Фото: tumba.kz

Адам баласына берілген асыл қазынаның бірі – қасиетті туған жері. Отансыз адам – ормансыз бұлбұл. Туған жерсіз адам болмайды. Сондықтан, туған жер әрбір адам үшін киелі мекен.

Ата-бабамыз «Туған жер – тұғырың, Туған ел – қыдырың» деген. «Туған жер» ұғымы тым тереңде жатыр. Оның қасиеттілігі адам баласына берген шексіз мейірімі мен барлығына тең берілген құндылықтарында.

Адам баласы шыр етіп өмірге келгенде, туған жер бауырына алады. Сол кіндік қаның тамған ақ мекен сен үшін тым қымбат. Неге десек, туған жер өз перзентіне барын береді. Сен «ақсың», «қарасың», «ақылдысың», «ақымақсың» деп бөле жарып қарамайды. Ол барлық төл перзентін бірдей қабылдайды. Туған жердің құдіреттілігі, кеңдігі, мейірімі міне осындай. Туған жерімізді басқаша тілмен атамекен, туған өлке, ата жұрт, ата қоныс деп те атаймыз. Себебі ата бабамыздың қаны тамып, ізі қалған қасиетті жер. Туған жердің бүкіл жақсылығы, ізгі қасиеттері адам баласына беріледі. Халқымыз: «Туған жердің торқалы топырағынан…» деп бекер айтпаған.

Сонымен бірге, тарих беттерін парақтар болсақ, ірілі-ұсақты шайқастар мен жорықтардың дені туған жер үшін болған. Әріге бармай-ақ, өзіміздің тарихқа үңілсек, туған жердің бір түйір топырағын сыртқы жаулардан қорғау үшін қаншама қан төгілгенін көреміз. «Ұлтарақтай болса да, ата қоныс жер қымбат» деп, атақты жырауларымыз бен ақындарымыз туған жерді жыр ға қосты емес пе? Адамға осыншама шабыт беріп, жігірлендірген туған жердің киелілігі деп білемін. Туған жер ақынның өлеңіне, әншінің әуеніне, сазгердің әніне, күйшінің әуелеген әсем күйіне де айналғаны оның соншама қымбат екенін дәлелдейді. Туған жерінен безінгенді халқы жат санап, сатқыныдығын бетіне басқан. Ондай адамдарды елден аластатқан. Себебі туған жердің киесі атады деген ұғым болған.

«Туған жерге туың тік» дегендей, туған жер ұғымы ғасырлар өтіп, ел жаңарса да, алдыңғы орында келеді. Еліміздің «Мәңгілік ел» идеясы басымдықтарының бірі − «Туған жер» деп аталса. Осы кезге дейін бірнеше жобалар жасалып, іске қосылды. Оның барлығы туған өлкені қорғау, қолдау мақсатында жүргізіліп отыр. Егер туған жер адам баласы үшін киелі болмаса, ол ұғым ұмыт қалар еді. Тіпті кезінде ел асып кеткен қандастарымыз да ата-баба қаны тамған жерге оралып жатыр. Бұрынғы көнекөздер: «Туған жердің топырағы бұйырсын» деп, арман еткен екен. Себебі туған жер екі дүниеде де тұрағымыз. Сондықтан оның қадір-қасиетіне жету барлығымыздың парызымыз.

Дильназ МОЛДАБАЕВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!