Фото: gov.kz
Қазақ халқында қаймағы бұзылмаған маңызы мен мәні өз алдына бір бөлек салт-дәстүр көп. Соның бірі – бір жасқа толған сәбидің тәй-тәйлап қадам басып жүруі. Ала жіптің күрмеуін шешіп, тұсауын кесерде жүрісінің нық, келешегінің кемел болуын тілеп жатады. Сосын алдына қаз-қатар заттарды тізіп, таңдағанымен болашағын байланыстырады. Қылығымен таңдай қақтыратын бүлдіршіндер кішкентайынан әлденеге қызығып, талаптанып жүреді. Өйткені бала болмысы бейімділігін бірден байқатып тұрады. Бірақ есейе келе арман жолына түсіп, талғам өзгеріп, талапты баланың таланты жаңа қырынан ашыла түседі. Тек, ата-ана баласына бағдар беру үшін тұспалдап, бағытты жолды нұсқауға асық болады. Өйткені, келешектің күңгірт болмауы үшін бойынан қабілет көрсе дамытып, дарынды атануына жағдай жасауы қажет.
Иә, бала – жас шыбық тәріздес. Сондықтан тал бесіктен тәрбиені сіңіріп, қызығушылықпен сұраған әр сауалына асықпай-аптықпай жауап беріп, ойлау жүйесін тереңдете түскен. Әйтеуір, танымын кеңейтетін, қабілетін шыңдайтын шығармашылықпен айналысуына кедергі келтірмеген анағұрлым дұрыс. Осы орайда өзім қызыға оқитын психологтың кеңестерін ұсынғым келеді.
1. Бала бойындағы талантты 2 жастан бастап дамытуға болады. Сәби әлемдегі құбылыстарды көру және есту арқылы қабылдайды. Сондықтан айналадағы әрбір құбылысты олардың назарынан қалдырмай түсіндіріп отыруда еріншектік танытпаңыз.
2. Ойыншық таңдағанда ойды дамытуға арналғанын алуға әрекет жасаңыз.
3. Ойыншықтар баланың жасына сәйкес болсын. Ойды дамытатын ойыншықтармен түске дейін, түстен кейін шығармашылық ойды дамытуға арналғандарын беріңіз.
4. Баламен қарым-қатынас еркін, анық, түсінікті және жылы болсын.
5. Балалар ойнап жатқанда кедергі жасамаңыз. Өз ойы және қиялымен болсын.
6. Оқу және жазуды үйренген кезде ойдан ертегі құрастырып айтып беріңіз. Мүмкін баладан жазушы шықпасына кім кепіл?
7. Егер балаңыз өзіне не керек екенін анықтай алмаса, түрлі үйірмелерге жаздырыңыз. Спорт, шығармашылық, техника осылар арқылы ол өзінің жолын таңдауға мүмкіндік алады.
8. Жетістіктерін мақтап отыруды ұмытпаңыз.
9. Уақытты көбірек бірге өткізуге тырысыңыз. Оның жан-дүниесіне не керек, қиын кезде қалай көмектесу керек? Бұлардың бәрінен хабардар болып отырыңыз. Ата-анасының махаббаты мен жылулығы балаға сенім береді.
Ақиқатында, бала үшін ойын мен ойыншықтың маңызы зор. Себебі, бала топтасып немесе өздігінен ойнау арқылы ойлауын дамытып, көпшіл ортаға үйреніп өзін дамыта түседі. Бұл – бүлдіршіндерде болатын құбылыс. Балдырғандар үшін ойыншықты шашып, оны анда-мында тасып ойнаудың өзіндік ерекшелігі бар. Тіпті, ата-аналар баласымен бірлесе жүріп шашылған ойыншықты жинауға жұмылса, бала да жауапкершілікті сезінеді. Қанша дегенмен, кішкентайлар ересектің ісінен үлгі алып, көргенін істемеуші ме еді? Бұл ретте отбасы мүшелері баламен онымен бір толқында болуға тырысу керек. Бұл әрекет күн сайын қайталанатын болса, өзі шашқан ойыншығын өзі жинауға әрекет етеді. Дегенмен, бөлме толы ойыншығына қарамастан, жаңаға құмартқан балалар қайта сатып әперуін өтінеді. Ал, бауыр еті баласының бақыты мен қуанышы үшін ата-ана қарап қалмайды. Дегенмен, қызылды-жасылға қызыққан баланың әр кез ойыншық «алып бер» деген өтініші өршіп кетіп, тіпті тізімі таусылмай жатады.
Қысқасы, балаға қалағанын сатып әперіп, ерке етуге де болмас. Өйткені аузын ашқан сайын бәрі алдында дайын тұрғандықтан мұндайға үйреніп, келесі жолы айтқаны орындалмаған соң тентектік танытуы мүмкін. Екінші жағынан, «жоқ» деп баланың меселін қайтаруға да болмас. Одан бала кейін жасқаншақтық пен жалтақтықтың шеңберінен шыға алмай қалады. Сондықтан әр кез баланың ебін тауып, еркелете отырып, ұқыптылық пен қанағатшылдыққа үйреткен абзалырақ. Тіпті, өзара келісім жүргізгеннің де айыбы жоқ. Алдымен, бірігіп отырып тізім жазыңыздар. Дүкенге бармас бұрын алатын заттарыңыздың тізімін алдын-ала жоспарлаңыздар. Жазылған тізім бойынша заттарды сатып алуға қызығушылығын ояту үшін ең алдымен, тізімде жазылған нәрселерге қызықтырыңыз. Балаңыз оқи алмай ма? Онда алатын затыңыздың суретін салыңыз: нан, кәмпит, қияр, картоп, қызанақ, т.б. Ал егер әріп таныса, тізімді ірі әріптермен (түрлі түсті фломастерлермен қызықтырақ) жазыңыз. Дүкенде сауда жасап жүргенде балаңызға арбаға тізімде жазылған заттардан басқа артық зат салынбағанын тексеріп отыруын ескертіп қойыңыз. Сондай-ақ, балаңызды бюджетті жоспарлауға ынталандырыңыз. Төрт жасар бала үнемдеудің мұндай сабағын қызықты ойын деп қабылдайды, алайда ол қаражаттың барлығын сағызға, сусынға, ойыншыққа жұмсауға болмайтынын, үйге ет, сүт, нан, ірімшік, жаңа күртеше, дәрі-дәрмек, т.б. алу керектігін түсінетін болады. Келісімге барыңыз. Егер дүкенде балаңыздың көзі жайнап, ойнақтай бастаса, пәтеріңіздің қойма емес екенін жайлап, сабырмен түсіндіріңіз, бәрін бірінен соң бірін алуға болмайды деңіз. Оның орнына оған басқа нәрсе ұсыныңыз, қымбат не үлкен болуы міндетті емес. Мысалы, іші ауаға толтырылған түрлі түсті шарлар, бояйтын суреттер топтамасы, сабынды көпіршіктер. Арасында осы заттардың кереметтігін айтып, мақтауды да ұмытпаңыз, тек балаңыздың ойында «жаман, арзан нәрсе» деген күмәнді ой туғаны дұрыс.
Баланың бақытты болғанын бәрі қалайды. Олай болса, ойыншықтың түр-түрі көбейген кезеңде, сапалы әрі пайдалысын таңдауды ескеріңіз. Кез келгенді тез қабылдап алатын бала санасын арзанмен уламаған игі. Жоғарыда айтып өткендей, баланың бітім-болмысы кішкентайынан белгілі болады. Демек, бала кезінен үлде мен бүлдеге орарлық байлық болмаса да, бастысы дарынын ашарлық даңғыл жол қалыптастыруда қарекет ету керек.
Ақнұр ТӨЛЕН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!