Қазіргі білім беру жүйесінде жаңашылдық пен технологияны ұштастыру – уақыт талабы. Осы бағытта №267 орта мектепте «Жасанды интеллект мүмкіндіктері: Инновация. Ізденіс. Өрлеу» атты қалалық тәжірибе алаңы ұйымдастырылып, педагогтер өз тәжірибелерімен бөлісті.
Аталған іс-шара аясында «Үздік авторлық бағдарлама-2025» облыстық байқауының жеңімпазы, педагог Стамшаева Сағыныш Кадрияқызы мен информатика пәнінің мұғалімі Әнесова Әсел Талғатқызы «Тоқыма материалдардан бұйым дайындау» тақырыбында кіріктірілген сабақ үлгісін ұсынып, заманауи білім берудің жаңа қырларын көрсетті.Мұғалімдердің айтуынша, көркем еңбек пен информатика пәндерін кіріктіріп оқыту идеясы қазіргі білім беру жүйесіндегі жаңашыл бағыттарға негізделген. Яғни, оқушылардың тек теориялық білімін ғана емес, практикалық және цифрлық дағдыларын қатар дамыту қажеттілігі осы тәсілді қолдануға себеп болған. Көркем еңбек шығармашылықты дамытса, информатика заманауи технологияларды меңгеруге мүмкіндік береді. Ал екі пәнді ұштастыру оқушының шығармашылық жобаларды цифрлық форматта жүзеге асыруына жол ашады.Педагогтердің сөзінше, интеграцияланған сабақтың басты мақсаты – оқушылардың шығармашылық қабілетін, цифрлық сауаттылығын және зерттеушілік дағдыларын қатар дамыту. Сабақ барысында оқушылар бұйымның эскизін жасап, оның құрылымы мен мазмұнын ойластырып қана қоймай, оны цифрлық ортада өңдеп, заманауи технологиялар арқылы таныстыруды үйренген. Нәтижесінде теория мен тәжірибе өзара үйлесім тауып, оқушының идеясы нақты өнімге айналған.Мұндай сабақтардың тағы бір ерекшелігі – оқушылардың жаңа дағдыларды кешенді түрде меңгеруі. Атап айтқанда, олар цифрлық сауаттылықты арттырып қана қоймай, жобалау, модельдеу, топпен жұмыс істеу, шығармашылық ойлау қабілеттерін дамытады. Сонымен қатар, өз идеяларын заманауи құралдар арқылы жүзеге асыруға бейімделеді.Мамандардың пікірінше, көркем еңбек пен цифрлық технологияны ұштастыру оқушыларға жан-жақты оң әсер етеді. Бұл тәсіл олардың қиялын кеңейтіп, шығармашылық мүмкіндігін арттырады. Оқушылар өз идеясын тек қағаз бетінде ғана емес, цифрлық кеңістікте де жүзеге асыра алады. Сонымен бірге, олар заманауи бағдарламаларды тиімді қолдануды меңгереді. Сабақ барысында түрлі графикалық редакторлар, 3D модельдеу бағдарламалары және AR/VR технологиялары қолданылған. Оқушылар Storybook платформасы арқылы авторлық әңгіме құрастырып, өз жобаларын ұсынған. Ал Character.AI көмегімен кейіпкерлерді «жандандырып», шығармашылық жұмыстарын жаңа деңгейге көтерген. Мұндай тәсілдер оқушылардың қиялын дамытып қана қоймай, цифрлық сауаттылығын арттыруға ықпал еткен. Педагогтердің айтуынша, пәнаралық байланысты күшейту – білім сапасын арттырудың маңызды тетіктерінің бірі. Себебі бұл әдіс оқушылардың білімін кешенді түрде қалыптастырып, оны түрлі жағдайда қолдануға мүмкіндік береді. Сабақ барысында оқушылардың белсенділігі жоғары деңгейде болған. Олар AR/VR технологияларын пайдаланып, жіп түрлерін зерттеп, қасиеттерін талдаған. Топтық жұмыстарда өз ойларын еркін жеткізіп, постер қорғау арқылы білімдерін дәлелдеген. Сонымен қатар, авторлық қуыршақтың эскизін жасап, өз жобаларын қорғауы олардың шығармашылық әлеуетін айқын көрсетті.
Әрине, мұндай жаңашыл сабақтарды өткізуде бірқатар қиындықтар да кездеседі. Мұғалімдердің айтуынша, кей жағдайда техникалық мәселелер, уақыттың шектеулілігі және оқушылардың цифрлық деңгейінің әртүрлі болуы кедергі келтіруі мүмкін. Дегенмен, бұл тәжірибе болашақта білім беру сапасын арттыруға үлкен мүмкіндік береді. Алдағы уақытта педагогтер басқа пәндермен де кіріктірілген сабақтарды ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Олардың пікірінше, бұл бағыттағы жұмыстар оқушылардың жан-жақты дамуына және заманауи талаптарға сай білім алуына жол ашады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!