Бағдарламаға бірден төрт тармақ бойынша өзгеріс енгізу жоспарланып отыр.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев жеңілдетілген автокөлікті несиелендіру бағдарламасында қаралуы жоспарланған негізгі тармақтарды айтты, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Министрдің айтуынша, бағдарламаға бірден төрт тармақ бойынша өзгеріс енгізу жоспарланып отыр. Алғашқы тармақтардың бірі – автокөлікке алғашқы жарна енгізу.

«Бірінші мәселе – бастапқы жарна. Ол ешқашан болған емес, бірақ енді ол көлік сомасының 15 пайызы болады.

Екіншісі – қоғам мен БАҚ-тың талабы бойынша көлікті алғандардың аты-жөні жарияланады.

Үшінші тармақ – бағдарламаға қатысу үшін қандай көліктерге рұқсат етілетіні бойынша өзгерістер енгізіледі. Қазір бағдарлама 10 миллион несие сомасына және 15 миллион көлік сомасына мүмкіндік береді. Біз Kia Sportage және Hyundai Tucson сияқты брендтердің қатысуын қайта қарастыруымыз мүмкін. Тағы да айтамын, бұл түпкілікті шешім емес, біз оны талқылап жатырмыз», – деді Қарабаев Үкімет отырысы кулуарында.

Министрдің айтуынша, төртінші тармақ – ең маңыздысы, өйткені ол өтініш берушінің ең жоғары жалақы шегіне қатысты.

«Біз жалақының ең жоғары шегін белгілеуді қарастырамыз, яғни белгілі бір жалақы мөлшерінен жоғары алатын адамдар қатысуға құқылы болмайды, өйткені біз аз (табысы бар) адамдар үшін автонесие бағдарламасын қолжетімді еткіміз келеді», – деді ведомство басшысы.

Бұл ретте Қарабаев автонесие бағдарламасын іске қосу үшін бір ай ішінде тағы бір миллиард теңге жинау қажет екенін атап өтті.

«Қазір ай сайын шамамен миллиард теңге қайтарылады. Бұл қаражат 100 машинаға жетеді. Енді біз 500-ге жуық машинаға қаражат жеткілікті болғаннан кейін бағдарламаны іске қосатын механизмді қарастырамыз. Яғни, бұл бес миллиард және одан жоғары. Қазір төрт миллиард бар, бір ай ішінде біз тағы бір миллиард жинаймыз, содан кейін бағдарламаны тағы бір рет жариялаймыз, сонымен қатар онлайн. Бұл – ең ашық механизм», – деді Марат Қарабаев.

Еске салайық, бұған дейін қанша қазақстандық жеңілдетілген автонесие бағдарламасы бойынша көлік алып үлгергені хабарланған болатын.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!