Фото: Halyq Uni

Астана сотында бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановқа қатысты сот процесі жалғасып жатыр. 2024 жылдың 6 мамырындағы сот отырысында сотталушы Бишімбаев соттағы соңғы сөзін айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Бишімбаев соттағы соңғы сөзінде де Салтанат Нүкенованың өліміне өзінің кінәлі екенін, бірақ қасақана кісі өлтіру әрекетіне бармағанын айтты.

Менің ата-анам, туыстарымның ешқандай кінәсі жоқ. Бұған тек мен кінәлімін. (…) Мені ұстаған сәттен бастап тек шындықты айттым. Мүмкіндігім болса да, жауапкершіліктен қашуға тырыспадым. Аса қатыгездікпен жасалған қасақана кісі өлтіру айыбын мені ұстағаннан кейін бірнеше күн өткен соң тақты. Мұны растайтын ешқандай дәлелдің, сараптаманың болмауына қарамастан осындай айып тақты, – деді Бишімбаев.

Бишімбаев тек алқабилер сотына үміт артатынын айтты.

«Өздеріңізден сотқа тартылған экс-министр Бишімбаев болмаса, басқа қарапайым азамат болса, әлеуметтік желіде осынша жалған ақпарат пен қаралау болар ма еді деп сұрасаңыздар. Басқа адам нақты дәлелдің болмауына қарамастан, осындай ауыр қылмысты жасады деп айыпталар ма еді?», – дейді Бишімбаев.

Ол алқабилер сотынан әділ шешім шығаруын сұрап отыр. 

Менің тағдырым мен өмірім енді сіздердің (алқабилердің – ред.) шешімдеріңізге байланысты. (…) Менің кім болғаным, қандай қызмет атқарғаным маңызды емес. Мен де қарапайым адаммын, бейтарап және объективті сотқа лайықпын, – деді Қуандық Бишімбаев соттағы соңғы сөзінде.

Іске төрағалық етіп жатқан судья Айжан Құлбаева 10 мамырға дейін үзіліс жариялады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!