Діни экстремизм – дінді саяси немесе жеке мақсатта пайдаланып, қоғамдағы адамдар арасында өшпенділік пен зорлық-зомбылықты таратуға бағытталған әрекет. Ақсақалдарымыздың «Аңқау елге арамза молда» деуі осыдан шықса керек.
Осы ретте экстремистік ұйымдар өздерінің мақсат-мүддесіне жету үшін діни ұғымдарды әртүрлі бағытта бұрмалап түсіндіреді. Олар адамдарды радикалды әрекеттерге итермелеп, заңға қарсы іс жасауға шақырады. Сондықтан діни экстремизм – қоғамның тұрақтылығы мен адамдардың қауіпсіздігіне үлкен қауіп төндіретін қатерлі құбылыс.
Зайырлы мемлекет – қоғам тұрақтылығын сақтауды көздесе, радикалды әрекеттер азаматтардың еркіндігіне, қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді. Мәселен, адамның өз ойына, ақылына сүйенбей, біреудің ықпалына ерік беріп, соның соңынан соқыр сеніммен еруін өз құқығын шектеудің алғашқы қадамы деуге болады. Діни ілім мен білім іздеуде өз құқығын шектеу көбіне адамның «өзім білемін» деген ұстанымға салынып, кез келген ақпаратты сын тұрғысынан талдамай қабылдауынан туындайды. Бұл туралы қазақта «өзім білемін деген өлер, көп біледі деген күлер» деген қанатты сөз бар. «Өзім білемін» деген адам ешкімнен ақыл сұрамайды, кеңес тыңдамайды, сондықтан ол қателікке жиі ұрынады. Ал «көп біледі» деген – шын даналық көптің тәжірибесі мен ортақ ойында екенін аңғартады. Демек, кез келген жағдайда сыни ойлау мен ресми ақпараттарға сүйену адамның өз құқықтарын қорғаудың және қателіктерге бой алдырмаудың кепілі екені сөзсіз.
Діни экстремизм – адам құқықтарын бірқатар теріс әрекет арқылы шектейді. Атап айтқанда, өмір сүру, білім алу, сөз бостандығы және т.б. негізгі құқықтардың бұзылуына алып келеді.
Теріс идеологияның жетегінде кеткен кейбір жастардың оқудан бас тартып жатқанын да естіп жүрміз.
«Оқу – инемен құдық қазғандай» деген сөз бар, яғни білім – үлкен еңбекпен келетін құндылық. «Жақсыға ерсең, жетерсің мұратқа, жаманға ерсең, қаларсың ұятқа» демекші кез келген діни ілімді үйренуде сенімді дереккөз пайдаланудың рөлі зор.
Расул БАЗАРХАНҰЛЫ,
Қызылорда облысы дін істері
басқармасы «Дін мәселелерін
зерттеу орталығының» маманы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!