SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы халықаралық әуежайындағы терминалды су басу оқиғасынан кейін әуежай әкімшілігі жауапкершілікке тартылды. Қатты нөсер кезінде шатырдан су кетіп, жолаушылар аймағын су басқан еді.

Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, 3 мамыр күні Алматыда жауған нөсер салдарынан халықаралық терминалдың шатыры бірнеше жерден тесіліп, су ғимарат ішіне аққан. Әлеуметтік желіде тараған видеоларда төбедегі судың тексеру және паспорт бақылауы аймақтарына дейін жеткені көрінеді.

Оқиғадан кейін Көлік министрлігі мен полиция өкілдері әуежай әкімшілігімен шұғыл жиын өткізген. Тексеру қорытындысы бойынша әуежай Қазақстанның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар техникалық мәселелерге жауапты аға вице-президент Мехмет Гюзельге тәртіптік жаза қолданылған. Әуежай басшылығы жолаушылардан кешірім сұрап, анықталған кемшіліктерді жою жұмыстары күшейтілгенін хабарлады.

Комитет мәліметінше, су басуға себеп болған ақауларды толық жоюға шамамен алты ай уақыт кетеді. Қазір қажетті жөндеу жұмыстары жедел режимде жүргізіліп жатыр.

Министрлік азаматтық авиация нысандарындағы мұндай олқылықтарға қатаң бақылау жасалатынын мәлімдеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!