Шиелі аудандық соты Қызылорда облысында заңсыз онлайн-құмар ойын ұйымдастыру және банктік шоттарды заңсыз пайдалану деректері бойынша екі қылмыстық істі қарады. Сот материалдарына сәйкес, сотталушы «А» 2025 жылдың қыркүйек–қазан айлары аралығында әлеуметтік желі арқылы «Карта-Лото» заңсыз құмар ойынын ұйымдастырып, ақша аударымдарын қабылдау үшін үшінші тұлғаның «Kaspi» қосымшасын заңсыз пайдаланған. Ал «Г» есімді азаматша аталған заңсыз әрекетке қатыса отырып, өз анасының атына тіркелген банк шотын үшінші тұлғаға пайдалануға беріп, материалдық сыйақы алған. Сот отырыстарында екі сотталушы да өз кінәларын толық мойындап, жасаған әрекеттеріне өкінетіндерін білдірді. Олардың кәмелетке толмаған балаларының болуы және шын ниетпен өкінуі жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескерілді.

Сот үкімімен «А» ҚР ҚК 232-1-бабы 7-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Бұрынғы үкіммен біріктіріліп, түпкілікті 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді. Жаза өтеу кәмелетке толмаған балаларының болуына байланысты кейінге қалдырылды, сондай ақ пробациялық бақылау белгіленді. Ал күдікті «Г» ҚР ҚК 232-1-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 25 АЕК (98 300 теңге) көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар жәбірленушілерге өтемақы қорына 5 АЕК (19 660 теңге) мөлшерінде төлем өндірілді. Үкім заңды күшіне енді.

Қызылорда облысы бойынша
экономикалық тергеп-тексеру департаменті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!