Адамға қойылған есім мінез бен тағдырға қаншалықты ықпал етеді? Кішкентай сәби дүниеге келген сәттен бастап оған берілетін ең алғашқы мұраның бірі – есім. Әрбір аттың астарында терең мағына бар. Халқымыз ертеден-ақ балаға есім беруге ерекше мән берген. Өйткені ол адамның болмысымен үндесіп, өмір жолына өзіндік әсер етеді деген түсінік қалыптасқан.

Қазір ерекше есім иелері көптің назарын еріксіз өзіне аударады. Осы орайда Қызылорда қаласының тұрғыны Махибану Шаймерденқызымен тілдесіп, ерекше есімінің мән-мағынасы жайлы сұрадық.

− Адамға қойылған есім – жай ғана атау емес, оның болмысы мен тағдырына әсер ететін маңызды белгі. Кейбір сирек есімдер араб, парсы немесе түркі тілдерінен енсе, енді бірі тарихи тұлғалардың құрметіне, ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында қойылады, – дейді ол.

Махибану есімінің өзі де терең мағынаға ие. Араб тілінен аударғанда «су сұлуы» немесе «судан да сұлу» деген мағынаны білдіреді. Кейіпкеріміздің айтуынша, бұл есімді оған әкесі – ел арасында сыйлы, беделді азамат болған Шегебаев Шаймерден қойған. Жастайынан білімге құштар, бірнеше тілді жетік меңгерген әкесі перзенттеріне есім таңдауға ерекше жауапкершілікпен қараған.

Тек Махибанудың ғана емес, оның бауырларының есімдері де өзгеше әрі мәнді қойылған. Мәселен, Зал есімі әйгілі «Шахнама» дастанындағы Рүстем батырдың әкесі Залдың құрметіне берілсе, Башира – татар тілінен енген әсем есім. Ал Ғазал есімі араб тілінен аударғанда «елік» деген мағынаны білдіреді. Бұл – ата-ананың балаға тек әдемі естілетін емес, тағылымы терең, мағынаға бай есім таңдауға мән бергенінің көрінісі.

Кейіпкеріміздің сөзінше, әкесі үнемі «Ат – адамның тағдыры. Есімді үлкен мәнмен, мағынасын түсініп қою керек» деп айтып отырады екен. Расында да, адамға қойылған есім – оның өмір бойы жан серігі. Сондықтан ерекше есім – ерекшелікке ұмтылу ғана емес, ұлттың тарихы мен рухани құндылықтарына деген құрметтің белгісі іспетті.

Ерекше есім иелерінің тағы бірі – Сееда Жоламанова. Бір естіген жанның назарын бірден аудартатын бұл есімнің де өзіндік тарихы мен терең мағынасы бар. Сееда есімі көне қазақ тілінен аударғанда «жұлдыз» деген мағынаны білдіреді. Аспандағы сансыз шырақтай жарқырап, айналасына сәуле шашатын жұлдыз секілді, бұл есімнің де өз иесіне айрықша ерекшелік сыйлап тұрғаны байқалады.

Бір қызығы, кейіпкеріміздің өмірінде есімімен байланысты ерекше сәйкестік те бар. Сееданың сыңарының есімі – Жұлдыз. Бұл жай ғана кездейсоқтық емес, тағдырдың өзіндік үйлесімі іспетті әсер қалдырады. Бірінің есімі көне мағынада жұлдызды білдірсе, екіншісінің аты тура баламасы болуы – көпшілікті қызықтырмай қоймайтын ерекшелік.

Кейіпкеріміздің айтуынша, бұл есімді оған марқұм әжесі қойған. Қазақ халқы үшін әже тәрбиесі мен батасының орны ерекше екені белгілі. Сондықтан әженің ықыласпен таңдап қойған есімі Сееда үшін жай ғана ат емес, жүрекке жақын естелік саналады. Осындай ерекше есімдердің артында отбасының тарихы, үлкендердің ақ тілегі мен ұрпағына деген шексіз мейірімі жатқанын аңғару қиын емес.

Бүгінде қоғамда сәнге айналған немесе шетелдік есімдер жиі қойылып жатқанымен, мағынасы терең, тәрбиелік мәні бар, ұлттық таныммен сабақтас аттардың орны әрдайым биік. Себебі есім – адамның өмір бойы бірге жасайтын серігі, мінезіне де, болмысына да белгілі бір деңгейде әсер ететін маңызды ұғым. Халқымыздың «Жақсы сөз – жарым ырыс», «Ат қою – аманат» деуі де бекер емес. Өйткені балаға ат беру – ата-ананың ең алғашқы әрі ең үлкен жауапкершілігінің бірі.

Ақнұр АРЫСБАЙ,
Гүлсанам МҰРАТБЕК,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенттері

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!