Фото: primeminister.kz

Үкіметтің бұрынғы басшысы, қазіргі Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов өңірлерде өте маңызды және қажетті объектілер мақсатына сай пайдаланылмай тұрғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мысалы, Семейде өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы салдарынан, дәлірек айтқанда жанар-жағармай станциясына жақын орналасқандықтан 2023 жылы 1,7 млрд теңгеге салынған «Орталық» қазандығы пайдаланылмай тұр.

«Жезқазған қаласында құрылысты тоқтату салдарынан 2023 жылы шамамен 600 млн теңгеге салынған тұрғын үйге әлі күнге дейін ешкім қоныстанбаған. Мұны тек салғырттық деп айта аламыз», – дейді Смайылов мәжілістің жалпы отырысында.

Сондай-ақ Абай, Жетісу, Ұлытау және Алматы облыстарында жүргізілген аудит нәтижесінде бюджеттік инвестициялық жобалардың 27%  бойынша құрылыстың нормативтік мерзімі сақталмағаны анықталды. Кейбір жобалардың іске асырылуы 10 жылға дейін созылып келген. Уақытында аяқталмаған жобалардың 60%-дан аса қымбаттағаны анықталып отыр.

«Ал қалған маңызды инженерлік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асырудағы өңірлердің сылбырлығы неге алып келетінін әлі анықтау керек. Осы төрт өңірде орындалмаған жұмыс көлемі үшін шамамен 3,4 млрд теңгеге төлем жасалған», – дейді Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!