Бүгін, 1 наурыздан бастап 1-5 сынып оқушылары аралас оқыту форматына көшті. Осыған байланысты білім және ғылым вице-министрі Шолпан Қаринова бастауыш сынып оқушыларының қалай оқытылатынын түсіндірді.

Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, 1 наурыздан жалпы білім беретін мектептердің 1-5 сынып және халықаралық мектептердің 1-7 сынып оқушыларын аралас форматта оқытуға рұқсат етілді.

«Тек ерекше жағдайларда, ауырғанда немесе науқаспен байланыста болса, ата-анасының өтінішімен балаларды қашықтан оқытуға қалдыруға рұқсат етіледі», – деп жазды Қаринова Facebook-те.

Вице-министрдің айтуынша, әр мектеп штаттық режимде немесе қашықтан оқытылатын пәндерді және оқу сағаттарының санын өзі анықтайды. Бұл ретте мектептер осы оқу жылында қолданыстағы жұмыс оқу жоспарларын басшылыққа алады.

Білім және ғылым министрлігі «Көркем еңбек» және «Музыка» пәндерін 1-5 сыныптарда қашықтан асинхронды форматта қалдыруды, қалған пәндерді мектепте оқытуды ұсынып отыр.

Осы орайда Қаринова бастауыш сынып оқушылары неге мектепке оралғанын түсіндірді.

«1-5 сыныптардың барлық оқушысын мектепке қайтару базалық білімнің, қажетті дағдылар мен құзыреттердің бастауыш мектеп деңгейінде қалыптасатынымен байланысты болып отыр. Олар үшін әлеуметтену және қарым-қатынас процестерінің жалғасуы, оқыту кезінде ұжымдық өзара қарым-қатынастың қолжетімді болуы маңызды. Сондықтан бірінші кезекте осы сыныптар бойынша шешім қабылданды», – деді вице-министр.

Ол оқушылар мектеп формасын киюге міндеттелмейтінін атап өтті. Балаларға еркін, ұқыпты және жинақы киімде болуға рұқсат етіледі.

«Ата-аналарға мектеп формасын сатып алудың қажеті жоқ», – деді Қаринова.

Сонымен қатар, 1 наурыздан бастап сабақтан тыс уақытта білімдегі олқылықтарды толықтыру үшін 15 адамнан аспайтын топтарда оқушыларды жеке оқытуға болады. Бұл жағдай әлі де қашықтан оқитын 6-8, 10 сыныптарға қатысты. Жеке оқыту міндетті емес, мұғалімдердің шешімі мен ата-аналардың келісімі бойынша жасалады.

Министрлік мектеп басшыларына балалардың қауіпсіздігін және денсаулығын сақтау үшін барлық жағдайды жасауды тапсырды. Оқушылар мен мұғалімдер санитарлық қауіпсіздік шараларын сақтауы тиіс.

sputnik.kz

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!