Иә, жуырда болашақ ақ халаттыларға арналған конференция өтті. Екі күнді қамтыған ауқымды іс-шара Өнер орталығында басталды.
Алқалы жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов сөз сөйлеп, мұндай ауқымды басқосудың Сыр өңірінде өтуі аймақ медицинасының дамуына тың серпін беретінін атап өтті.
Іс-шарада Денсаулық сақтау министрлігі Ғылым және адам ресурстарын дамыту департаментінің «Мейіргер ісін дамыту» басқармасының жетекшісі Гүлмира Алмағамбетова, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай, UNFPA Kazakhstan атынан Y-PEER желісінің өңірлік үйлестірушісі Надежда Хе және білім беру қорының президенті, «Global Sapa» халықаралық академиясының негізін қалаушы Тілектес Шинчужинова сөз алып, болашақ ақ халаттылардың әлеуетіне сенім білдірді. Ресми бөлімнен кейін іс-шара концерттік бағдарламаға ұласып, одан әрі Қызылорда медициналық жоғары колледжінің қабырғасында жалғасты.
Теориядан – тәжірибеге
Конференцияның екінші күні студенттерге арналған ауқымды шеберлік сағатымен есте қалды. Болашақ фельдшерлер мен мейіргерлер кәсіби дағдыларын іс жүзінде көрсетіп, көпшілікті тәнті етті.
Жас мамандар жедел коронарлық синдром кезінде шұғыл әрекет етуден бастап, жол апаты жағдайында алғашқы жәрдем көрсетуге, ауруханадан тыс жағдайда босандырып алуға дейінгі күрделі жағдаяттарды көрсетті. Анафилактикалық шокқа қарсы алгоритм, қозғалысы шектеулі науқастарға кешенді күтім жасау, стоматолог дәрігердің ассистенті ретінде жұмыс істеу, зертханалық талдаулардың жаңа әдістері, емдік шөптерден сусын әзірлеу технологиясы да тәжірибе жүзінде көрсетілді.
Сонымен қатар ересектер мен балаларға арналған жүрек-өкпе реанимациясының базалық тәсілдері, шұғыл педиатрияның қыр-сыры және медицинаға жасанды интеллект шешімдерін енгізу бойынша инновациялық жобалар көрерменнің қызығушылығын тудырды. Студенттердің әрбір қимылы мен шешіміне қарап, олардың білікті жас маман болып қалыптасып келе жатқанын аңғардық.

Екі күндік еңбектің түйіні
Екі күнге созылған халықаралық конференцияның соңында ғылыми-зерттеу бағытындағы жобалар қорғалды. Қатысушылар көшбасшылық, еріктілік, сапалы медициналық көмектің негізі ретінде студенттік ғылым мен практиканы ұштастыру, цифрлық трансформация және жасанды интеллект тақырыптары бойынша тың идеяларын ортаға салды.
Қорытынды кешке облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Алмас Әбілпатта мен «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай арнайы қатысып, үздік жоба авторларына алғыс хат пен сертификаттар табыстады. Жиын соңында ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мақсатында меморандумға қол қойды.
Мерейім ӘЛІБАТЫР
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!