Адам өмірінің үштен бір бөлігі ұйқымен өтеді. Сондықтан ол жай ғана демалыс емес, ағзаның толық қалыпқа келуіне мүмкіндік беретін маңызды процесс. Қазіргі өмір қарқыны түнгі ұйқыны жұмысқа, ойын-сауыққа айырбастауға итермелейді. Ал кейінірек ұйқының жетіспеуі адамның денсаулығына, көңіл-күйінің нашарлау- ына алып келеді. Яғни, дұрыс не бұрыс режим адамның физикалық және психологиялық денсаулығына, оқу үлгеріміне, еңбек өнімділігіне және өмір сапасына тікелей әсер етеді.

Бізді де алаңдататыны сол, қазір көп адамның ұйқы режимі бұзылған. Оны қалыпқа келтіру үшін ең алдымен үлкен өзгеріс емес, керісінше ақырындап әдет қалыптастыру қажет. Мамандардың айтуынша, ең маңызды қадам − ұйқыдан бір уақытта тұруды тұрақтандыру. Демалыс күндері де сол режимді сақтаса, ағзаның ішкі биологиялық сағаты дұрыс жұмыс істей бастайды. Сонымен қатар, ұйықтардан 1-2 сағат бұрын телефон, компьютер сияқты экран уақытын азайту керек. Себебі көк жарық миға «әлі күндіз» деген сигнал беріп, ұйқының келуін кешіктіреді. Кешкі уақытта кофе, қою шай және энергетикалық сусындардан бас тарту да маңызды. Олар ағзаны сергек күйде ұстап, ұйқыға кедергі жасайды.

Тақырыпқа тұздық болсын деп, бірнеше оқырманмен байланысқа шығып, ұйқы режимі жайлы сұрадық. Тыңдайық.

Ақарыс СЕЙІЛБЕК, 16 жаста, оқушы:

− Көбіне 23:00-00:00 аралығында ұйықтап, таңертең ерте оянамын, шамамен 7-8 сағат ұйықтаймын. Бірақ мұндай режимді күнде сақтау қиынға соғатыны рас. Сабаққа дайындаламын, күнделікті қарбалас та бар, қонаққа барамыз, мұнан бөлек кейде әлеуметтік желілерді қарап отырып, уақыттың қалай өткенін байқамай қаламын.

Иә, ерте ұйықтауға кедергі келтіретін негізгі себептің бірі – түнде телефон қолдану және келесі күн туралы көп ойлау. Демалыс күндері ұзақ ұйықтасам да, өзімді шаршаңқы сезінетін кездер де болады. Бұл ұйқы режимінің тұрақсыздығымен байланысты деп ойлаймын.

Абзал МҰҚАЖАНОВ, 21 жаста, студент:

− Менің режимім өзгелерден бөлек. Себебі таңғы 06.00-ге дейін жұмыста боламын. Ал үйге келген соң 12:00-13:00 уақыт аралығында ұйықтаймын. Кейде тіпті мүлдем ұйықтамайтын күндер де болады. Бұған себеп өте көп. Мысалы жұмыс, сабақ және бос уақытта фильм, сериал көру, ойын ойнау немесе манга оқу сияқты қызығушылықтарым бар. Міне, осы кезде уақыттың қалай өткенін аңғармай қаламын. Дұрыс ұйықтамасам да, бұл жағдайға жауапкершілікті өз мойныма аламын және өзімді де, уақытты да өзім басқарамын. Дегенмен, режим бұзылған кезде ағзаға әсері байқалады. Оны еш жасырмаймын. Бірақ мұндай өмір салтына үйреніп қалдым.

Фарида АЛИХАНОВА, 30 жаста, отбасылы:

− Күн тәртібім 6.30-да басталады. Таңертеңгілік жасалу қажет тіршілікті реттеп, бірінші баламды мектепке апарып, артынша жұмысқа барамын. Қарбалас тірліктің соңы жоқ қой, сондықтан түнгі екі жарым шамасында ғана ұйықтаймын. Кейде сериал қараймыз, «Tik Tok»-тағы контентті қимаймыз, киім үтіктеп, балаларды суға түсіреміз. Осы секілді күнделікті жұмыстар ерте ұйықтауға кедергі келтіреді. Ал күндіз жұмыс істеген соң, үй шаруасы да, өзіңе күтім жасау да тек түнгі уақытта қолжетімді. Бірақ аз ұйқының кесірінен бас ауруы, мазасыздық, әлсіздік пайда болып, күні бойы зауқым болмайды.

Дайындаған
Кәусар ТҰРСЫНХАН,
Сымбат ОРДАБАЙ,
Мансұр ОРАЗ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!