Инклюзивті білім беру қағидаларының бірі – барлық балалардың тең дәрежеде білім алуы. Бұл ретте логопед-дефектолог маманның көмегіне жүгінген маңызды. Түзету-дамыту жұмыстары неғұрлым ерте басталса, үйден ата-ана түрлі тапсы­р­маны қайталаса, нәтиже соғұрлым тез болады.

Көбіне ата-аналар баласының сөйлеу тілінің ке­шеуілдеуіне мән бермейді. Бізде бала ерке болғандықтан жөнді сөйлей алмайды, кейін дұрысталып кетеді деген түсінік қалыптасқан. Одан арылу қажет және баламен бала тілінде сөйлеспеу керек. Ретсіз өбектемеген жөн. Анық сөйлемейтін баланы аңғарған ата-ана ерте маман көмегіне жүгінсе, соғұрлым жақсы нәтижеге жетеді. Әр балаға жеке жұмыс жоспарын дайындап, олармен міндетті түрде артикуляциялық жаттығулар жасау қажет. Негізінен бала қаншалықты көп күйзеліске түссе, жетілу процесі кешеуілдейді. Кей отбасында баласы 1 жасқа толмай жатып, екінші сәби дүниеге келеді. Мұндайда бала қызғаншақтыққа, күйзеліске түсіп, нәтижесінде томаға-тұйық болып, психикалық дағдарысты бастан кешеді. Соның әсерінен тіл мүкісі пайда болуы мүмкін. Ал оның толық түзелуіне ұзақ уақыт кетеді. Ол баланың жеке, физикалық, психикалық даму ерекшелігіне байланысты. Аз уақыт дегеннің өзі 3 айға, ал ұзақ уақыт 3 жылға созылуы мүмкін. Бұған қоса пластилинмен жұмысқа ерекше мән беру керек, ол – құнды жаттығу, дайын массаж. Сонымен қатар сүйек мүжудің де пайдасы бар. Бұл кезде ауыз қуысының бұлшық еттері ширайтын көрінеді. Ғылымда дәлелденбегенмен, бұл да жаттығу жасаудың тиімді түріне жатады.

Қалай десек те, ерекше балалардың мүмкіндігі шек­­телмей, қатарынан қалмай білім алуына жағдай жасау қажет. Ата-аналарда уақыт оздырмай, арнайы мамандарға жедел жүгінгені жөн.

Гүлнұр ШЕГЕНБАЕВА,

«Нұр орда» бөбекжай-бақшасының

логопед маманы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!