Соңғы кезде қазақша дубляждың қаралымы, әлемдік прокаттағы фильмдердің қазақша дыбысталуы мен аударылуы өзекті мәселе ретінде қоғам мен көрермен тарапынан жиі талқыға түсіп келеді. Мәдениет министрлігі де бұл жайтты назардан тыс қалдырған емес. Жыл басынан бері бірнеше фильмнің қазақшаланып, кинотеатрларда ұсынылуы – соның айғағы. 15 желтоқсан күні қазақстандықтарға «Аватар:Су жолы» фантастикалық кинотуындысының қазақ тіліндегі нұсқасы көрсетілді.

Аз ғана уақыт ішінде даңққа да, дақпыртқа да ие болып үлгерген қазақша нұсқа несімен ерекше? Дубляжға көрерменнің көңілі толды ма? Туындының адамзат баласына сыйлайтын әсері қандай? Джеймс Кэмеронның ғылыми-фантастикалық фильмі Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен дубляждалған. Дубляж режиссері – Шах-Мұрат Ордабаев. «Біздің басты мақсатымыз – қазақ киносын, қазақ дубляжын дамыту, қазақ тіліндегі аудиторияны кеңейту. Әлеуметтік желіде көптеген азаматымыз фильмді қазақ тілінде көруге шақырып жатыр. Сіздердің табандылығыңыз мемлекеттік тілдің өсуіне ықпал етеді деген ойдамын. Әлемдік деңгейдегі фильмдердің қазақ киносында орны бар екені анық. Министрлік алдағы уақытта да бұл жұмысты жалғастыратын болады. Әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті бола отыра қазақ киносын да әлемдік тілде шығару – басты мақсатымыз», – деді мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов.
Айта кетейік, фильмді дыбыстауға 300-дей дубляж актері еңбек еткен. Бас кейіпкер Джейк Саллиді – актер Қобыланды Болат, Зои Салдананы – Шехназ Қызықанова дыбыстайды. Сонымен қатар дыбыстауға кішкентай балалар да қатысқан.
– Мен Кири есімді кейіпкерді дыбыстадым. Ол – өте батыл, мінезді қыз. Екеуміз ұқсаймыз. Дубляж жасау қиын болған жоқ. Бір күнде жазып шықтық. Режиссеріміз нені қалай істеу керек екенін түсіндіріп отырды. Негізі бұл менің алғашқы жұмысым емес. Бес жасымнан бастап дыбыстап жүрмін. Атап айтқанда, «Ойыншықтар хикаясы – 4», «Моана», «Мұзды өлке – 2» сияқты анимациялық фильмдердің дыбыстауына қатыстым, – дейді кішкентай Нұрай Сәдуақас.
Фильмнің қазақша дыбысталуына сын жоқ. Себебі қазақша дубляж сұранысы жоғары, бюджеттік табысы мол сала болмағанымен, әлемдік туындыларды қазақша сөйлетіп жүрген әртістер жоқ емес. Ендеше, көрермен арасында дау тудырған қандай мәселе? Бұл – кинотеатр­лардың «қазақша» сөйлейтін туындыларды күніне бір рет қана, ыңғайсыз уақытқа қоюы, бағаны шарықтатуы. Әрине, маркетинг дәуірінде кинотеатр­лардың да аты шығып, атағы жоға­рылағанның бәрін ақша табуға пайдаланып қалатыны заңдылық. Ал уақыт жағы шынымен қоғам тарапынан көп талқыға түсіп, әлеуметтік желіде министрдің өзі жауап берген болатын.
13 жылдан кейін шыққан «Аватар 2» фильмінің көрсетілу кестесіне жаппай шағымданған жанкүйерлер фильмнің қазақ тіліндегі көрсетілімі күніне бір рет және көпшіліктің қолы босамайтын түскі уақытта қойылғанын назарға алған. «Қазақ тілінде бір жылда бір-екі фильм ғана шығады. Бірақ оның өзін қолайлы уақытта көре алмайсың» деген желі қолданушыларына мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев пікір білдірді.
«Аватар: Су жолы» фильмін ел азаматтары қазақ тілінде тамашалай алуы үшін Мәдениет және спорт министрлігі бастамашылық етіп, Disney студиясымен бірігіп, үлкен жобаны қолға алды. Жаңа блокбастерді қазақ тіліне дубляждап, барлық кинотеатрға берді.
Әлбетте, кинотеатрлар – бизнес субъектісі. Десек те, қазақтілді контентке қолдау көрсетіп, фильмді сұранысқа сай уақытқа қойған кинотеатрлардың тізімін, кинокестесін сіздерге ұсынамыз. «Аватардың» қазақ тіліндегі нұсқасына баруға шақырамын», – деп жазды министр.
– Қазақша дубляждың қаралымын қалай көтереміз? 15 желтоқсан кинотеатрға «Аватар: Су жолы» фильмінің қазақша дубляжы шығады. Қазақ көрермені, осы премьераны пайдаланып, дубляж нарығына ықпал ете аламыз.
Мәселе мынада: қазақша дубляжға көп жағдайда адам аз барады екен-мыс. Кинотеатр – жекеменшік кәсіп болғандықтан, сеанстарының уақытын сұранысқа қарай қояды. Мұны қалай шешеміз? Аватардағы На’Ви халқы айтпақшы, жатқан тастың астына су бармайды. Сондықтан көрсетілімнің қазақша нұсқасына барынша көп баруымыз керек. Қазақшаға сұраныс көп болса, «сыйласқанның суын іш» деп кинотеатрлар да көрерменнің қалауына қарай ыңғайластырады. Кинопрокатта бірінші апта аса маңызды, оның нәтижесіне қарап, екінші аптаның кестесін жасайды. Бірінші аптада бәріміз – отбасы, бала-шаға, көрші-қолаң, ауыл-аймақ боп «Аватардың» қазақша сеанстарына тойға барғандай жаппай ағылып барайық! Атам На’Ви айтпақшы: судың да сұрауы бар, сондықтан бүкіл кинотеатрға алдын ала телефон шалып, На’Ви тәрізді бәрін ана тілімізде сұрап, қазақша дуб­ляжы неше­де, қай залда екенін анықтап, жоқ болса қосуын талап етіп, тыным бермей дабыл­датайық (тек агрес­сиясыз). Әйт­песе, қазақ дуб­ляжы суға кет­кендей тал қар­майды, – деп жазба қал­дыр­ды Qazaq Grammar парақ­шасы. Кейіннен саналы ой сапалы көрерменнің қолдауына ие болып, әлеуметтік желілерде кеңінен тарай бастады.
Журналист Үйтолған Жареке: «Аватарды» көрдік. Қызылордадағы киноплексте бір реттік қана қазақша көрсетілімі бар екен. Түнгі сағат 21:10-да. Уақыты кештеу болса да қазақша көрсетілімін таңдадық.Үш сағат зал сілтідей тынып, бір деммен қарап шықты. Билет таппай, амалсыз орысшасына алып жатқандарды да көз көрді. Керісінше егде жастағы апайдың: «Қазақша ма не?» деп менсіңкіремегенін де байқап қалдық. Бір кем дүние…
Уақыт арнауға, қарауға лайық туынды. Отбасындағы әкенің рөлі, ананың мейірбандығы мен қамқорлығы, керек жерінде перзенті үшін отқа ұмтылар жүректілігі қазақтағы отбасылық құндылықтарды меңзеп тұрған сияқты. Бір қанаты жұлынған алып балық. Оның мақұлық та болса мейірімділігі мен жақсылыққа жақсылықпен үн қатуы ой саларлық эпизод. Зұлымдыққа қарсы күресуі тілсіз табиғаттың буырқануы тәрізді. Блокбастердің шиеленісті сәтінде алып балықтарды аяусыз қырған пайдакүнемнің бір қолының жұлынып кетуі ешкім де, ештеңе де сұраусыз қалмайды дегенді нықтап тұр. Аударма да, дубляж да ұнады. Кішкентайларға да әсер сыйлайды. Шыққан соң ұлым: «Мама, ғаламшардың ең жауызы адам екен ғой» деді. Үндемедім. Рас қой бірақ», – дейді дубляждалған туынды туралы.
Қалай десек те, қазір көрерменнің сұранысы қандай болса, соған сай туындылардың көптеп көрсетілетіні, бағаның да соған сай өзгеретіні қалыпты құбылыс. Баға қымбат дейміз. Егер қазақша дубляжға сұраныс артып, екі күннің бірінде көрсетілсе, ондай болмас еді. Ақырында қазақша дубляждың да, қазақ тілінің де тағдыры өзіміздің қолымызда екені анық.

Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!