Өнердің құдіреті де сол, ол тарихты бір сәтте тірілтіп жібереді. Онымен қоса бір сахна − бір дәуірдің тынысын, ал бір рөл − бүтін бір ұрпақтың жан жарасын жеткізеді.

Жуырда осындай рухани сабақтастықты дәріптеген тағылымды іс-шараның бірі Бекарыстан би ауылдық мәдениет үйінде «Қазақфильм» киностудиясының 85 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып, «Өмір кадрлары – сахна сырлары» атты аудандық драма үйірмелеріне арналған байқау өтті.

Қызыл кілем жайылып, ауданның әр ауылынан келген қатысушы қошеметке бөленіп, сахна төріне жиналды. Ал ашылу рәсімінде сөз алған округ әкімі Қ.Құрманбаев «Қазақфильмнің» қазақ руханиятындағы орнына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Бұл жолы командаларға сәттілік керек-ақ. Өйткені сен тұр, мен атайын деген өнерпаздардың қарымы қатты, тапсырманың да жүгі ауыр. Байқаудың негізгі бөлімі І кезең форматында өтіп, оған жеті драмалық ұжым қатысты. Қатысушылардың барлығы ІІ дүниежүзілік соғыс тақырыбындағы драмалық қойылымдарын сахналады. Иә, жеңіл тақырып емес. Десе де командалар майдан даласындағы ерлік, оқ пен оттың ортасында қалған сарбаздарды бейнелеп, көрермен жүрегіне жол тапты. Әр ұжым қойылымды тек орындап шыққан жоқ, сахнадағы оқиғаны қайта түсінді, қайта сезінді. Бірі режиссерлік шешім арқылы трагедияны аша алса, енді бірі қарапайым детальдармен-ақ дәуірдің ауыр салмағын жеткізді.

"Өмір кадрлары - сахна сырлары": үздіктер анықталды

Мәдениет саласының үздігі Болат Жолтаев, мәдениет саласының ардагері, актер Бижан Құрманбаев, Ж.Тұрсынов атындағы халық театрының режиссері Индира Рсалиева секілді білікті мамандар кәсіби деңгейде баға беріп, қатысушылардың жұмысын саралады.

Байқау қорытындысы бойынша Бозкөл ауылдық мәдениет үйі жанындағы драма үйірмесінің қанжығасы майланып, бас жүлдемен қатар 30 мың теңге ұтты. Ал І орын Бекарыстан би ауылдық мәдениет үйі жанындағы драма үйірмесіне бұйырса, Ақтан батыр ауылының мектеп театры ІІ орын, Майдакөл ауылы және Қ.Пірімов ауылдық клубының драма ұжымдары ІІІ орын иеленді.

Үздіктердің қатарындағы Бекарыстан би ауылдық мәдениет үйі жанындағы драма үйірмесінің жетекшісі, ауылдық мәдениет үйінің әдіскері Шархан Тілеуназаров байқаудың жоғары деңгейде өткенін атап өтті.

– Қатысқан барлық команда үлкен әрі тыңғылықты дайындықпен келген. Әр қойылымнан ізденіс пен жауапкершілік байқалды. Ең бастысы – мұндай іс-шара ауылдық драма үйірмелерінің жұмысын жандандырып, өнерпаздардың шығармашылық белсенділігін арттыруға үлкен серпін береді, – деді Бекарыстан би ауылдық мәдениет үйінің әдіскері Шархан Қуанышұлы.

"Өмір кадрлары - сахна сырлары": үздіктер анықталды

Ал «Үздік актер» номинациясы Қ.Пірімов ауылының өнерпазы Еділ Тайланға берілді. Қалған ұжымдардың да еңбегі бағаланды. Барлығы алғыс хатпен және қаржылай ынталандыру сертификаттарымен марапатталды.

Інжу МАРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!