Іnbusiness.kz. Ішкі істер министрлігінің статистикасы ел ішінде тұрақтап қалатын шетелдіктердің қарасы қалың екенін айғақтайды.

Мысалы, 2025 жылдың қорытындысында Қазақстан шекарасын 15 956 571 шетелдік азамат кесіп өткен, ал соның 63,5 мыңы атамекеніне қайтуды ұмытып, елімізде қалып қойған. Бұл ретте мигранттар легінің толастамай, қайта тұрақты түрде өсіп бара жатқаны байқалады:

  • 2024 жылы Қазақстанға 15 454 808 шетелдік келсе, кейін оның 15 414 762-сі еліне оралды, арасында туристері де бар;
  • 2025 жылы келгендердің саны 15 956 571 адамға жетті, ал кеткендердің саны 15 893 091 адамды құрады, негізінен көршілер.

Келетін контингенттің жыл сайынғы өсімі жарты миллиондық көрсеткішке таяды. Айырмашылық бір қарағанда аса көп еместей көрінеді. Дегенмен, елімізді жерсініп, тамыр жайып қалатын шетелдіктердің қатары жыл сайын ондаған мыңға көбейіп отырады. 

Олар елімізде тек бір маусымға немесе қысқа мерзімді табыс табу үшін ғана қалмайды. Сарапшылар дәл осылай жинақталу процестері отандық еңбек нарығын біртіндеп өзгертіп, үйреншікті жұмыспен қамту құрылымын бұзатынын қауіп қыла ескертеді.

Миграциялық заңнаманың жиі бұзылуы да көңілге кірбің ұялатады. ІІМ мәліметінше, 2025 жылы 113 961 шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылған, бірақ тек 18 872-сі ғана елден шығарылыпты. 2024 жылы бұл көрсеткіштер төменірек еді: тиісінше 97 229-ы заң бұзды және 14 124 елден аласталды. 

Еңбек министрлігінен тиісті мәліметтерді алып тұратын Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, сыртқы еңбек мигранттарының саны 2023 жылғы 25 387 адамнан 2024 жылы 29 282-ге дейін өскен. 2025 жылы бұл көрсеткіш 23 761 адамға дейін төмендеді.

Бірақ бұл тек уақытша төмендеу көрінеді. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда, қазіргі көлем бәрібір екі еседей жоғары. Салыстырсақ, 2018 жылы түрлі квоталар бойынша Қазақстанда 12 747 шетелдік заңды түрде жұмыс істесе, 2019 жылы – 12 255, 2020 жылы – 11 370, 2021 жылы – 11 039 адам ғана болған. Бірнеше жылдың ішінде тіпті ресми тіркелген шетелдік жұмысшылардың саны іс жүзінде екі есеге артты.

Таяуда еңбек ведомствосының басшысы Асқарбек Ертаев 2026 жылға арналған шетелдік жұмыс күшінің квотасын жаңартты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2026 жылғы 24 сәуірдегі №153 бұйрығымен «ҚР аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін шетелдік жұмыс күшін тартуға 2026 жылға арналған квотаны белгілеу туралы» ескі бұйрыққа өзгеріс енгізілді.

Құжатқа сәйкес, Еңбекмині Қазақстан аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін шетелдік жұмыс күшін тартуға 2026 жылға арналған квотаны елдегі жұмыс күшінің санына шаққанда пайыздық қатынаста мынадай:

  • жергілікті атқарушы орган жұмыс берушілерге беретін рұқсаттар бойынша 0,3% мөлшерінде;
  • еңбекші көшіп келушілерді тартуға 2,85% мөлшерінде бекітті.

Асқарбек Ертаевтың бұйрығында шетелдік жұмысшылардың нақты саны көрсетілмеген. Шенеуніктер мұны реттеу жүйесін «икемді» ету мақсатында жасалған деп түсіндіреді. Бұл тәсіл әкімдіктерге еңбек нарығындағы жағдайға қарай шешім қабылдауға қосымша мүмкіндік беріп, жергілікті жұмыс күшінің өзгерісіне байланысты шетелдік жұмысшылар санын реттеуде белгілі бір еркіндік береді.

Ұлттық статорганының ресми мәліметінше, 2026 жылдың І тоқсанында Қазақстанның жұмыс күшінің саны 9 млн 838,1 мың адамды құрады. Демек, бұл санның 0,3%-ы – 29 мыңнан астам жұмысшы. Ал, 2,85%-ы – кем дегенде 280 385 адам.

Осыны қарастыратын бұйрық 2026 жылғы 9 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді. Бірақ миграцияның нақты ауқымы ресми көрсеткіштен зор. Өйткені отандық жұмыс берушілер белгіленген лимиттерді айналып өтудің заңсыз, көлеңкелі схемаларын әбден меңгеріп алған.

Осы жайтты сезген Еңбек министрлігінің өзі бүгінде ашық дабыл қағып отыр. Кәсіпкерлер айналма жолдарды қолдануға тым әуестеніп кеткен сыңайлы. Ведомствоның шағымына қарасақ, отандық нарықта өз еліміздің білікті кадрларын арзан иммигранттар ағынымен жаппай алмастыру процесі белең алған.

Бұл туралы «Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсатты бергені немесе ұзартқаны үшін алым мөлшерлемелерін белгілеу туралы» ҚР Үкіметінің 2025 жылғы 3 қазандағы №819 қаулысына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Үкіметтің жаңа қаулысының жобасына түсіндірме жазбада баяндалған.

Құжат «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылау аясында 2026 жылдың 21 мамырына дейін қаралады. Дегенмен, кейбір мүдделі тараптар, соның ішінде бухгалтерлік ұйымдар мен жұмыс берушілер, құжаттың толық мәтіні мен оған қатысты салыстырмалы кестемен танысуға қатысты сұраныс білдірген. Бұл ретте Еңбек министрлігі қаулы жобасының мәтіні мен салыстырмалы кестесін жариялау мәселесі бойынша түсініктеме берді. Құжаттың жекелеген тұстары, оның ішінде көші-қонға қатысты тетіктері, талқылау барысында қосымша қарастырылуы мүмкін.

«Іс жүзінде қаржылық жүктеменің едәуір айырмашылығы кейбір жұмыс берушілердің белгіленген тәртіппен рәсімделуге тиіс шетелдік жұмыскерлердің орнына еңбек иммигранттары мен маусымдық шетелдік жұмыскерлерді тартуға мүдделілік танытуына әкелуде. Бұл өз кезегінде салық заңнамасында көзделген талаптарды айналып өтуге алғышарттар қалыптастырып, көлеңкелі жұмыспен қамтудың өсуіне ықпал етеді», – деп түсіндірді министрліктегілер.

Министрлікті ерекше мазалайтын мәселе – шетелдік жұмыс күшінің өңірлерге бармай, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында «тұрақты шоғырлануы». Оларды бұл жердегі жоғары экономикалық белсенділік пен мол табыс қызықтырады. Сонымен бір мезгілде, дәл осы үш мегаполисте Қазақстанның өз жұмыссыз азаматтары да басым. Бұл жағдай «біліктілік және өзге де параметрлер бойынша жұмыс күшіне деген сұраныс пен ұсыныс арасындағы сәйкессіздікті көрсетеді».

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!