Волейболдан әйелдер арасындағы 34-ші ел чемпионатында өңірдегі «Қайсар» волейбол клубы чемпион атанды. Аймақ атын шығарып, Сырдың даңқын асырған спортшылар 12 команданың ішінен үздік шықты.
Бес кезеңнен тұратын сайысқа 12 команда қатысып, төртінші кезеңде 8 команда play of ойындарына жолдама алды. Олардың қатарында атыраулық «Хиуаз», оралдық «Жайық», Павлодардан «Ертіс», Хромтаудан «Әлия», «Шымкент», «Тараз», «Астана СДД» және қызылордалық «Қайсар» бар.
Топтық кезеңде «Әлия» мен «Ертіске» 3-1 есебімен есе жіберген «Қайсар» «Астана» мен «Жайықты» шаң қаптырып, жартылай финалға жолдама алған. Бұл кезеңде «Ертісті» 3-1 есебімен ойсырата жеңген олар финалда атыраулық «Хиуазбен» кездесті. Бұл кезеңді 3-2 есебімен аяқтап, жеңіс туын желбіреткен.

Командалық олжадан бөлек, «Қайсардың» қайсарлық танытқан қыздары Мөлдір Нұрлан, Әдемі Қияшева және Жанел Қоңырова арнайы номинациялармен марапатталды.
– Әрине, бұл – ең алдымен бізге осындай мүмкіндік беріп, жеңіске жету жолында барынша қолдау көрсеткен басшылықтың арқасы. Қыздардың мықтылығы мен тынымсыз тер төгіп, жаттыққанымыздың да жемісті нәтижесі, – дейді команданың бапкері Дидар Сайын.
Айта кетейік, команда 2023 жылы құрылған. Сол жылы бірінші маусымын өткізген ойыншылар 12 команданың ішінде бесінші орынға табан тіреген болатын. Жиған тәжірибе мен еңбегінің арқасында команда екінші маусымда бақ сынап, 8 команданың ішінде төртінші орынның тұғырына қонды. Ал үшінші маусым үздіктер көшін бастап, ел чемпионы деңгейіне көтеріп тұр.
Дәулет ҚЫРДАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!