Фото: Shutterstock

Буллинг – қорқыту, келемеждеу, біреуге агрессивті қарым-қатынас. ЮНИСЕФ жариялаған деректерде мектеп жасындағы 150 мың оқушы сыныптастарынан зәбір көреді екен. Ал ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы өткізген зерттеулерге сүйенсек, Қазақстанда 11-15 жастағы жасөспірімдердің 17%-ы мектепте айына бір немесе бірнеше рет буллинг құрбаны болған.

Жалпы буллингтің 4 түрі бар. Физикалық буллинг – ұрып-соғу, құлату, итеру, зәбірленушінің физикалық жарақаттар алуы. Осындай жағдайда балалар көбіне «жай байқамай соғып алдым» деп ақталуы мүмкін.

Әлеуметтік буллинг – басқалардың зәбірленушіні өз орталарына қоспауы, алшақтатуы. Мәселен, оны әдейі естімейтіндей күй кешіп, елемеу, барлығы бірге отырысқа жиналғанда, дәл сол бір адамды шақырмау.

Кибербуллинг – бұл әлеуметтік желі, мессенджерлер арқылы жаман пікір жазып, келемеждеу немесе қолданушыны қорқыту.

Вебральді буллинг – мазақ ету, ар-намысқа тиетін ауыр сөздер айту.

Себеп пен салдар

Барлық жәбірлеушілерге тән қасиет – қатыгездік. Ол балалық шақтан сіңіріледі. Буллингке қатты әсер ететін мәселе: отбасындағы жағдай. Балалар үйдегі болып жатқан ата-ананың ісін қайталауы мүмкін. Сондықтан ата-ана үйде балаға жақсы үлгі көрсетуі керек.

Бала қиын кездерді бастан өткізгенде, ішінде бір елеулі эмоциялар бой көтерсе, өз-өзіне сенімсіз болса, комплекстері болса, сол сенімсіздік арқылы басқаларға зиян тигізеді.

Мұның себебі ретінде үйден алатын тәрбиені де жатқызуға болады. Себебі, ата-аналар бала тәрбиесіне дұрыс ден қоймайды. Кішкентай бұзақылықтың өзіне «өскен соң бұл әдетін қояды» деп, бала тәрбиесіне салғырттық танытып жүре береді. Бірақ бұл жерде маңыздысы – балаға ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін түсіндіру.

«Пәленшенің қызы мынадай, ал сенің түрің мынау» деп баланы өзгелермен салыстыру оларға қатты әсер етеді. Баланы басқа біреумен салыстыру, теңеу, баланың дәрежесін түсіру – іштей агрессия тудыруы әбден мүмкін.

Қандай қатері бар?

Біріншіден, бала өз-өзіне деген сенімдікті жоғалтады. Өмір бойы «олар маған келемеждеп, ауыр сөздер айтты, мен шынында сондаймын ба?» деген албырт ойлар әрдайым жадынан кетпейтін болады.

Екіншіден, физикалық буллинг денсаулыққа үлкен зардап әкеледі. Сондай-ақ болашақта бұл тыртықтар мәңгі бала психикасында өз орнын қалдырады.

Үшіншіден, буллинг кесірінен өз-өзіне қол жұмсайтын жасөспірімдер көп. Балалар осы себепке бола өмірінен бас тарта алса, олардың «жай ойынының» артында қандай қатыгездік жатыр?

Алдын алуға бола ма?

Ең алдымен, «неге оны жауап ретінде ұрмадың?» деген тұжырымнан алшақ ұстанған дұрыс. Бала сізден сын емес, көмек күтеді. Сондықтан оған әрдайым жылы сөз айтып, қолдау көрсетіңіз. Бала ақ парақ секілді, әр сөз жүрегіне барады. Кейін де баламен ашық сөйлесуге тырысыңыздар. Сол кезде ол сізден көмек сұрауға қорықпайтын болады. Әрбір қиындық туындаған сәтте алғаш сізге жүгінеді. Ал егер жағдай асқынып кетсе, психологқа апарған жөн.

Кез келген бала физикалық, интеллектуалдық қабілеттеріне немесе материалдық жағдайына қарамастан буллинг құрбаны бола алады. Оның алдын алу тек біздің қолымызда!

Мерей ШӘКРАТ
№14 мектеп-лицейінің 11 «А» сынып оқушысы
Арал қаласы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!