Фото: pixabay.com

Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Заң жобасын мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев таныстырды.

Бірінші, заңда максималды түрде букмекерлік кеңселер мен казинолардың жарнамасын шектеу қарастырылған. Онда үйлердің қасбеттерінде, фасадтарында, ғимараттарда, құрылыстардың қоршауларында, көлік құралдарында сыртқы жарнамаға тыйым салынады.

Интернет ресурстарында, ресми сайттарда, телеарналар мен радиода, мерзімді баспа басылымдарында, кино беттерінде, мобильді операторлардың SMS хаттамаларына да, жарнамаға толық тыйым салынады. Енді белгілі блогерлер мен әлеуметтік желідегі танымал тұлғаларға мұндай ойын түрлерін жарнамалауға тыйым салынады. Жарнама тек спорттық объектілер, спорттық бағыттағы сайттар, телеарналар мен спорттық іс-шараларда ғана рұқсат етіледі.

Екінші, ойында бәс тігу жасы 21 жастан 25 жасқа дейін көтеріледі.

Үшінші, өтелмеген алименттік және несиелік қарызы бар азаматтардың құмар ойынға бәс тігу мүмкіндігі шектеледі. Яғни борышкерлердің бірыңғай реестрінде мәліметтері бар жеке тұлғаларды құмар ойындарға және бәс тігуге жіберуге тыйым салу белгіленеді.

Төртінші, ойнау жасына келмеген азаматтардың құмар ойындарына және бәс тігуге қатысуы шектеледі. Оларға заңсыз ойын ойнауға мүмкіндік берген заңды тұлғаларға қомақты көлемде айыппұл салынады және қайталанатын жағдайда лицензиялары тоқтатыла тұрады.

Бесінші, заңсыз онлайн казино ұйымдастырушыларға Қылмыстық кодекстің 307-бабы бойынша жаза қолданылады. Атап айтқанда, мүлкi тәркiленiп, екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Алтыншы, заңсыз лотоматиктерге мүлдем жойылады. Сондай-ақ, балалар, білім беру, медициналық, діни және діни ұйымдар орналасқан тұрғын үйлер мен ғимараттарда лотерея билеттерін таратуға және лотерея терминалдарын орнатуға тыйым салынады.

Жетінші, шетелдік ойын бизнесін ұйымдастырушылардың тізімін жүргізу, сондай-ақ банктер мен төлем жүйелеріне олардың пайдасына қаржылық операциялар жүргізуге тыйым салу көзделеді.

Сегізінші, букмекерлік кеңсенің немесе тотализатордың қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушылардың өз аппараттық-бағдарламалық кешендерінің Мемлекеттік кірістер органының ақпараттық жүйелерімен интеграциялануын қамтамасыз ету міндеті белгіленеді. Сондай-ақ, Ұлттық Банктің, Қаржылық мониторинг агенттігінің, Әділет министрлігінің базаларын біріктіру арқылы ойнаушының тұлғасы бейнеметрикалық тұрғыдан анықталады.

Сонымен қатар, заң жобасында букмекерлік кеңселерде бәс тігу, ақша алу және төлеу кезінде:

  • қатысушылардың бейне-биометрикалық идентификациядан өткізу міндеттілігі;
  • ойын бизнесі ұйымдастырушыларының үшінші тұлғалардың банктік карточкаларына төлем қабылдауына шектеу қою мәселесі;
  • мемлекеттік қызметшілердің, құқық қорғау және әскери қызметкерлердің бәс тігуіне тыйым салу көзделген. Шамамен 220 мыңға жуық қызметкердің құмар ойын ойнауы шектеледі;
  • өз-өзін құмар ойыннан шектеуді 1 жылдан 10 жылға дейін созу қарастырылған. Яғни eGov Mobile қосымшасы арқылы шектей алады. Бұл шектеуді қайтып қалпына келтіре алмайсыз.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!