Фото: ru.freepik.com

Феминистер ең алдымен отбасындағы әділетсіздікті тілге тиек етеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегі бойынша Қазақстанда тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан жылына 400-ге жуық әйел көз жұмады. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева 2023 жылы елде тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан 69 әйел дүниеден озғанын мәлімдеді.

Әйелдердің бәрі гүлдей нәзік, бұлақтай мөлдір, жібек мінез болғысы келмейді дейсіз бе? Бірақ кей отбасындағы дөрекі қарым-қатынас, ер адамның нәзік жанға күш көрсетуі, ерім деп сыйлаған адамның өзінен төмен санауы әйелдердің қатты сөйлеуіне әкелетін секілді. «Әйел тілінен табады» десек те, ерлердің зорлық-зомбылығы ақталмайды.

«Тасадағы әйелдер» атты жобасында әйелдердің жағдайына тереңірек үңілген журналист фрилансер Әйнел Әмірхан бұл бастаманың туындауына британиялық журналист Кэролайн Перестің Invisible Women: Exposing Data Bias in a World Designed for Men (Көзге көрінбейтін әйелдер. Неге біз еркектерге ғана ыңғайлы әлемде өмір сүреміз?) деген гендерлік мәліметтерге негізделген кітабы арқау болғанын айтады.

«Дүниежүзі тұрғындарының тең жартысы әйелдер болса да, қандай да бір ғимаратты салғанда, жаңа дәріге сынақ жасайтын кезде тек ер кісілердің мүддесі ескерілетіні мені таңдандырды. Себебі о бастан адам дегенде тек ерлерді мысалға алады екен.

Бір мысал келтірейін. Кітапта көліктерге жүргізілетін краш-тест жайлы айтылады. Автокөлік қауіпсіздігіне арналған сынақтың бәрінде ерлердің антропометриялық деректері алынады екен. Көлік әйелдердің салмағы мен бойын ескеріп жасалса, олар рульге және басқышқа жақынырақ отыруы керек. Сонымен қатар қауіпсіздік белдіктерін жасағанда әйелдердің анатомиялық ерекшеліктері ескерілмей келген. Бұл әйел жүргізіп келе жатқан көлік өзгесімен соқтығысса, олардың ерлерге қарағанда ауыр жарақат алу ықтималдығы 47%-ке және қайтыс болу ықтималдығы 17%-ке жоғары екенін білдіреді» дейді ол.

Байқасаңыз, кейбір отбасыларда қыз бала үшін таңдау жасау, ауылдарда еріксіз қыз алып қашу әлі де бар. Феминистер осындай әділетсіздіктің алдын алғысы келетін секілді. Бірақ әйел құқығы, феминизм дегенді сылтау етіп, жат әрекет, өзге мақсатты көздейтіндер көп болып тұр. Феминизм әділеттілік орнатуды мақсат еткенімен, «ойыңа келгенді істеу» дегенді білдірмесе керек.

Бұл қазақта болған ұғым ба?

Алаш жұртының қызды қырдағы құралайға теңеп, төрден орын бергені баршаға белгілі. Тарихқа көз жүгіртсек, сонау сақ заманында мемлекет тізгінін ұстаған Тұмар патшайым мен Зарина сұлудан бастап, Алаша ханның ханымы Ханбибі, Абылай ханның ержүрек қызы Айтолқын, Қаракерей Қабанбай батырдың жары Гауһар, Сүйіндік Олжабай батырдың анасы Есенбике, Кенесары Қасымұлының қайраткер қарындасы Бопай ханым ерлермен бірдей ержүректік танытып, ел іргесін жаудан қорғаған.

Ал бертін келе қазақтан шыққан ағартушылар қыздардың білім алуына ерекше көңіл бөлген. Ыбырай Алтынсариннің қазақ даласында алғаш рет қыздарға мектеп ашуы сол заманда жасалған көреген шешім, батыл қадам болды.

Сол жылдары баспа бетінде бұл мәселе кеңінен қозғалып, «Абай» журналының 1918 жылы шыққан 7-санында «Әйелді оқыту керек» деген мақала жарияланды. «Мәдениетке аяқ басуға айналған жұрттың еркек, әйелі білімге бірдей ұмтылады. Өңкей ерлері ғана білімге ұмтылып, әйелдері жанды қуыршақ есебінде қалған ұлтты мәдениетке ұмтылған жұрт деп айтуға болмайды. Ондай ұлт қанша талпынғанмен түбірлі мәдениет жасай алмайды. Бір ұлт бір кісінің денесі сияқты, дененің жартысы әйел. Ерлері ғылымды болып, әйелі надан қалған ұлт бір жағын жын соққан денемен бірдей. Әр нәрсені білуге, үйренуге ұмтылу кісінің табиғатына біткен жан ләззаты. Өнер‐ғылым – еркек-әйелдің ортақ сыбағасы» делінген жазбада.

Қазақта феминизм деген атау болмаса да, көзі ашық азаматтардың қыз бала дамуына көңіл бөлгенін, олардың өз потенциалына сай мемлекет ісіне араласуын құптағанын байқаймыз.

Алтын ортаны ұстануға не кедергі?

Бүгінде әйелдердің көбінде «Мен нені қалаймын? Бұл менің таңдауым ба?» деген сұрақ бар. Сол ойдың жетегімен өзгеріске ұмтылғандар жетерлік. Бірақ феминист болғанның жөні осы екен деп асыра сілтеудің қажеті жоқ. Әлдебір феминист «Неліктен жұмыс барысында диспенсердің суын ауыстыру ерлерге, ал мерекеден соң дастарханды жинастыру әйелдерге тиесілі. Мұнда гендерлік теңдік жоқ» дейді. Ал сіз қалай ойлайсыз? Ауыр суды көтеріп кімге нені дәлелдеуге болады? Денсаулығыңа зиян келтіріп, гендерлік теңдікті қалыптастырам деуге бола ма?

Кейде әйелдің нәзік болмысын сақтауы үшін кейбір мәселені ерлерге тапсырғаны да дұрыс секілді. Бұл туралы аймақтағы сұлулық байқауларын ұйымдастырушы, «Анаға тағзым» орталығының қызметкері Айдана Маратқызы «Әйел ер адамнан бір саты төмен тұруы керек деген қағиданы ұстанамын. Ерінің сөзін жерге тастамаған, қай ортада болсын, бағасын биіктетіп, «отағасым» деп сыйлаған әйел қай кезде де сыйлы. Сол кезде ғана отбасының берекесі артады, өзінің де мерейі өседі. Өзімнен кейінгі қыздармен кездесу барысында мұны үнемі айтып жүремін» дейді ол.

Байқап қарасақ, әйел бәрінен биік тұру үшін төмендейді деген сөздің жаны бар. Жағдайды ақылмен сараптап, өзінің де, ерінің де абыройын ойлап, «алтын ортаны» ұстаған әйел ұтылмайды.

Айдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!