Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова орынбасары, ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Серік Сүлейменовті және ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілінің қызметін қамтамасыз ету басқармасының басшысы Жасұлан Абатовтың есебін тыңдады.

Кездесуде Серік Сүлейменов Байқоңыр қаласындағы жыл көлемінде атқарылған жұмыстарды тізбеледі.

Биыл Байқоңыр қаласын дамытудың ұзақ мерзімді бірлескен бағдарламасы қабылданып, Байқоңыр қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2020 жылға арналған Жол картасы бекітілген.

Кездесу барысында Жасұлан Абатов міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі, әлеуметтік төлемдер мәселесі мен халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау бағытындағы қарқынды шараларды баяндады. Сондай-ақ, Байқоңыр қаласындағы коммуналдық қызметтерге жоғары тарифтерді ескере отырып, келесі жылы коммуналдық қызметтерге ақы төлеу кезінде қала тұрғындарының шығындарын өтеуді ұлғайтуды жоспарланғанын тілге тиек етті.

Жасұлан Абатов өз есебінде қазақстандық балабақшалардың санын арттыру мақсатында балабақша ғимаратын Ресей тарапына жалға берілген мүліктер тізбесінен шығарып, Қармақшы ауданы әкімдігінің коммуналдық меншігіне беру бойынша атқарылған жұмыстарды атап өтті. Сонымен бірге қаланың ойын-сауық және туристік әлеуетін арттыру және қонақ үй ашу үшін әкімшілік ғимаратты жалдан шығару мәселесі бойынша нақты жұмыстарды тізбеледі.

Бүгінгі күні Байқоңыр қаласында медициналық мәселелер кезең-кезеңімен шешілуде. Медициналық мекеме 13 өкпені жасанды желдету аппараты мен 56 оттегі концентраторымен жабдықталған. Көпбейінді ауруханада 185 төсек-орынға провизорлық стационар ашу мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар, Төретам ауылдық ауруханасы аумағында 25 орындық провизорлық төсек орнын ашу мақсатында Байқоңыр қаласы кәсіпкерлерінің қолдауымен бос тұрған ғимараттардың бірінде жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Келер жылы Байқоңыр қаласындағы сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін реконструкциялау және жаңғырту жөніндегі жобалар іске асады. Сондай-ақ бес 50 пәтерлі тұрғын үй салу үшін республикалық бюджет комиссиясының шешіміне сәйкес қаражат бөлу алдын ала қолдау тапқан. Бұл жұмыстар нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылып, қаланың әлеуметтік мәселесінің оң шешім табуына ықпал етеді.

Жылдық қорытынды есебінде Жасұлан Абатов «Бақытты отбасы» орталығын Байқоңыр қаласынан ашу жөніндегі жұмысты іске асырудың нақты жоспарын атап өтіп, Жаңа орталық Байқоңыр қаласындағы әлеуметтік осал топтағы отбасылар мен зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қызмет көрсетудің қолжетімділігін арттырады.

Кездесу соңында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Жасұлан Абатовқа «Жол картасы» аясындағы жобаларды жалғастырып, негізгі басым бағыттардағы жұмысты жалғастыруды тапсырды.