Қазақ халқының ежелден келе жатқан бай мұрасының бірі – қолөнер. Соның ішінде жүннен бұйым жасау өнері – ұлттық болмысымызды, тұрмыс-тіршілігімізді және эстетикалық талғамымызды айқындайтын ерекше бағыттардың бірі. Табиғи материалмен жұмыс істеу арқылы жасалатын бұл өнер түрі тек тұрмыстық қажеттілікті өтеумен шектелмей, адамның шығармашылық қабілетін дамытып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге үлес қосады.

Осы орайда №282 мектеп-лицейінің көркем еңбек пәні мұғалімі Кенже Ағатаева оқушыларға жүннен бұйым істеу өнерін үйретіп, оны заманауи бағытта дамытуға атсалысып келеді.

− Жүн өңдеу мен одан бұйым жасау – көп еңбекті, шыдамдылықты және шеберлікті талап ететін күрделі процесс. Ең алдымен, жүнді дұрыс іріктеп, тазалап жуу қажет. Содан кейін оны түтіп, үлпілдетіп, біркелкі күйге келтіреді. Жүннен бұйым жасаудың қыр-сыры оның илеу, иіру, бояу және қалыпқа келтірумен байланысты. Әр кезеңде температура, ылғалдылық және қолдың қозғалысы үлкен рөл атқарады. Сонымен қатар бұйымның сапалы шығуы үшін жүннің түрін дұрыс таңдау да маңызды. Мысалы, қой жүні мен түйе жүнінің қасиеттері әртүрлі болады. Ең бастысы – әр бұйымды жасау барысында ұқыптылық пен шығармашылық үйлесуі керек, сонда ғана әдемі әрі сапалы өнім шығады, − дейді Кенже Ағатаева.

Кейіпкеріміздің айтуынша, сапалы жүн табу, оны өңдеудің күрделілігі және көп уақыт пен еңбекті талап етуі– бұл саладағы басты қиындықтардың бірі.

Уақыт демекші, бір бұйымды әзірлеуге әртүрлі уақыт кетеді. Мысалы жеңіл қарапайым бұйымдарды жасауға шамамен бірнеше сағаттан 1 күнге дейін жұмсалады. Ал күрделі үлкен қолөнер бұйымдарын дайындау 2-5 күнге, кейде одан да ұзаққа созылады.

− Сонымен қатар жүнді өңдеу, түту, бояу сияқты дайындық кезеңдері де тез аяқталмайды. Сондықтан әр бұйымға жұмсалатын уақыт шебердің тәжірибесі мен жұмыстың ерекшелігіне қарай өзгеріп отырады, − деп түсіндірді маман.

Әңгіме барысында жүннен жасалған бұйымдардың адам денсаулығына қандай пайдасы бар екенін де түсіндірді.

− Жүннен жасалған бұйымдардың адам денсаулығына бірнеше пайдалы әсері бар. Ең алдымен, табиғи жүн жылуды жақсы сақтайды, сондықтан ол суықтан қорғайды және дененің жылуын тұрақты ұстап тұрады. Сонымен қатар, жүннің құрамында табиғи қасиеттері бар болғандықтан, ол ауа өткізгіш келеді, теріні тыныштандырып, қолайлы микроклимат қалыптастырады. Кейбір жүн бұйымдары, мысалы, белдік, көрпеше қан айналымын жақсартып, бұлшық еттің босаңсуына көмектеседі. Тағы бір маңызды пайдасы – жүннің табиғи құрылымы адамға жайлылық беріп, шаршауды азайтады және тыныштық сезімін қалыптастырады, − деді Кенже Ағатаева.

Бүгінде ұлттық нақыштағы бұйымдарға деген қызығушылықтың жоғарылағаны байқалады. Шебердің айтуынша, халық табиғи әрі экологиялық таза өнімдерге көбірек мән бере бастаған.

− Бұрын мұндай бұйымдар тек үй тұрмысында қолданылса, қазір олар интерьердің ажырамас бөлігіне айналды. Жастар да ұлттық нақышты заманауи стильмен үйлестіріп, жаңа бағытта дамытып жүр, – дейді ол.

Кейінгі жылдары жастар арасында жүннен бұйым жасау өнеріне деген қызығушылық та арта түскен. Дегенмен бұл сала шыдамдылық пен уақытты қажет етеді. Соған қарамастан, оқушылар мен жас қолөнершілердің арасында үйренуге ниеттілер көбейіп келеді.

− Алғашында күрделі көрінуі мүмкін, бірақ қызығушылық болса, кез келген адам меңгере алады. Қазір жастар бұл өнерді тек дәстүр емес, шығармашылық мүмкіндік ретінде қабылдап жүр, – дейді кейіпкер.

Қолөнердің маңызы туралы сөз қозғалғанда, шебер оның тек бұйым жасау емес, ұлттық рухты сақтау құралы екенін ерекше атап өтті. Сонымен қатар алдағы жоспарымен де бөлісті. Шебер ұлттық қолөнерді кеңінен насихаттап, көрмелерге қатысу және тәжірибемен бөлісу арқылы бұл өнерді келесі ұрпаққа жеткізуді мақсат етіп отыр.

Інжу МАРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!