Дебат – нақты құрылымдалған және арнайы ұйымдастырылған қоғамдық пікір алмасу, екі жақтың өзекті мәселелер бойынша пікірталасы. Қоғамдық пікірталастың бұл түрі дебатқа қатысушылардың бір-бірін емес, үшінші тарапты өздерінің дұрыс екеніне сендіруін қамтамасыз етуге бағытталған. Пікірталасқа қатысушылар қолданатын вербалды және вербалды емес құралдар аудитория қойған мәселе бойынша белгілі бір пікір қалыптастыруға арналған.
Ең маңыздысы – дебат адамды тыңдай білуге үйретеді. Қазіргі қоғамда көп адам сөйлей біледі, бірақ тыңдай алмайды. Ал пікірталаста сен қарсы пікірді құрметтеп, оған мәдениетті түрде жауап беруді үйренесің. Бұл – кез келген қоғамға қажет қасиет.
Бүгінде дебат көптеген жасқа жаңа орта, жаңа мүмкіндік сыйлады. Біреуге сенімділік берсе, біреуге достар сыйлады. Ал кейбіреулер үшін ол өмірлік жолын таңдауға себеп болды.
«Қызылорда қаласында дебат дамыған ба?» деген сауалға жауап берейікші. Қызылордада дебат кейінгі жылдары қарқынды дамып келе жатыр. Әсіресе мектеп пен студенттер арасында дебатқа қызығушылық көбейді. Қалада түрлі турнир, фракциялық ойындар, тәжірибелік раундтар жиі өтеді.
«Ақиқат» сияқты клубтар мен турнирлердің атмосферасы жастарды тартып жатыр. Бұрын дебатқа тек «жақсы сөйлейтіндер» ғана келеді деген түсінік болса, қазір көп адам оны өзін дамыту ортасы ретінде көреді.
Қызылордадағы дебаттың ерекшелігі – атмосферасында. Мұнда адамдар тек ойын ойнамайды, бір-біріне мотивация береді, орта қалыптастырады. Турнирден кейінгі талқылаулар, түнгі дайындықтар, жаңа спикерлердің шығуы – бәрі дебат мәдениетінің өсіп жатқанын көрсетеді. Қазірдің өзінде Қызылордадан республикалық турнирлерде көзге түсіп жүрген спикерлердің қатары артып келеді. Бұл – өңірдегі пікірталас мәдениетінің дамып келе жатқанының белгісі. Сөзімізді айғақтау үшін пікірталас алаңында жүрген жастардан сұхбат алып көрдік.
– Алғашында дебат мен үшін тек сөз жарысы сияқты көрінетін. Бірақ уақыт өте келе оның тек пікірталас емес, адамның өзін қалыптастыратын үлкен мектеп екенін түсіндім. Дебат маған ең алдымен еркін ойлауды үйретті. Кез келген мәселеге бір жақты емес, бірнеше қырынан қарауды, дәлелмен сөйлеуді және өз пікірімді қорғай білуді үйрендім. Сонымен қатар дебат менің өз-өзіме деген сенімділігімді арттырды. Бұрын көпшілік алдында сөйлеуден қысылсам, қазір ойымды анық жеткізуге тырысамын. Әр ойын сайын жаңа тәжірибе жинап, қателіктерден сабақ алуды үйрендім. Дебат маған тек сөйлеу мәдениетін емес, адамдарды тыңдай білуді де үйретті. Себебі нағыз дебат – қарсыласты жеңу ғана емес, оның ойын түсіну. Осы арқылы сабыр сақтауды, эмоцияны басқаруды және мәдениетті түрде пікір білдіруді меңгердім. Тағы бір маңызды тұсы – дебаттың арқасында көптеген талантты, білімді адамдармен таныстым. Бұл орта мені үнемі дамуға, кітап оқуға, жаңалықтан хабардар болуға ынталандырады. Мен үшін дебат – жай хобби емес. Ол менің өмірге деген көзқарасымды өзгерткен, өзімді табуға көмектескен ерекше орта, – дейді Нұрай.
Дебаттағы әр раунд – тәжірибе. Әр жеңіліс – сабақ. Кейде ең ауыр жеңіліс адамның ең үлкен мотивациясына айналады. Ал турнирден кейінгі эмоциялар, дайындықтар, командаластарыңның қолдауы – мұның бәрі ерекше естелік болып қалады. «Ақиқат» дебат клубының президенті Бегзатхан Амирханұлы дебаттың ауқымы кең екенін айтады.
– Дебат – жәй ғана қызығушылық емес, менің өмірімнің бір бөлшегіне айналды. Сенің әрбір жасап жатқан іс-әрекетіңе, келіп жатқан ақпаратқа сыни көзқараспен қарауға және баға беруге де үйрететін осы пікірсайыс. Маған алғаш рет дұрыс ойлануды, дұрыс шешімдер шығаруды, идея талқылауды үйреткен Набат Думан ағама осы тұста алғыс білдіргім келеді. Одан бөлек, «Ақиқат» пікірсайыс клубының 1 жыл президенті болған сәтімде, пікірсайыс тек сөз таластыру емес, сен үшін дамушы орта, құндылығын жоғалтпаған жастар мен ұстанымы бар достар екенін де байқай алдым. Пікірсайыс – адамға тек өзін қалыптастыруға мүмкіндік береді, ал клуб сол мүмкіндікті жандандыратын достардан тұрады, – дейді ол.
Сымбат ОРДАБАЙ,
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университетінің
студенті
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
