Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Әлемді ғылым құтқарады – IV ғылым айы» аясында мұнай-газ саласының ардагері, техника ғылымдарының кандидаты Ғалым Баймановқа арналған кітаптың тұсаукесері өтті.
Іс-шараға энергетика саласының ардагерлері, мұнайшылар, сала мамандары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Олардың қатарында Мұхит Кәрімбаев, Серік Ажаров, Қабылбек Қыстаубаев, Ғалым Құрманбаев, Жұмабай Құлиев және басқа да құрметті қонақтар болды. Сондай-ақ геология мамандығында білім алып жатқан студенттер де келіп, тағылымы мол жиынның куәсі болды.
Жаңа еңбекте Құмкөл кен орнын игерудің 40 жылдық тарихы қамтылған. Кітапта өндірістің алғашқы жылдары, сол кезеңдегі жұмыс барысы, мамандардың тәжірибесі мен естеліктер жинақталған. Ғалым Байманов – Құмкөлді игеруге қатысқан алғашқы кәсіби мамандардың бірі, ұзақ жыл бойы осы салада еңбек еткен тәжірибелі инженер.
Іс-шара барысында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Жұлдыз» журналының қызметкері Жұмабай Құлиев кітаптың мазмұнына тоқталды.
– Құмкөл туралы көп айтыла бермейді, көбіне қысқаша дерекпен шектелеміз. Ал бұл кітапта сол жердегі жұмыс, адамдардың бастан өткерген жағдайлары жазылған. Сондықтан бұл кітапты оқыған адам Құмкөлдің қалай қалыптасқанын түсінеді, – деді ол.
Кітап авторы, техника ғылымдарының кандидаты Ғалым Байманов еңбектің жазылу барысын былай түсіндірді:
– Кітапты жазу барысында ардагерлердің естеліктеріне сүйендік. Себебі Құмкөлдің алғашқы кезеңі туралы жүйелі материал аз. Жеке жазбалар да көп көмектесті. Кітапта сол кезеңнің нақты көрінісін беруге тырыстық.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғылыми зерттеулерді үйлестіру бөлімінің басшысы Нұрлыбек Мыңжас өз сөзінде Құмкөлдегі алғашқы жылдарды еске алды.
– Алғашқы жылдары жағдай оңай болған жоқ. Көп нәрсе жетіспеді, бірақ жұмыс жүріп жатты. Сол уақытта бірге жұмыс істеген мамандардың еңбегі зор. Ал міне, қазір соның барлығы кітапқа түсіп отыр, – деді Нұрлыбек Мыңжас.
Кеш соңында кітаптың тұсауы кесіліп, оқырманға алғашқы даналары таратылды.
Камилла САҒЫНДЫҚОВА,
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университетінің
4-курс студенті
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!