Қазіргі қоғам күн сайын дамып, жаңарып келеді. Қазақстан қалаларында биік ғимараттар салынып, көшелер сәнделіп, шет елдермен бәсекелес болуға тырысуда. Сыртқы көрініс әдемі болғанымен, қоғам ішіндегі адамгершілік пен рухани құндылықтардың әлсіреп бара жатқаны алаңдатады. Әсіресе, әйел тағдыры мен қыз баланың қауіпсіздігі – бүгінгі қоғамның ең өзекті мәселелерінің бірі.
Өткен жылдың алғашқы бес айында Қазақстанда 46 мыңнан астам адам тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша жауапкершілікке тартылды. Бұл – жай ғана статистика емес, бұл – қаншама тағдыр, қаншама көз жасы мен үнсіз жанайқай. Өкінішке қарай, мұндай жағдайлардың құрбаны болып жатқан адамдардың арасында жасөспірім қыздардың саны артып келеді.
Бүгінде әлеуметтік желілерде әлімжеттік көрсету, қорлау, мазақ ету секілді әрекеттер көбейіп кетті. Кейбір адамдар бұны «хайп» деп қабылдайды. Алайда артында адам тағдыры тұрғанын ескере бермейді. Осындай қысым мен қорлыққа шыдай алмаған қаншама жасөспірім қыз өз өмірімен қоштасады. Мұндай жайттар тәуелсіз Қазақстан деген атымызға кір келтіретіні анық. Бұл – тек бір отбасының емес, жалпы қоғамның қасіреті.
Кейбір ауыл-аймақтарда мұндай жағдайлар жылы жабылып, әділеттілікке қол жеткізе алмай жүрген жәбірленушілер де бар. Кәмелет жасына толмай жатып, амалсыз бөтен әулеттің табалдырығын аттаған қыздардың тағдыры – қоғамның жанды жарасы. Ал қылмыс жасағандардың кейбірі оңай жазамен құтылып кетеді. Қылмыскерлердің жазасына көңілдері толмайтын жәбірленушілер де көптеп кездеседі. Олардың қайтадан дәл сондай қылмыс жасамайтынына ешкім кепілдік бере алмайды.
Әйел – қоғамның айнасы. Қыз баланың қауіпсіздігі мен еркіндігі қорғалмаған қоғамды «дамыған мемлекет» деп айту өте қиын. Еркіндік – ойына келгенді жасау емес, адами құндылықты сақтау. Ал жауапкершілік – тек әйелге емес, қоғамға ортақ міндет.
Егер біз тек қаланың сыртқы келбетіне мән беріп, адам тағдырына немқұрайлы қарай берсек, болашақта әйел затының қоғамдағы құны төмендеп кетуі мүмкін. Сондықтан қоғам болып қыз баланың тәрбиесіне, қауіпсіздігіне және құқығына ерекше назар аударуымыз қажет. Себебі әйелді құрметтеген қоғам ғана шын мәнінде өркениетті қоғам бола алады.
Бағым ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
