Коллаж: ulysmedia.kz.
Kaspi-аударымдарды бақылау мәселесі жыл басынан бері ең көп талқыланған тақырыптың бірі. Әйтсе де, кейінгі кездері бұл тақырып қоғам назарынан тыс қалғандай болып, азаматтар бұрынғыдай бір-біріне еркін мобильді аударымдарды жүргізіп жатыр? Ал бұл бағытта билік қандай шешімге келді? Ulysmedia.kz тілшісі осы сұрақты қаржы вице-министрі Ержан Біржановқа қойды.
Біржанов не дейді?
– Жалпыға бірдей декларация жүйесі 2025 жылы кіреді ғой. Біз соған байланысты өз тарапымыздан жеке тұлғаларға, халыққа ескерту жасаған болатынбыз. Жалпыға бірдей декларация кезінде банктерден мәліметтерді аламыз. Соны алған кезде қандай сұрақтар туындауы мүмкін деген мәселені жыл басынан бері ескертіп келеміз. Қазір де ескерту жұмыстары жүргізіліп жатыр, – дейді Ержан Біржанов Мәжіліс кулуарында.
Вице-министрдің айтуынша, келесі жылы жеке тұлғалар декларацияға енгізіледі. Қаржы министрлігі декларация бойынша қандай жеңілдік жасауға болатынын жұмыс тобын құра отырып, талқылап жатыр.
– Концепцияны қайта қарап, жеңілдететін боламыз. Себебі цифрлық шешімдер қолданысқа енгізілді. Бәрін бірдей, студенттер мен зейнеткерлердің бәріне ауыртпашылық жүктемей, мәселелерді қайта қарап жатырмыз, – дейді ол.
Яғни, не өзгерді?
Демек, бұрынғы жоспардан бөлек, не өзгерді? Бұл сұраққа жауап берген Ержан Біржанов түзетулер әзірге талқыланып жатқанын айтады.
– Біздің жоспар бойынша төртінші кезеңде барлық тұрғындар – 7 млн-нан астам адам декларация тапсыруы керек болатын. Ол декларацияларда жылжымайтын мүліктер бар, автокөліктер бар. Себебі біз олардың бәрін өкілетті органдардан аламыз. Тек шетелде банк шоттары болса, соны көрсету керек. Ондай міндеттемелер алынып тасталмайды. Ал егер тұрғылықты мемлекетте ондай активтеріңіз болмаса, ол деректер көрсетілмейді. Соның процесін қалай жеңілдетуге болатынын талқылап жатырмыз, – дейді ол.
Ержан Біржанов екінші деңгейлі банктерден деректер алынатынын айтады.
– Егер жеке азамат декларациясында 0 теңге етіп көрсетіп, бірақ банк карточкасында төлем жүргізіп, кәсіпкерлікпен айналысып жатса, оған міндетті түрде сұрақ туындайды. Ол кәсіпкерлікті заңдастыру болып саналады, – дейді ол.
Еске сала кетейік, бұған дейін ұлттық экономика министрі болған Әлібек Қуантыров кәсіпкерлердің мобильді аударымдарды азайтып, қолма-қол ақшаға ауыса бастауын “уақытша тренд” деп атаған еді. Қазақстанның цифрландырылған елдердің қатарында екенін еске салған ол қазақстандықтар бұдан әрі де банктердің цифрлық қызметтерін белсенді пайдаланады деп сенеді.
Саудагерлер не дейді?
Kaspi bank арқылы азаматтардың бір-біріне телефон нөмірін теріп қана жөнелте беретін ақшасы биылдан бастап саябырлай бастағаны анық. Оған «енді переводтың бәрі бақылауға алынады екен» деген әңгіме тікелей себеп болып отыр. Ұсақ саудасы, шағын дүкені, дәріханасы бар азаматтар бұған дейін ақыны аударыммен қабылдай берсе де, биылдан бастап қолма-қол ақшаны талап ете бастаған. Табысының аз да болсын бөлігін салық ретінде бергісі келмейтіндер баршылық.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!