Бүгін шаһар басшысы Асылбек Шаменов қала тұрғындарымен кездесті. А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде өткен жиынға келген халыққа өткен жылы атқарылған жұмыстар арнайы әзірленген бейнеролик арқылы таныстырылды.

Былтыр қала көлемінде ауқымды шаруалар атқарылды. Барлық салада ілгерілеушілік бар, оны экономикалық көрсеткіштердің өсімінен байқауға болады. Әлеуметтің әлеуеті де айтарлықтай артып, тұрмыс-тіршілік түзеле бастады.

Дегенмен, қала халқын пәтер кезегі мен жолаушылар тасымалы, газ тарту және шет аймақтағы жолдардың жай-күйі алаңдатады. Сұрақ-жауап форматындағы кездесуде әңгіме барысы осы бағытта өрбіді.

Биыл қалада жол құрылысы қарқын алды. Ең қажетті аумақтардағы жолдарды жөндеу жұмыстары басталып, тұрғындар сұранысына орай кей көшелерге жоба-сметалық құжаттар әзірленді. Бұл құжаттар мемлекеттік сараптамаға ұсынылды. Оң қорытындысы алынса, бюджеттік өтінім сұралады. Қаражаты мақұлданса, тағы бірнеше көше жаңарады.

Облыс әкімінің тікелей қолдауымен үлкен сыйымдылықтағы жаңа 150 дана автобус алынатын болды. Бұл маршрутты автобустардың жүру ара қашықтығын, жиілігін және жүру кестесін реттеуге септігін тигізеді. Осылайша қоғамдық көлік қатынасы жақсарады.

Қала халқын көгілдір отынмен қамтуда маңызды шаралар қолға алынды. Газға қосылмаған кейбір ауылдарға да қажетті құжаттар рәсімделіп, тиісті министрлікке ұсынылды. Бұл мәселе де жақын жуықта оң шешімін табады деп күтілуде.

Облыс орталығы қарқынды құрылыс алаңына айналғаны белгілі. Жүздеген көпқабатты тұрғын үй салынды. Олар пайдалануға беріліп, мыңдаған отбасы баспана бақытына кенелді. Әлі де жоспарланған құрылыс жұмыстары жалғасуда. Пәтер кезегінде тұрғандардың жайлы пәтерге қол жеткізер күні алыс емес.

Бұл кездесуде өзекті мәселелер бүкпесіз ашық айтылды. Барлық ұсыныс хаттамаға енгізілді.
Жүздесуден кейін шаһар басшысы тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға келгендердің талап-тілектері тыңдалып, оларға нақты жауаптар берілді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!