27 шілдеден бастап елімізде пошта қызметін көрсетуге қатысты жаңартылған ережелер күшіне енеді.

Жаңартылған ережеге сәйкес, енді тіркелетін пошта жөнелтілімдерін тек алушының өзі немесе сенімхат иесі ғана емес, алушының алдын ала келісімі болған жағдайда үшінші тұлға да ала алады. Ол үшін PIN-кодты енгізу немесе жөнелтілімнің штрих-кодын сканерлеу жеткілікті.

Сондай-ақ пошта операторлары цифрлық жүйелер мен электрондық сервистерді кеңінен пайдаланатын болады. Клиенттер жөнелтілімнің қабылданғаны, жеткізілгені, табысталғаны немесе кері қайтарылғаны туралы электрондық хабарламалар алады. Бұл рәсімдердің барлығы цифрлық форматта расталуы мүмкін.

Ережелерде гибридті пошта жөнелтілімдері де қарастырылған. Мысалы хат алдымен электрондық форматта жіберіліп, кейін оператор оны қағазға шығарып, адресатқа жеткізе алады. Сондай-ақ керісінше, қағаз хатты электрондық хабарламаға айналдыру мүмкіндігі де енгізіледі.

Сонымен қатар жеке деректерді қорғауға қатысты талаптар күшейтіледі. Енді пошта жөнелтілімін қабылдау немесе табыстау алдында оператор пайдаланушының жеке деректерін жинауға, пайдалануға және сақтауға келісім алуы тиіс. Келісім қағаз немесе электрондық форматта, оның ішінде электрондық цифрлық қолтаңба арқылы рәсімделеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!