Фото: pavlodarnews.kz

Жобалаушылар құрылыс өзеннің экожүйесіне нұқсан келтірмейді деп сендіріп отыр. Бұл жерде шағын демалыс үйлері мен аквапарк салынады. Бұл туралы KAZINFORM ақпарат агенттігі хабарлайды.

Павлодар қаласы туристік әлеуетін күшейтуге күш салып жатыр. Ірі жобаның бірі – Ертіс өзенінің сол жағалауында салынатын эко-қалашық. Шаһардың өзі оң жағалауда орналасқандықтан эко-қалашыққа болашақта өзен үсті арқылы жетуге болады, сондай-ақ Атамекен кенті арқылы көлік жолы салынуы мүмкін.

Облыс әкімі Асайын Байхановтың айтуынша, қазіргі уақытта «KAZAKH INVEST «Ұлттық компаниясы» АҚ-ның қатысуымен инвестициялық келісім пысықталуда. 

«Ең маңыздысы – жобаның экологиялық бөлігі. Қоқысты шығару, сумен жабдықтау және кәрізбен қамтамасыз ету мәселелерін пысықтау қажет», – деді өңір басшысы.

Pavlodarnews.kz сайтының хабарлауынша, жобаны жергілікті кәсіпкер Илья Мухортов жүзеге асырмақшы. Инвестор эко-қалашық Ертіс жайылмасының экожүйесіне ешқандай зиян келтірмейді деп отыр. 

«Қазір көптеген заманауи, экологиялық тұрғыдан таза құрылыс материалдары бар. Мысалы, біз аумақта септик қоямыз, өзенге сарқынды су құйылмайды. Әрі бірде-бір ағаш зардап шекпейді. Экоқалашық шамамен 2,5 гектар жерді алады. Бұл аумақта «А-Frame» түріндегі 15 үй және ағаш подиумдардағы глэмпингтер орналастырылады. Әрқайсысына 4-12 адам сыяды. Жоба күрделі құрылыстан емес, тек модульдік конструкциялардан тұрады», дейді кәсіпкер. 

Бұл жерде заманға сай жағажай жасалып, аквапарк салу ойда бар. Эко-қалашық қыста да қызмет көрсете алады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!