«Жақсы жандардың жан жылуы дариды, шарапаты тиеді» дейді халық даналығы. Қазақ дәстүрге бай халық. Әрбір салттың астарында жақсылыққа жорамал, білгенге амал, көргендіге ғибрат жатыр. Соның ішінде үлкеннен бата алу мен «асату» дәстүрі – ізеттілік пен ырымның биік белгісі. Бұл – жақсының жолын берсін деген ақ ниеттен туған жоралғы.
«Асату» – тек қазаққа ғана тән, жаны жомарт халықтың болмысын айшықтайтын ерекше үрдіс. Көпті көрген парасатты қариялардың, ел ардақтаған ақсақалдардың қолынан сарқыт жеуді, яғни ет асауды кез келген қазақ баласы зор мәртебе, киелі бата ретінде бағалаған.
Бала кезімде Шәкірат атамыздың әңгімелерін естіп өстім. Бірде үйімізге сыйлы қонақтар келіп, қазан
көтеріліп, мәре-сәре болдық. Ас үстінде атам маған қойдың құлағын асатты. Оның мәнін түсінбеген едім. Қонақтар аттанып, қарбалас басылған соң, атамнан:
– Ата, сіз неге маған қойдың құлағын асаттыңыз? – деп сұрадым.
– Е-е, құлыным. Бұрыңғы әдеп-ғұрып деген өздерінше жақсы болған ғой… Қонақ келсе, ақсақалдар шақырып, шәй береді, мал сояды. Тамақ піскен кезде кейбіреулер сол ақсақалдар отырған үйге жас балаларын алып келеді. «Менің балама тамақтан асат» дейді. Үлкен ақсақалдар балаға ас береді. Қойдың, ешкінің құлағы. Сондағы ниет – құлағың естігіш болсын, жан-жақты, білімді,
бәрінен хабардар құймақұлақ азамат бол, – деген еді ол.
Балалық шақтан ерекше есте қалған осы бір сәт бүгінде сағынышқа айналды. Қазір мұндай дәстүрді сирек кездестіретініміз өкінішті. Атамның «Үлкен тойларда балалар «Атамның қолынан тамақ асаймын» деп кезекке тұратын» деген сөзі салттың маңызын айқындап тұрғандай. Әрине, бұл әдет әлі де жойылған жоқ, бірақ заман ағымымен асату салты сиреп бара жатқаны жасырын емес.
«Асату» дәстүрі жайлы қалам тербеген жазушылар аз емес. Әсіресе, заңғар жазушы Сәбит Мұқановтың болмысы осы дәстүрмен астасып жатыр. Ол кісінің қолынан дәм татуды үлкен-кіші мәртебе санаған. Белгілі ақын Сырбай Мәуленов Сәбит ағамыздың қолынан ет асаған сәтін мақтанышпен еске алып:
«Келіп менің бата алып, көп жасағым,
Өз қолынан Сәбеңнің ет асадым», –
деп жырлаған екен.
Халқымыздың біртуар перзенті
Бауыржан Момышұлы да бұл дәстүрге ерекше мән берген. Оның келіні Зейнеп Ахметова «Күретамыр» кітабында атамыздың Сәбит Мұқановты қалай еске алғанын жазады. «Ата марқұм дастарқанға ет қойылғанда ылғи Сәбит Мұқановты есіне алып, «Сәбең жарықтық ет асатудың
шебері еді. Ол кісінің қолынан дәм татуға құмарлар көп болатын. Сәбеңнің берекелі де аялы алақанынан сарқыт тигендер мақтанып айтып жүретін. Сырбай Мәуленовтің Сәбеңнің қолынан
ет асағаны жайлы жазған өлеңі де бар», – деп ыстық ықыласпен жазған.
Иә, «асату» – мейірім мен ізеттің, бата мен тілектің жалғаушысы. Десе де мұның күннен күнге ұмыт болатыны көңілге қаяудай батады…
М.МАЙБЕКҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!