Kazinform коллажы

Қорғаныс министрлігі Kazinform сауалына жолдаған жауабында әскери техника жөндейтін бөлімдердің санын арттыру жоспарда бар екенін мәлім етті.

«Әскери техниканы жөндеу мүмкіндіктерін арттыру үшін Қарулы күштер құрылымынан жөндеу-қалпына келтіру жұмысына маманданған бес жаңа бөлім (Алматы, Ақтау, Теміртау, Қонаев және Гвардейск қаласында) жасақталып жатыр. Бүгінгі таңда Қарулы күштеріміз қару-жарақтың, әскери техниканың және өзге де материалдық ресурстардың негізгі түрлерімен қамтамасыз етілген. Бұл қазіргі сын-қатер мен мемлекет қауіпсіздігіне төнуі мүмкін қауіпке барынша рационалды жауап беруге мүмкіндік жасайды» деп жазады министрліктен.
Министрлік мәліметінде елдің қорғаныс саласына бөлінетін ақшаның көлемі де айтылған.

«Ұлттық және өңірлік қауіпсіздікті нығайту мүддесінде басқа мемлекеттермен әскери және әскери-техникалық ынтымақтастық аясы кеңейіп келеді. Қорғаныс министрлігі Индустрия және құрылыс министрлігімен бірлесіп, сондай-ақ әскери-өнеркәсіп кешені кәсіпорындарының басшыларын тарта отырып, қару-жарақ пен әскери техниканы сатып алуды мемлекеттің әскери-экономикалық қауіпсіздігі мен әскери өнімді жеткізудің жаңа нарықтарын іздеу қажеттігін ескере отырып, әртараптандыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Қолданыстағы қару-жарақ пен әскери техника паркін техникалық тұрғыдан қамтамасыз ету және жөндеу, заманауи қару-жарақ пен әскери техниканың, оқ-дәрі өндірісін дамыту және оқшаулау мәселесі пысықталып жатыр. Мемлекеттік қорғаныс тапсырысын ескере отырып, қорғаныс шығынын қаржыландыруға ЖІӨ-нің шамамен 1 пайызы жұмсалады» деп жазылған министрлік жауабында.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!