Қазіргі таңда шетелде білім алу, жұмысқа орналасу, некені тіркеу немесе өзге де ресми мәселелер бойынша құжаттарды пайдалану қажеттілігі жиі кездеседі. Мұндай жағдайларда құжаттардың шетел мемлекеттерінде заңды күшке ие болуы маңызды. Осы орайда апостиль қою рәсімінің маңызы зор.
Апостиль – құжаттың түпнұсқалығын, оған қол қойған тұлғаның өкілеттігін және мөрдің немесе мөртабанның растығын куәландыратын арнайы мөртаңба. Ол 1961 жылғы Гаага конвенциясына қатысушы мемлекеттер арасында құжаттарды жеңілдетілген тәртіппен тануға мүмкіндік береді.
Апостиль ресми құжаттарға қойылады. Олардың қатарына сот актілері, азаматтық хал актілерін тіркеу туралы куәліктер, дипломдар, анықтамалар және нотариат куәландырған құжаттар жатады.
Қазақстан Республикасында апостиль қою рәсімі уәкілетті мемлекеттік органдар арқылы жүзеге асырылады. Әрбір құжат түріне қарай апостиль қоятын мемлекеттік орган айқындалған. Мәселен, сот органдарынан шыққан ресми құжаттарға апостиль қою сот жүйесі арқылы жүргізіледі.
Апостиль қою рәсімі азаматтардың уақытын үнемдеуге және құжаттарды халықаралық деңгейде қолдануды жеңілдетуге мүмкіндік береді. Бұл халықаралық құқықтық ынтымақтастықты дамытудағы маңызды қадамдардың бірі болып табылады.
Құжаттарды рәсімдеу кезінде заң талаптарын сақтау және қажетті құжаттарды толық ұсыну – апостиль алу процесін жеделдетудің басты кепілі.
Р.Рысбаев Қызылорда қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының бас маман-сот отырысының хатшысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
