Фото: Ашық дереккөзден алынды

Креативті экономика Қазақстанда перспективалы бағыт ретінде жолға қойылып келеді. Дегенмен ол нарықты қолдау саясатын құруда қиындықтар тудырғаны жасырын емес. Әйткенмен алғашқы талпыныс пен табыстың табы сезіледі.

Әр елдің өз ерекшелігі бар. Бірі әнмен баурайды, халық көңілін киномен жаулайды. Тыңдап отырып қалай қызыққаныңды, көріп отырып сол елдің мәдениеті мен ерекшелігіне, тіліне, өмір салтына қалай көңілің ауғанын аңғармай қаласың. Сол мезет саяхаттап барғың келеді, тіпті көшіп кету туралы ой жетелеп кетуі мүмкін. Алысқа бармай-ақ, түрік сериалы мен корей K-popының қазақ қоғамына қалай әсер ететінін байқап, сезіп жүрміз. Жұмсақ күш. Иә, жұмсақ дегенді тырнақшаға алған жөн болар. Өйткені бұл – үлкен бір нарық, игере алсаң, қала берді, тұтас бір елдің экономикасын дөңгелететін алып күштің нақ өзі. Өздеріңіз білетіндей, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында әрбір облыс орталығында және ірі қалаларда креативті индустрия орталықтарын құру қажет екенін айтқан болатын. Негізінен, креативті индустрияны дамыту туралы нарратив кейінгі жылдары билік тарапынан жиі айтылып жүр. 2021 жылы Үкімет Креативті экономиканы дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын да бекітті. Бүгінде еліміздегі бұл нарықтың ахуалы қандай? Қалай дамыта аламыз? Сарапшылар мен нарық өкілдерінің пікіріне шолу жасап, саланы сараптап көрдік.

Жұмсақ күшпен «жаулау»


Шын мәніне терең үңіліп қарасақ, креативті индустрия жаңа ұғым болғанымен, мазмұны ғасырлар бойы қалыптасып келе жатыр. Ол экономикадан бастап әлеуметтік мәдени салаға дейінгі сегментті қамтиды. Кейде білім экономикасы деген балама сөз қолданылып жатады. Яғни бұл – адамның тікелей зияткерлік қызметімен байланысты бағыт. «Креативті экономика» термині алғаш рет Нью-Йорктің Businessweek журналында 2000 жылы қолданылған екен. Әлемді осындай мәдени-жұмсақ күш арқылы «жаулау», яғни әсер ету, өзіне қарату ғасырлардан бері жалғасып келе жатқан тенденция. Дегенмен интернет, әлеуметтік желі дамығаннан бастап бұл процесс өзгеше қарқынмен дамыды. Әсіресе пандемиядан кейін ерекше серпіліс байқалған екен. 2021 жылды БҰҰ Халықаралық креативті экономика жылы деп жариялағаны да содан болар деп топшыладық.

– Goldman Sachs дейтін алпауыт банк бар. «Таяуда жүздеген мамандық қысқарады. Салдарынан 3 миллионға жуық жұмыс орны жойылуы мүмкін» деп болжам жазған еді. Демек келе-келе адам еңбегін жасанды интеллект алмастыра бастайды. Қарқынға ілесу үшін қазірден бастап қимыл керек. Мұны Президент те бірнеше рет айтып еді. Батыл қадамды біздің өңір бірінші болып бастады. Тұңғыш рет аймақта СеулТех жасанды интеллект және информатика жоғары мектебі ашылды. Бұл нейрожүйелермен еркін жұмыс істеуге ынталы жастарды қолдайтын орталыққа айналады. Біле білгенге, бұл үлкен жаңалық. Байқағаным, аймағымызда жастар ІТ жобаларға батыл түрде қатысып келеді. Мәселен, Hackathon, InnoFest сынды ауқымды инновациялық жобалар аясында 7500-нан аса жас өз жобаларын жасап көрген. Үздіктері грант алды, таңдаулылары бизнесмендермен жеке жұмыс жасауға көшті, қалғандары идеяларын қайта дамытты. Өңірде Hackathon ІТ идеялар байқауы да өтті. Жаңа жобалардың бір бөлігі дәл осы жасанды интеллектке арналды. Аймақта ІТ мамандар жиі бас қосып тұрады. Кездесулерде «Қызылордада құрылыс нысандары жиі салынады, сондықтан да ІТ архитектор маманын дайындауға тиіспіз» деген сынды ойлар айтылады. Қазірдің өзінде Мақсат Жұмабек есімді студент Қызылордада салынып жатқан жаңа заманауи стадионның макетін жасауға атсалысқан. Бұл бір ғана мысал, – деді журналист, медиалектор Абай Тағыберген.


Оның айтуынша ІТ мамандар Қызылорданың өз венчурлық қорын қалыптастыру керек екен. Жобалар бизнеспен бірігіп, цифрлық номадтар табыс табуға көшу қажет. Сол арқылы Сыр еліндегі креативті индустрия дами түспек.

Әлем әсері


Тарқатып айтар болсақ, креативті индустрия шығармашылық қызметтің әртүрлі саласы, ойын әзірлеу, бағдарламалық өнімдер, әдебиет, музыка, өнер, жарнама, сәулет, кинематография, анимация, дизайн және басқа шығармашылық қызметпен тікелей немесе жанама түрде байланысты басқа да салаларды қамтиды. БҰҰ мәліметі бойынша жарнама, сәулет, өнер және қолөнер, дизайн, сән, кино, видео, фотография, музыка, орындаушылық өнер, баспа ісі, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік конструкторлық жұмыстар, бағдарламалық жасақтама, компьютерлік ойындар сияқты негізгі ресурстар ретінде шығармашылық пен зияткерлік капиталды қажет ететін салалар, электрондық басылымдар, теледидар және радио бұл индустрияның құрама бірліктері. Тізім әр елде әртүрлі болуы мүмкін, дегенмен бұлар ең негізгілері. Ашық дереккөздерге сүйенсек, креативті индустрияның жалпы ішкі өнімдегі үлесі әрине әр елде әртүрлі: мәселен, Аустралияда бұл үлес – 5,7
пайыз, Ұлыбританияда – 5,5 пайыз, АҚШ пен Қытайда – 4,2 пайыз, Италияда – 3,8 пайыз, Германияда – 3,1 пайыз. Түркия және Корея мысалын айтып өттік. Түрік сериалдарының әлемге таралу қарқыны мен Түркияға саяхаттаушылардың өсуі арасында корреляция бары анық. Бізде түрік тілін үйреніп, сол жаққа оқуға кеткісі келіп жүрген жастар өте көп. Корей idol-дары мен дорамаларына байланысты да осы жағдай. Бұл елдің жұмсақ күші тіпті тамақтану мен киім кию мәдениетіне де айтарлықтай ықпал етті. Немесе Димаш Құдайбергенге жанкүйер шетелдіктердің Қазақстанға саяхаттап келіп, қазақ тілін үйреніп жүргенінің өзі нақты мысал.

Саланы жандандыратын жол


Маңыздысы, еліміздегі шығармашылық индустрияға қолдау ауадай қажет екені даусыз. Шығармашылық индустрияның табысты болуы мемлекет жұмысына тікелей байланысты. Өйткені мемлекет білім деңгейі, экономикалық әртараптандыру, инфрақұрылым және тағы да басқа саланың дамуына байланысты барлық негізгі факторларда маңызды рөл атқарады. Бұған дейін Үкімет Креативті экономиканы дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын, жауапты министрлік креативті индустрияға жататын экономикалық қызметтің 43 негізгі түрін бекіткені баршаға мәлім. Ол тізімге зергерлік бұйымдар, IT және ойын жасау, мәдени мұра, телебағдарламалар, фото және дизайн, сәулет және сән, музыка, кино және анимация, сондай-ақ кейбір мәдени-демалыс мекемелері сияқты салалар енген. Критерийлер барынша жеңілдетіліп, халықаралық ұсыныстарға сәйкес келтірілген. Айта кетейік, елімізде креативті экономиканы дамытудың 2030 жылға дейінгі іс-шаралар жоспары да бар. 2020 жылдың қорытындысы бойынша креативті индустрияның жалпы ішкі өніміндегі үлесі 2,67 пайыз болыпты. 2025 жылға қарай бұл көрсеткішті 5 пайызға жеткізу де көзделіп отыр екен. Креативті экономиканы дамыту үшін «креативті индустрия» деген ұғым «Мәдениет туралы» заңға бекітілген. Үкіметтің мәлімдеуінше, қазір сарапшылар қауымдастығымен және индустрия өкілдерімен бірлесіп креативті индустрия мәселелері жөніндегі заңнаманы өзгерту тәсілдері талқыланып жатыр. Заңнамада авторлық құқық пен зияткерлік меншікті қорғау, креативті индустрия қайраткерлерін қолдау шаралары мен преференциялар, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың қосымша құзыреттерін қосуды көздейтін бірқатар новеллалар қарастырылған. Білуімізше, креативті хабтардың тиімді жұмысын құру үшін ел өңірлерінде креативті
индустрияны қолдау жөніндегі шаралар мен қолда бар инфрақұрылым туралы қажетті ақпарат жиналып жатыр. Дегенмен осы салада жүрген сарапшылардың сөзінше, бізге әлі нақты қолдау шаралары жетіспейді. Алайда олар аяқ алысымыз жаман емес деп баға беріп отыр.


Түйін. Білімді мен біліктіге де, дарынды мен жалындыларға да, олар ұсынған идеяларға да кенде емеспіз. Дегенмен қолдау дейміз бе, әлде басқа ма, әлдебір дүниенің жетіспей тұрғаны белгілі. Нарық заңына әкеліп тірейік десек, сұраныс жоқ деу сылтау болар еді, ұсыныс жоқ десек, тағы келмейді. Саланың өкілдері бағдарлама қабылдау керектігін, басқа жанама қолдау қажет екенін тілге тиек етті. Ең әуелі ішкі нарықты толыққанды қамтымай жатып, креативті индустрияны әлемге танытамыз деу утопия екені рас.


Айдар САЙЛАУОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!