек күннің ыстығы қайтқан соң, 5-тен өте тірлікке шығамыз. Тірлік сол баяғы ойын. Бір-екі қызықты бастан өткізіп, үйді сағынғанда қора жаққа барып тығылып көз жасыңды сығып аласың. Кейде құлап қалып бір жеріңді ауыртқанда үйді сағынғаныңды қосып, оптом жылап алып жүрген кез. Әбден үйреніп, енді үйді ұмытқан кезде әке-шешем келіп тұр.
Олар келсе, ауылда той. Жалпы қаладан біреу келсе той. Нағашы қойдың құлағынан «Сенде жазық жоқ, менде азық жоқ» деп тебеді де, тамағынан тартып жібереді. Дала мен қорадан әріге барып көрмеген ол байғұс морозильникте сүр еттің аузы-мұрнынан шығып тұрғанын қайдан білсін… Нағашының бар ойы «сібе­жий» еттен қуырдақ жасау. Әйтеуір, күйеу бала­сын ертіп, қолына пышағын ұстаған күйі қораға қарай тартады. Бір-екі рет табақ апарып береміз, ке­йін сол та­бақ­қа ет тол­ты­рып, үйге ке­ле­ді. Со­дан соң қа­зан­ның ас­тын­да от жа­нып, та­мақ­тың иісі бұр­қы­райды келіп.
Мана ғана қимай отырған қойдың етінен жасалған қуырдаққа тойып алып, ұшық шығып кетпесін деп ұртымды кір сабынмен жуып алдым. Ауылда кір сабыннан басқа сабын табу қиын. Енді бір от души ойнап алу керек. Ойынның ешқашан қанбайтынын білмеген соң есің кеткенше ойнайсың. Кеш батып, ай жарығы түскенде ғана үйге келдік. Қасымда кіші нағашым бар. Екеумізде де біртүрлі қимастық сезім. Енді ше? Келсем келесі жазда ғана. Оған әлі бір жыл уақыт бар. Сол ойлар бүкіл көңіл-күйді түсіріп, үйге кіргенде баласының көңілсіз екенін байқаған әкем «Не болды?» деді. «Тағы бір-екі күн қалайықшы» дедім. Сол кезде «Өй, осы өткенде тығылып жылап жүр ең ғой” деп нағашы позор қылды. Тығылып жылап жүрге­німді көріп қойғанына ұялып тұрғанда «Әлі бір аптадай боласыңдар, әке-шешең сені алып кетуге келген жоқ. Сені қайтсін? Онсыз да ығырын шығарған соң демалыс болса біздің ауылға көтеніңнен бір теуіп жүрген жоқ па? Папаңмен қора саламыз, әлі бір жұмадай боласыңдар, уайымдама», – деп нағашы бір ренжітіп, бір қуантып алды. Көз жасы дайын тұратын, қит етсе ренжіп қалатын мен бұл жолы қуаныштан «Әке-шешең сені қайтсін?» дегенге аса мән бермедім. Түнде папа-маманың ортасына жатып, «әтдущи» бір «зарядкімді» толтырдым да ертесіне ойынға шығып кеттім. Бір аптаны аз көріп жүрген мен таңғы шай дайын болғанша қызу ойынға кірісіп кеткем.
Дайын болған кезде түгел жиналып, дастарқан басында ыстық шай іштік. Қонақ келген соң дастарқан жайнап тұр. «Сібежий» қаймақ, майский май, тіпті печенье мен тісіңді сындырардай қатып қалған «Ирис» кәмпит те бар. Бұл жолы жеңгем аямай екі жерден екі варенье де қойған. Біреуі өрік, біреуі шиенікі. Жақсылап тұрып шай ішіп, енді ойынға кетейін деп жатқанда әкем «Алысқа кетпе, қазір нағашы ата мен әжеге барамыз» деді. Менен гөрі бұл сөзге кіші нағашым көп қуанған сияқты. Бір жоспары барын біліп, артынан ере шықтым.
– Қазір бейіт басына барғанда ата-әжеге Құран оқып болған соң менің артымнан ер.
– Неге? Қайда барамыз? – дедім мен бойымды қорқыныш билеп. Қорықпай қайтейін. Үлкен “браттардың” бейіт басында періштелер жүреді деген әңгімелерін көп естіген мен үлкендерсіз алысқа баруға сескеніп тұрмын.
– Ой, олар қазір анаған-мынаған Құран оқып, әр жерде бір жылап-сықтап отырады. Ол кемпір-шалдарды бәрібір танымаймыз. Менімен жүр, қызық болады, – деді нағашым. Сөзіне сенгендей болдым да мақұл­дадым.
Ниваға тиеліп алып, ауылға жақын қыр басындағы бейітке қарай жол тарттық. Жақындаған сайын бәрінің көңіл-күйі түсіп барады. Келе сала алдыға түсіп, ата мен әженің бейітін іздеуге көштік. Нағашы ішкен кезде осы жаққа келіп жылай­тын, жаны­нан бала­сы бір елі қал­майтын болған соң ол бірінші тауып алды. Бір-екі минуттан кейін нағашылар мен папа-мама да келді. Маманың көзіндегі жасты көріп бала жүрегім ауырып кетті. Қол жайып, Құран оқыған соң топырақ салдық. Мама орамалға тиын салып орап, бейіт басына байлап жатыр (Неге екенін білмеймін, әйтеуір, біздің жақта бейіт басына тиын салынған орамал байлап кетеді).
Көп уақыт жоғалтпай нағашымның артынан еріп кеттім. «Әр бейітті қара, тиын болса түйінін шешіп, жинап ал. Сосын аттарын қара, біздің рулас болмасын, өзіміздікілерден алуға болмайды», – деп тапсырма жүктеді. Жасы менен кіші болса да әр сөзіне сенетін мен бірден тапсырма орындауға кірістім. Біреуінде 30, біреуінде 70 теңге оралған. Кейде, тіпті, қағаз 200 теңге де кездеседі. Біздікілер әр туысына Құран бағыштап жүргенде біз бейіт басындағы “бизнесімізді” сәтті жүргіздік. Кейін көлікке мініп, ауылға қайттық.
Үйге келе сала екеуміз көліктен түсіп, қораға қарай аяңдадық. Тауық қораның төбесіне шығып алып, тапқан “табысымызды” ортаға қойдық. Бір-екі қағаз ақша, қалғаны тиын. Математикаға шамалы жүйріктігі бар мен бірден санап шықтым. 1000 теңгеден асатын ақша. Бұл ақшамен ауылда бір аптадай күн көруге болады. Содан енді не істейтінімізді сұрадым. «Мага­зинге бара­мыз» дегеніне қуанып, «О-о-о, давай фишка сатып алайық» дедім. Бұл ақшаның жартысына фишка алсаң, сенен бай адам болмайын деп тұр. «Қуасың ба? Бұл ақшаға тек нан мен су, тамақ алуға болады. Арақ, темекі, ойыншыққа құртуға болмайды», – деген соң қуанышым су сепкендей басылды. Бір жағынан сөзіне сенбей де тұрмын. Бірақ сенуге тура келеді. Өйткені нағашым ауыл молдасынан хат танымаса да, молданың ауласынан алма ұрлап жүрген бала.
Қысқасы сөзіне сеніп, дүкенге бардық. Сан түрлі заттан санамыз жұмысын тоқтатып, әр тәттіге бір жабыса бердік. Наннан жасалады ғой деп қытырлақ алып, балмұздаққа тоясың, демек тамақ болады деп, су сияқты сұйық деп сок сатып алдық. Ауланың артындағы ескі комбайнға отырып алып, әр нәрсені аузымызға тыққыштап отырмыз. Қарын тойған соң ойынның қызығы басталды. Солай-солай бейіт басындағы “бизнестен” тапқан ақшамен 3-4 күн магазиннің табалдырығын тоздырып, ақшаны оңды-солды жұмсадық. Ақша таусылған кезде біздің де қайтатын уақыт келді…
Кейін ауылға жол түсіп, бауырыммен жолыққанда осы оқиға есіме түсті. «Осы біздің сол ісіміз дұрыс болды ма? Жалпы ол ақшаны алуға бола ма өзі», – деп сұра­дым. «Ештеңе етпейді, бәрібір біреу алады. Алуға болмайтын күннің өзінде ол кезде 9-10 жасар баламыз. Ал 13-ке дейін күнә есептелмейді», – деді. Ал сенбей көр. Сүре білмесе де бата білетін, бірдеңе болса біз сияқты бейпіл емес, “пісміллә” дейтін таза ауылдың баласы. Сондықтан сендік. Бірақ сон­да­ғы болмашы тәттіге бо­ла бейіт басынан ақша жинағаны­мызды ойлап, иманымыз әлсіз болғанын түсіндік. Қате болса, Құдай өзі кешірсін!..

Аслан НҰРАЗҒАЛИЕВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!