Жаңа өмірдің есігін ашқан әр сәби қуанышпен қатар жауапкершілік әкеледі. Бірақ бұл жауапкершіліктің салмағы көбіне жалғыз ананың мойнында қалады. Қоғам ананы баланың алғашқы ұстазы, отбасының ұйытқысы деп әспеттейді, бірақ оның күнделікті көретін қиындықтарын байқай ма? Біз ана болуды бақыт деп қабылдаймыз, ал сол бақыттың астарында қанша көз жасы, ұйқысыз түн, психологиялық күйзеліс жатқанын ұғына бермейміз. Бала тәрбиесі, әрине, қоғамның келешегін қалыптастыратын маңызды міндет. Алайда сол міндетті арқалаған нәзік жандарға қолдау жеткілікті ме?

БАЛАЛЫ АНАҒА ЕСІК ЖАБЫҚ ПА?

«Балалы отбасыға пәтер жалға берілмейді!» – мұндай хабарламалар сирек емес. Баспана іздеген жас отбасының осы сөзден кейін үміті сөнбек. Себебі жалға берушілердің басым бөлігі баласы бар адамды кіргізгісі келмейді. «Шулайды», «үйді бүлдіреді», «көршілер шағымданады». Ал көп балалы немесе жалғызбасты аналар үшін бұл тіпті ауыр мәселе. Мемлекеттен жалға берілетін әлеуметтік пәтерлер бар, бірақ олардың кезегі жылдап жылжымайтыны тағы бар. Баспанаға қатысты қысым ананың жүйкесін жұқартып, болашаққа деген сенімін өшірмек. Ал баласын құшақтап пәтерден пәтерге көшіп жүрген әйелдің жанайқайын кім естіп жатыр?

Бұл – қоғамда бұрыннан бар мәселе. Қарағандыдан Алматыға қоныс аударған жалғызбасты ана Айнұр Байгелдиева балалы аналардың жанайқайын жеткізді.

– 2 қызым бар. Жолдасыммен жолымыз екіге бөлінгеннен кейін «жаңа өмір» бастау үшін Алматыға келдім. Қарағандыда жүргенде-ақ пәтер іздеп бастадым. Бірінің бағасы қымбат, бірінің егесі нашар. Барған соң көрерміз деп, тәуекелге бел байлап жолға шықтық. Ең қиыны үлкен қалаға жеткен соң басталды, – дейді ол.

Айтуынша, тұрақты пәтер табуға 3 ай жұмсаған.

– Құрбымның үйінде тұрақтадық. Бір кіргеннен 3 ай дегенде әзер пәтер таптық. Қаланың шеті, дегенмен бағасы қолайлы болды. Пәтер іздеп жүргенде түрлі адамдармен сөйлестім. Кейбіреуі жалғызбасты ана дегеннен-ақ қашты. Ал біреуі өте жеке сұрақтар қойды. Әрине, үйіңде кімдер тұратынын білуің керек. Бірақ адамдардың дәл мұндай жаман ойлайтынын білмедім. Маған өте үлкен сабақ болды. Менен басқа қаншама қыз-келіншектер де осылай үй таба алмай жүр. Өте өкінішті. Балалы аналардың жазығы неде?, – деп пікір білдірді Айнұр.

Әдеттегідей «krisha.kz»-ке өтіп, 3 кішкентай баласы бар ана ретінде жалға берушілермен әңгімелестік. Қызылорданың орталығынан 270 000 теңгеге екі бөлмелі үйді алмақ болып, егесіне қоңырау шалдық. Айтуынша, үй жаңа, тек студенттер тұрақтаған. Тұсқағаздары да, жиһаздары да түртілмеген. Егер бір балаңыз болса, келісер едім деп, сымсыз байланыстың ар жағынан «шығарып салды». Біз де қоймаймыз, тағы бір пәтердің иесімен байланыстық. Сұлтан Бейбарыс көшесіндегі пәтерді 90 мың теңгеге саудалап тұрған апай үйдің жағдайын жайып салып, ағынан жарылды. «Келіп көр, ұнаса көшіп кел» деді. Баланың жасы түгілі, нешеу екенін де сұрамады. Ал «Жанрос» деп танылған базар жақтағы үйлердің орташа бағамы 150 мың теңге екен. Тағы да егесіне қоңырау шалдық. Бірден отбасылық жағдайымызды сұрап, бас салды. Жарты жылдан бері үйін өткізе алмай жүр екен. Соған қарағанда ылғи балалы отбасылар хабарласады-ау. Ал оларға үйді жалға бергісі жоқ. Бізге де «сау болыңдар» деп қоя салды.

Ендігі кезек Астанаға келді. Бұлтпен таласып тұратын тұрғын-үй кешендерінің бағасынан басымыз айналып, о бастағы 3 баланы ұмытып кетіппіз. Есіл ауданынан 3 бөлмелі үйді алмақ болдық. Иесі де отбасылы жұпты іздегенін айтып, қуанды. Бірақ әр бүлдірген заттың құнын алдын ала ескертті. Жалға пәтер іздеу процесі осылай аяқталды.

Жуырда әлеуметтік желі қолданушысы Малика Айтжанқызы такси жүргізушілеріне ренішін білдірді. Оның айтуынша, такси жүргізушісі оны баласымен бірге отырғызбаған. «Қашаннан бері темір адамнан артық болған? Бұл жағдай көп қайталанады. Келіншектерден баламен алмайды деп естігенмін. Бірақ сенбейтінмін. Ал бүгін өзім көрдім» деп Instagram парақшасында жазба қалдырды. Жарияланымдағы пікірлерге зер салдық. Бірі баламен жүргенде тек «комфорт» шақыратынмын, себебі басқалары баламен отырғызбайтынын жазған. Келіп тұрса да, баламен алмай кеткен жағдай туралы бөліскендер де бар. Ал Малика Айтжанқызының жазбасына «Yandex GO» сервисінің Қазақстандағы ресми парақшасы былай деп жауап жазыпты: «Заң бойынша 12 жасқа дейін балалар арнайы креслода отыруы керек. Тапсырыс жасағанда «Балалар креслосы» опциясын көрсеттіңіздер ме? Егер таңдасаңыз, жүргізушінің сапардан бас тартқаны жөн емес».

Келесі мәселе – жұмыс. Қоғамда жұмыс істегісі келетін аналарға кедергі көп. Кеше ғана құрбыммен сөйлесіп, көңілім түсті. Ол – Алматыда оқыған, қызыл дипломы бар маман. Кәсіби білімі мен тәжірибесі жеткілікті. Бірақ екі жасар ұлы бар болғаны үшін жұмыс табу оған қиынға соққан екен. Жұмыс берушілермен әңгімелесу кезінде үміткер ретінде біліктілігі мен қабілеті емес, отбасылық жағдайы басты мәселе болғанын айтты. «Балаңызға кім қарайды?», «Күтпеген жағдайда жұмыстан шығып кетпейсіз бе?» деген сұрақтар жиі қойылады екен. Бұл – көп ананың басындағы жағдай.

Аналарға жұмыс табу неге қиын? Жұмыс берушілер жас аналарды еңбек нарығында сенімсіз қызметкер ретінде қабылдайды. Себептердің қатарында жұмысқа тұрақсыздық, яғни, «Бала күтімі үшін жиі сұранады» деген стереотип қалыптасқан. «Баласы ауырып қалса, кез келген уақытта жұмыстан шығып кете салады» деген қорқыныш және «Кішкентай баласы бар ана жұмысты бірінші орынға қоя алмайды» деген қате түсінік тағы бар.

«БАЛАЛЫ БОЛҒАН СЕН ҒАНА ЕМЕС»

Ең қорқыныштысы, осы құрбымнан ашық пікір білдіруін сұрағанымда, тартыншақтады. Бойында ұялу, қысылу деген жоқ құрбым декреттік де- малыста қоғамнан шеттетілгендеймін деп айтып қалды. Міне, әйел аналардың тағы бір мәселесі – өзін төмендетуі.

Көпшілік «Декрет – демалыс» деп ойлайды. Бірақ бұл кезең де көп әйел үшін қиын сынақ. Бала күту, оның ұйқысы мен тамағын реттеу, әр минутын сәбиге арнау ананың өзін толықтай ұмытуына алып келеді. Жас аналар өзін үйдің масылы сезінеді. Бұрынғы жұмысын сағынады, бұрынғы өмірін еске алады, бірақ кері оралғысы келмейді. Себебі енді оның басты жауапкершілігі – баласы. Сол уақта әйелдер өзін тығырыққа тірелгендей сезінеді. Мысалы, жұмысқа қайта шықса, баласынан алыстап кетем бе деп алаңдайды, үйде отырса, өзін қоғамнан шеттетілгендей көреді. Осындай жағдайларды ескере отырып, декреттік кезеңде аналарға қолдау ауадай қажет екенін айтқымыз келеді. Бірақ көбіне айтылатыны тек «Үйде бос отырсың ғой», «Баламен отырған әйелдің өмірі қиын болуы мүмкін емес», «Неге арықтамадың?», «Өзіңе қарамайсың ба?». Бұл сөздер, әрине, нәзік жандарды одан әрі қажыта түседі. Әйел осының бәрін ауыр қабылдап, күйзеліске түсуі қалыпты жағдайға ай- налып кетеді.

Расымен, қоғам аналардан көп дүниені күтеді. Олар әрі тамаша ана, әрі мінсіз жар, әрі табысты адам болуы тиіс. Егер жұмыс істемесе, «үйде отырып қалды» дейді. Егер жұмыс істесе, «баласына қарамайды» деп айыптайды. Егер баласы жыласа, «тәрбиелей алмай жатыр» дейді. Егер өзіне көңіл бөлсе, «тек өз қызығы үшін өмір сүреді» деп сөгіп жатады. Әсіресе, бала күтімімен үйде отырған аналар өзін дәлелдеуге тырысып, қосымша табыс табу үшін бір кәсіп сата бастайды. Бірі үйде отырып тәтті пісіреді, бірі тігін тігеді, бірі онлайн сабақтар өткізеді.

Ойлаңызшы, күн сайын бір әйел ана атанады. Күн сайын бір ана қоғамның сынына, қиындықтарына төтеп беріп, өзін жоғалтпау үшін күреседі. Күн сайын бір ана баласының болашағы үшін басқалардан екі есе артық еңбек етуге мәжбүр.

– Босанғаннан кейін қатты күйзелісте жүрдім. Бірақ «бұл уақытша кезең» деп өзімді алдаумен болдым. Үйге келген адамдар «дені сау бала тудың, енді не керек?» деп таңғалады. Ал мен жылай беретінмін. Бір күні енем «Бәріміз де қиындық көрдік, балалы болған сен ғана емес» деді. Осы сөздерден кейін көмек сұрауға қорқа бастадым, – дейді жас ана Ғалия.

Босанғаннан кейінгі депрессия – бұл әйелдерде босанған соң пайда болатын көңіл-күй бұзылысы мен жалғыздық сезімі. Бұл психикалық күй ана мен балаға кедергі келтіреді, нәтижесінде дұрыс ата-аналық мінез-құлықтың қалыптасуына әсер етеді. Мұның белгілері әртүрлі болуы мүмкін. Ал негізгі көріністеріне себепсіз жылау, күйзеліс, мазасыздық, ашушаңдық, апатия, ұйқының бұзылуы, тәбеттің өзгеруі, тез шаршау, әлсіздік жатады. Бұл белгілер әдетте босанғаннан кейін 4 апта ішінде пайда болады және тұрақты түрде жалғасады.

Айжан Қуанышбекқызы – 27 жаста, екі баланың анасы. Ол екінші баласын босанғаннан кейін қатты күйзелісті бастан өткерген. Оның айтуынша, алғашқы күндері өзіне не болып жатқанын түсінбеген.

– Алғашқы босанудан кейін бұлай болмаған еді. Екінші балам дүниеге келген соң үнемі шаршап жүрдім. Бала жыласа, өзімді кінәлі сезінемін, онымен жеткілікті уақыт өткізе алмай жатқандай көріндім. Түнде ұйықтай алмаймын, ал таңертең ештеңеге зауқым соқпайды. Үнемі бір іштей күйзеліс, көңілсіздік билеп жүрді. Жақындарыма айтсам, «бұл гормон, уақыт өте кетеді» деп жылы жауып қоя берді, – дейді Айжан.

Ол өзін жалғыз сезінгенін, күйеуінің де, туған-туыстарының да оны түсінбегенін айтады. Біраз уақыттан кейін күйзелісі күшейіп, тіпті баласынан алшақтап кеткендей әсерде болған.

– Бір күні айнаға қарадым да, өзімді танымай қалдым. Мен бұрын бұлай емес едім ғой? Қалай өзгеріп кеттім? Осы ойлардан кейін психологқа баруға шешім қабылдадым. Ол менің босанғаннан кейінгі депрессияға түскенімді айтты. Бұл менің кінәм емес екенін, аналарға мұндай жағдай жиі болатынын түсіндірді. Мұндай жағдайға түскен келіншек көп екен. Психологқа келетін әйелдермен араласып, мәселеміз бір болғаннан кейін бір бірімізге қолдау білдіре алдық. Осындай қиын кезде бізге керек тек жылы сөз екенін түсіндім. Жақындарым менің күйіме түсе алса, мені қолдаса мүмкін тез айығып кетер ма едім? – деп аяқтады ол.

Психолог Айгүл Мұқанқызының айтуынша, босанғаннан кейінгі депрессияны әйелдің денсаулығына ғана емес, оның әлеуметтік ортасына байланысты қарастыру қажет.

– Ананың психологиялық күйіне оның жақын ортасы үлкен әсер етеді. Көп жағдайда әйел босанған соң өзін жалғыз сезінеді, өйткені қоғамның көзқарасы бала күтіміне толықтай жауапты екенін оған жүктейді. Жақындарының қолдауы болмаса, бұл сезім күшейе түседі. Сонымен қатар ананың физикалық және эмоционалдық жағдайы да маңызды. Гормоналды өзгерістерден бөлек, ұйқының жетіспеуі, созылмалы шаршау және әлеуметтік оқшаулану депрессияға әкелуі мүмкін. Сондықтан босанғаннан кейінгі кезеңде әйелге тек медициналық емес, психологиялық көмек те қажет, – деп түсіндірді психолог.

Оның айтуынша, депрессия белгілерін ерте байқау және алдын алу үшін отбасы мүшелері ананың эмоциялық жағдайына мұқият болуы тиіс. Егер әйел ұзақ уақыт бойы күйзелісті сезінсе, психотерапевт немесе психолог маманына жүгінген жөн.

Бірі білсе, бірі білмес мәселелердің бір парасы осындай. Аналардың мәселесі күн тәртібіндегі басты тақырып болуы қажет. Себебі, ананың тап болған бүгінгі қиындығы, ертеңгі ұрпаққа әсер етпесіне кім кепіл?..

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!