Күні кеше өткен облыстық мәслихаттың кезекті тоғызыншы сессиясында облыстық мәслихат депутаты, «Nur otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Аманжол Оңғарбаевтың жолдаған депутаттық сауалы

Құрметті әріптестер!

Құрметті Нұрлан Шәймерденұлы!

Талқыланып отырған мәселе Қызылорда облысын дамыту бағдарламасын бекіту болғандықтан өз ойыммен бөлісуді жөн санап отырмын.

Өздеріңіз білетіндей, биылғы жыл Арал ауданында құрғақшылық орын алып, төтенше жағдай жарияланды. Жауын-шашынның болмауынан және Сырдария өзенінде су деңгейінің төмен болуына байланысты шөлдеген мал жағалауда пайда болған ұйықтарға батып, шықпаған шөптің ізін қуып, құм жеп, қаталап қырылды /ресми деректер бойынша 600 бас/.

Одан бөлек алдағы қыста қолда қалған малын қайтсем аман алып қаламын деген жүздеген шаруа қожалықтар көршілес Ақтөбе облысының территориясына көшірілді. Елде қалған шаруашылықтар да мемлекетке қол жайып қарап отырмай жем-шөп азығын әзірлеп өз қамын жасады. Ал нарықта жем-шөп құнының бірнеше еселеп өскенін көріп отырмыз.

Облыс әкімдігі төтенше жағдай аясында бюджет қаражатының шегінде Бұрмақұлақ учаскесін бөгеу, Дің, Бектау және Ералы каналдарын қазып-тазалау жұмыстарымен қатар, Мергенсай, Ақбасты, Сексеуіл және Аққұм ауылдарынан су ұңғымаларын қазу жұмыстарына тиісті қаржы бөлді. Атқарылған жұмыстар жоқ емес, алайда әлі де қолға алынуы тиіс көптеген мәселе көрініп тұр. Себебі алдағы жылы осы құрғақшылықтың жалғаспасына ешкім кепілдік бермейді. Егер биылғы қиындық қайталанса жіберген қателіктің алдын алуға дайынбыз ба?

Биылғы жылы Арал ауданы бойынша облыстық бюджетке ұсынылған 15 су ұңғымасының 4-еуі ғана қазылса, 8 каналдың 3-еуінің арнасы ұлғайтылды.

Ендігі кезекте Арал ауданының қыр беткейіндегі су ұңғымаларын қолға алмасақ, тіршілігін төрт түлікпен түлетіп отырған аралдықтардың күн көрісіне облыстық әкімдік жәрдем береді дегенге күмәнмен қарайтын болады.

Сонымен қатар ауданда соңғы жаңалықтарда көріп жүргеніміздей, егін шаруашылығын дамыту қолға алынып жатыр. Бұл шаралар Бұрмақұлақ арнасын бөгеумен Аспай су ағытқысын іске қосудың нәтижесі деп білеміз. Алайда дариядан егіске су өз ағысымен бармағаннан кейін одан кетпенін ұстаған шаруа мол өнім алатынына тағы көз жеткізе алмай жалтақтайтыны сөзсіз. Сондықтан да облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы арқылы жасалған каналдарды тазалау мен су ұңғымаларын қазу жобаларын, бірауыздан тиісті қаржысын бөлу арқылы қолдауға шақырамын.

Сонымен қатар облыстық табиғи ресурстар басқармасы құрғақшылық мәселесімен күресуде сырт қалған басқармалардың бірі ретінде танылып отыр. Олай дейтінім қуаңшылықпен күрес кезінде облыстық басқармадан осыдан 2 жыл бұрын ұсыныс берілген СНП10/500 су айдау насосынан басқа жәрдем берілмеген. Бір қызығы, бұл насостарды ұстап тұру шығындары бюджеттен қаралмаған.

Сондай-ақ аталған насостарды қазіргі дариядағы су деңгейімен есептегенде пайдалану өте тиімсіз. Сондықтан қазіргі заманның талабына сай келетін, шаруаларға қолайлы жылжымалы насостар алған дұрыс деп санаймын.

Құрметті әріптестер, құрметті Нұрлан Шәймерденұлы!

Менің көтеріп отырған мәселем бір Арал ауданына ғана қатысты емес, көршілес аудандардың да басында осындай мәселе бар. Қазақта «Жұт жеті ағайынды» деген тәмсіл бар. Ертеңгі күн сан соғып өкінбес үшін, бүгіннен бастап арнайы кешенді жоспарды қолға алуымыз керек.