Жеңіс күні − адамзат тарихындағы айтулы, маңызды мерекелердің бірі. Бұл күн бізге бейбіт өмір сыйлаған ата-бабаларымыз бен апаларымыздың ерлігін, от пен оқтың арасында жүрген күндерін еске салады. Осы айтулы мереке қарсаңында білім ордамызда қазақтың қаһарман қызы, Кеңес одағының батыры Мәншүк Мәметованың рухына арналған «Мәншүк ерлігі – ұрпаққа үлгі» атты салтанатты іс-шара жоғары деңгейде өтті.

Жиынның ашылу салтанатында мемлекеттік ту көтеріліп, гимн шырқалды. Отансүйгіштік сезімді оятқан бұл сәттен кейін, жиналған қауым Мәншүк Мәметованың ескерткіш алаңына гүл шоқтарын қойып, батырдың рухына тағзым етті. Отан үшін жанын қиған боздақтарды еске алу мақсатында жарияланған бір минут үнсіздік кезінде әрбір қатысушының жүрегінде бейбіт күннің қадірі мен батырларға деген шексіз алғыс сезімі ұялады.

Иә, өнегелі сөз жастарға бағдар береді. Іс-шараның тәрбиелік мәнін арттыруда қонақтардың сөзі ерекше рөл атқарды. Колледж директоры Ж.Қ.Тоғанова өз сөзінде жастарды Мәншүктей батыр қыздың қайсарлығынан үлгі алуға шақырса, «Қарулы күштері ардагерлері» РҚБ филиал төрағасы, отставкадағы подполковник Мыңділда Сағидоллаұлы елге қызмет етудің қасиетті міндет екенін тілге тиек етті.

− Отанды сүю – ата-баба аманатына адал болудан басталады. Бүгінгі ұрпақ Мәншүктің ерлігін жадында сақтау арқылы өз болашағын баянды етеді, – деп атап өтті ардагер.

Мәншүк маршы және патриоттық рух

«Мәншүк маршы» шеруінде жастардың сап түзеп, нық қадаммен жүріп өткені ерліктің мәңгілік символындай әсер қалдырды. Салтанатты шара патриоттық ән мен күйге ұласып, көрерменге мерекелік көңіл-күй мен ерекше шабыт сыйлады.

Батырлар ерлігі − ешқашан ұмытылмайтын, ұрпақтан-ұрпаққа жететін қасиетті мұра. Мәншүк апамыздың өшпес бейнесі жастардың жүрегінде отансүйгіштіктің шырағы болып маздай бермек. Батырлар ерлігі − ұрпақ жадында, ал жеңіс рухы – жүрегімізде!

Нұрай ӘМІРХАНҚЫЗЫ,
Мәншүк Мәметова атындағы Қызылорда
педагогикалық жоғары колледжі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!