Сот беделі – сот шешімдерінің әділдігіне, судьялардың кәсіби біліктілігіне, олардың ұстанымы мен жеке басының ерекше адамгершілік қасиеттеріне тікелей байланысты.  Халық  даналығы «Би төрттің құлы: адал еңбек, таза ниет, терең ой, әділдік» дейді. «Мінсіз судья» жобасы аясында тәуелсіз сот төрелігінің халықаралық стандарттары негізінде қазақстандық қоғамның сұранысына сай, жоғары кәсіби сот корпусын қалыптастыру мақсат етіп қойылды.

Мемлекет мүддесі үшін қызмет атқаратын судьялар Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы Заңында қойылар талаптармен қатар, Судьялық әдеп кодексінде көзделген міндеттерді және күнделікті өмірде, қызметтен тыс кезінде моральдық, этикалық әдеп нормаларын сақтауы тиіс.     

Судьялардың Әдеп кодексі әрбір судьяның жұмыс үстелінде тұратын ерекше маңызға ие құжат. Қазылар аталмыш заңның талаптарын мүлтіксіз сақтауға міндетті. Бір жағынан бұл судьяның мәртебесін көрсетеді. Осы жерде алаш арысы Әлихан Бөкейхановтың «Биді кім болса содан қорықпайтындай, біреудің бетінің қызылына немесе біреудің жақсы жағасына қарамайтындай жағдайға қою шарт» деген сөз еске оралады.

Судьялардың біліктілігіне қойылатын талаптарды күшейтуі заман талабынан туындап отырған мәселе. Себебі Ата Заңымызбен сот төрелігін Қазақстан Республикасының атынан соттардың жүзеге асыратыны, сот төрелiгiн іске асыру өкiлеттiктер берiлген, өз мiндеттерiн тұрақты негiзде орындайтын және сот билiгiн жүргiзушi болып табылатын мемлекеттің лауазымды адамы судьялармен жүргізілетіні белгіленген.

Ал өз салаңның білікті маманы болуы үшін сол салада төменгі сатыдағы қызметтерді атқарудан бастап, сатылы түрде тәжірибе жинақтау арқылы біліміңді, кәсіби дағдыңды ұштайтының белгілі. Аудандық соттың судьясы болып отыз жасқа толған, жоғары заң бiлiмi, жоғары моральдық-адамгершілік қасиеттері, мiнсiз беделі және заңгерлік кәсібі бойынша кемiнде бес жыл жұмыс өтілі бар, біліктілік емтиханын тапсырған, негізгі жұмыс орнынан қол үзіп, сотта ақы төленетін тағылымдамадан ойдағыдай өткен және тағылымдама қорытындысы бойынша соттың жалпы отырысының оң қорытындысын алған  және тағы да басқа сынақтардан мүдірмей өткен таңдаулы маман судьялар корпусына қабылданады. Оның кәсіби дағдысы мен іскерлігін анықтау мақсатында тестілеуден өткізу, бір жылдық тағылымдамадан өту, сынақ мерзімінен өтуі үміткердің сот саласында жүріп жинаған тәжірибесінің тиімділігін, оның білімінің ұшталғанын анықтауға арналған тиімді шара.

Демек, біліксіз, тәжірибесі жоқ, тура шешім шығара алмайтын адам судьялыққа келе алмайды. Өйткені, сапалы сот төрелігін жүзеге асыру – осынау ауыр еңбекті таңдаған адамның кәсіби деңгейіне және адами қасиеттеріне тікелей байланысты болып отыр.

М.Сәрсенов,

 Қызылорда облысының мамандандырылған

ауданаралық экономикалық сотының судьясы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!