Қызылорда ОПД ЕҚҚІҚБ тарапынан жарияланған сайысына
Отбасы – бірлік пен ынтымақтың, ізгілік пен жылудың, махаббат пен тазалықтың Отаны. Отбасының негізгі ұйытқысы, алтын қазығы – әке мен ана. Қазығы мықты болса, ол отбасының түтіні түзу шығып, түптің түбінде мәуелі бәйтеректей өсіп-өніп, тамыры тереңге кетіп, жапырағын жаяры анық.
«Ел болам десең, бесігіңді түзе!» деген нақыл сөз отбасы тәрбиесінің маңызын нақтылап тұрғандай. Әке – шешенің балаларына деген риясыз махаббатына тең келер нәрсе бар ма мына өмірде?! Алайда, осындай шексіз берілген ата-ана «махаббатының» өз баласын жолдан тайдырып, жардан құлатып жатқандығын көзіміз көріп, құлағымыз есітіп жатады. Осындай көріністер бары, әрине өкінішті.
Ата-ана өзім көрген қиындықты балам көрмесін, өзім кимегенді балам кисін, өзім жемегенді балам жесін деп, күндіз-түні еңбектеніп, арқа еті арша, борбай еті борша боп, табан ет, маңдай терімен тапқанын баласына арнайды. Жақсыны көрсін, оңы мен солын танысын, қатарынан кем болмасын, оқып адам болсын, мамандық игерсін деп бетінен қақпай қалаға аттандырады. Ата-ана уысынан шыққан жасөспірім «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқтығына» масаттанып, өзін еркіндікте сезініп, талай нәрселерге ұрынып жатқанын есітіп те, көріп те жүрміз.
Қоғамды жасайтын адам қандай болмақ керек?
Дені сау, әлеуеті жоғары адам ғана өзіне де, өзгеге де жайлы қоғам жасай алады. Салауатты өмір салтын құру дегеніміз – әлеуметтік өмірді жақсарту, бос уақытын тиімді пайдалану, тәні мен жаны сау адамдардың ынтымағын құру. Алайда, жасыратын жоқ, кейбір жастарымыз зиянды әдеттерге бой ұрып, нашақорлықтың соңынан кетіп барады. Ол жол – айқын жол емес, қалың тұманды жол. Арақ аздырады, есірткі есіртеді, онан басқа пайдасы жоқ. Жасөспірімдер арасында нашақорлықтың кеңінен таралуы қоғамда алаңдаушылық туғызып отыр. Күн сайын осындай ессіздіктерге өрімдей жастарымыз бой ұруда. Ал оның соңы неге апарарын сол жастарымыз білер ме екен? Оның соңы – адам өлімі мен зорлық – зомбылыққа апарары ақиқат.
Екі – үш жылдықта бір газеттен (ұмытпасам «Жас Алаш» не «Ақмешіт жастары» болуы керек) мақала оқыдым. Болған оқиға ізімен жазылған екен. Сол мақаланың әсер еткені сондай, (оқып отырып ағыл- тегіл боп көз жасыма ие бола алмадым) әлі күнге есімнен кетпейді.
… Бір ананың жалғыз ұлы болыпты. Жолдасы жол апатынан қайтыс болыпты. Ана жалғыз ұлын қатарынан кем қылмай, жоқшылық көрсетпей өсірген. Баласы да ақылды, тәрбиелі болып ержетіпті. Сабағын жақсы оқып, мектепті үздік бітірген. Үлкен қалаға ЖОО-на білімімен түскен жігіттің талабын қолдап, анасы да, ұстаздары да зор үмітпен шығарып салады. Жігіт өзінің білімділігі мен тәрбиелігін көрсетіп, өзі оқыған оқу орнында да жақсы жағынан көрінеді. Алғашқы жылдары тек сабағын оқып, ғылым мен білімнің сырына қаныққан жігіт ұстаздары мен курстастарының арасында үлкен беделге ие болады. Бос уақытында анасына салмақ салмайын деп, достарымен жұмыс жасап, аз-маз ақша да тауып жүреді.
… Сөйтіп, 4 курсқа да жетеді. Әне – міне дипломды маман атанатын күн де алыс емес. Бір күні группалас бір жігіттің туған күнін тойламақ болып, түнгі клубқа жиналады. Сол басқосуда «достары» есірткінің дәмін татқызады. Бара-бара онсыз өмір сүре алмайтын халге жетеді. Жалғыз анасы, оқуы жайына қалады. Жанындағы жанашыр достарынан да алыстай бастайды…
Оқиға болашағынан үміт күткен жалғызының тағдыры қайғымен аяқталған ананың зары, қайғыны көтере алмаған ананың өлімі – бір шаңырақтың ортасына түсуімен аяқталады. Бұл мақаланың да айтары – жас ұрпақты ғасыр дерті – есірткіге бой алдырмаса екен, аулақ болса екен, болмаған жағдайда соңы немен аяқталатынын түсінсе екен деген ойдан туғаны белгілі.
Есірткі пайдалану қызығушылықтан басталары анық. Себебі, біздің жастарымыз қызыққыш. Ненің жақсы, ненің жаман екенін айыра алмай, бармақ тістеп жатады.
Біз – ата-аналар, балаларымыздың болашағына алаңдаймыз. Қай ата-ана өз баласын жаман болсын дейді. Бүгінгі бала – ертең ата-анасын алақанына салып аялайтын, өмірдің мәнін, отбасының қадірін түсінетін жақсы адам болып өссе екен деген үмітпен тәрбиелеп отырған жайымыз бар. Алланың берген екі – үш талы бар. Сол балаларымызға зиянды әдеттерден аулақ болыңдар, ешкімнің алдауына түсіп қалмаңдар, есірткінің соңы жақсылыққа апармайды деп айтып отырамыз. Жақсы ұрпақ – өміріміздің жалғасы. Сол өміріміздің жалғасы, балаларымыз аман болсын! Есірткі деген тажалдан аулақ болып, дені сау, салауатты ұрпақтарымызбен мың жасайық!
Дүзімовтер отбасы
Арал ауданы
Қаратерең ауылы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!