Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Жалағаш аудандық сотының төрағасы лауазымына Абдукаликов Олжас Исаұлы тағайындалды.

Жаңа тағайындалған сот төрағасын аудан активіне аудан әкімі Ардақ Ибраимов таныстырды.

«Олжас Исаұлы сот жүйесінде мол тәжірибе жинақтап, әр жылдары жауапты қызметтерді абыроймен атқарды. Мемлекет басшысының сот төрелігінің әділдігін, ашықтығын және заңдылығын қамтамасыз етуге бағытталған тапсырмаларын сапалы жүзеге асырып, ауданымызда заң үстемдігін нығайту жолында нәтижелі еңбек етеді деп сенеміз. Жауапты қызметіңізге сәттілік тілеймін», – деді А.Ибраимов.

Жиында Қызылорда облыстық сотының судьясы Ермек Тұрбаев тағайындалған жаңа сот төрағасының еңбек жолы мен кәсіби тәжірибесіне тоқталды.

Абдукаликов Олжас Исаұлы 1980 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Жоғары білімді. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін ауыл шаруашылығы өнімдерін стандарттау және сертификаттау мамандығы бойынша, сондай-ақ Қазақ гуманитарлық заң университетін құқықтану мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын сот жүйесінде жалғастырып, 2009 жылдан бері түрлі жауапты қызметтерді атқарды. 2015-2025 жылдары Қызылорда қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының судьясы болса, 2025 жылдан осы уақытқа дейін Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы қызметін атқарып келді.

Жиын соңында аудан активі жаңа сот төрағасына алдағы қызметіне сәттілік тілеп, ауданның құқықтық жүйесін дамыту жолындағы жұмысына жоғары сенім білдірді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!