SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркістан облысының Жетісай ауданындағы тойда айтылған даулы мәлімдемелерден кейін полиция қылмыстық іс қозғады. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 66 жастағы өңір тұрғынының жария сөздерінде діни және әлеуметтік араздықты қоздыру белгілері бар.
ІІМ әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында Жетісайдағы тойда сөйлеген ер адамның видеосы анықталғанын хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, бейнежазбада 66 жастағы Түркістан облысының тұрғыны көпшілік алдында діни және әлеуметтік араздықты қоздыру белгілері бар пікірлер айтқан.
Осыған байланысты полиция қылмыстық іс қозғаған.
Министрлік Қазақстан Конституциясы әр азаматтың жынысына, шыққан тегіне, әлеуметтік жағдайына, дінге көзқарасына және өзге де мән-жайларға қарамастан құқықтары мен бостандықтарының теңдігіне кепілдік беретінін еске салды.
ІІМ мәлімдеуінше, адамның ар-намысын қорлауға, діни, әлеуметтік немесе өзге де белгілер бойынша кемсітуге бағытталған кез келген жария үндеулер, сондай-ақ қоғамдық келісім мен бірлікке қауіп төндіретін әрекеттерге жол берілмейді.
Сондай-ақ министрлік сөз бостандығы заң алдындағы жауапкершіліктен босатпайтынын атап өтті.
«Заң талаптарын бұзу белгілері бар кез келген жария мәлімдемеге құқықтық тұрғыдан принципті баға беріледі», – деп мәлімдеді ІІМ.
Еске салсақ, бұған дейін әлеуметтік желілерде Жетісайдағы тойда қалыңдықтың туысы музыка, өнер адамдары және әйелдер мен ерлердің бірге отыруы туралы пікір айтқан видео кеңінен тараған болатын.
Ол тойларда музыканы алып тастауды, әйелдер мен ерлердің бөлек отыруын ұсынып, өнер адамдарын шариғаттағы «шайтанның жаршылары» деп атаған. Бұл мәлімдемелер қоғамда үлкен пікірталас туғызды.
Кейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да ресми мәлімдеме жасап, ислам адамдарды өзара құрметке, әдептілікке және өзгелерді кемсітпеуге үндейтінін атап өтті.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
