Қазақстанда мегаполистегі тұрғын үй бағалары өңірдегіден әлдеқайда қымбат. Мысалы, Алматы мен Астанада бір бөлмелі пәтерді құрылыс салушыдан алу үшін ең кемі 20-21 млн теңге қаражатыңыз болуы керек. Онда да бұл – шаршы метрі аз, орталыққа алысырақ орналасқан үйдің бағасы. Stan.kz ақпарат агенттігі Қазақстандағы ірі құрылыс салушы қомпаниялардың үйлері қанша тұратынын біліп көрдік, сонымен қатар үйді қай кезде сатып алған тиімді болатынын сарапшылардан сұрадық.
Қазақстандағы ең танымал құрылыс компанияларындағы баға қандай?
Алматыда баға 17 млн теңгеден бастап жоғары

Кестеде көрсетілген деректер бірінші нарықтағы әрлеусіз үйлердің бағасы
BI group компаниясының Алматыдағы үйлерінің бағасы қаланың қай жағында орналасқанына және шаршы метріне байланысты құбылады. Мысалы, бұл компанияның Алатау ауданында салынып жатқан Jibek joly бигвиліндегі 1 бөлмелі (35 ш.м) пәтердің құны 26 835 000 теңгеден басталады.
Ал 2 бөлмелі (48 ш.м) 29 675 000 теңгеден басталса, 3 бөлмелі (69 ш.м) пәтер 50 млн теңгеден басталады. Бұл тұрғын үйдегі 4 бөлмелі (110 ш.м) пәтер 53 млн теңгеден жоғары.
Құрылысшының дәл осы ауданда салынып жатқан Arena city park тұрғын үйіндегі бағалар да шамамен осындай. Тек мұндағы 2 бөлмелі пәтердң шаршы метрі үлкен және сәйкесінше 45 млн теңгеден жоғары. Наурызбай ауданында салынып жатқан үйлердің бағасы да осыған шамалас.
Ал дәл осы құрылысшының Бостандық ауданында салынып жатқан 1st by BI премиум санаттағы тұрғын үй кешеніндегі үйлер әлдеқайда қымбатырақ. Дәлірек 3 бөлмелі (125 ш.м) 274 млн теңгеден басталады. 4 бөлмелісі (168 ш.м) 325 млн теңгеден басталады. Медеу ауданындағы Dream city. Art тұрғын үй кешеніндегі 1 бөлмелі пәтерлер 34 млн теңгеден, 2 бөлмелісі 50 млн теңгеден басталады.
Астанада 20-21 млн теңгеден басталады

Компанияның Астанадағы Есіл ауданындағы үйлері 1 бөлмелісі (35 ш.м) шамамен 20-21 млн теңгеден басталады. Жалпы шаршы метрі 576 000 теңгеден бастап жоғары. Мысалы, дәл осы бағамен 38 ш.м пәтерді 22 млн теңгеге жуық қаражатқа алуға болады. Ал Нұра ауданындағы үйлер бұдан сәл арзанырақ, шаршы метрі 495 000 теңгеден. Сонымен қатар Нұра ауданында шаршы метрі 777 000 теңгеден басталатын пәтерлерден де таңдау бар.
Шымкенттегі үйлер Алматыдан арзанырақ шығатыны белгілі. Дегенмен Астанадағы бағалармен шамалас. Шымкентте 4seasons. Cristal тұрғын үй кешеніндегі 1 бөлмелі пәтер 20 млн теңгеден басталады. 4 бөлмелі пәтер алғыңыз келсе 55 млн теңге төлеуге тура келеді. Қаладағы бағалар үйдің орналасқан ауданы мен санатына қарай қымбатырақ. Мысалы, 85 млн теңге төлеп, 2 бөлмелі пәтерді, 160 млн теңгеден 4 бөлмелі пәтерді сатып ала аласыз.
BAZIS-A құрылыс салушы компаниясының Алматыда Алмалы ауданындағы бір тұрғын үйінің әр шаршы метрі 728 000 теңгеден басталады. Мәселен, 1 бөлмелі пәтерді 40 шаршы метр деп алсақ, 29 млн теңгеге шығады. Бостандық ауданындағы Riviea PLUS тұрғын үй кешеніндегі әр шаршы метрді 735 000 теңгеге алуға болады. Дәл осы аудандағы Satpayev ТҮ әр шаршы метрі 844 000 теңге тұрады.
BAZIS-A-ның Алматыдағы клуб үйлерінің бағасы шаршы метріне 1,4-1,8 млн теңгеден басталады. Осы компанияның Астанадағы үйлерінің бағасы шаршы метріне 515 000-760 000-850 000 теңге сұрап тұр.
Шымкенттегі үйлер де қалыспайды, баға Астанамен тең түседі

Мегаполистерге қарағанда Шымкентте дәл қазір бұл компания салып жатқан бір ғана тұрғын үйді байқадық. Оның шаршы метрі 536 000 теңгеден белгіленген. Мысалы, 40 ш.м болатын үй 21 млн теңгеден асады.
Басқа компаниядағы бағалар да осы шамалас. RAMS Қазақстан компаниясының Алматыдағы бір бөлмелі пәтері шаршы метріне 720-900 000 теңге сұрап тұр. Мегаполисте бұл компанияның Комфорт+ санаттағы үйлері 37-48 млн теңгеден басталады. Ал бизнес санаттағы үйлер 100-162 млн теңгеден бастап жоғары.
Ал Qazaq stroy компаниясының Алматыдағы Наурызбай ауданындағы үйлері 16 600 000 теңгеден басталады. 18 600 000 теңгеге дейін барады. Ал Жетісу ауданындағы үйлер 18 млн теңгеден басталса, Әуезов ауданындағы үй 27 млн теңгеден басталады. Бүгінде компанияның ресми сайтында барлық үй пайдалануға берілгені көрсетілген.
Sensata Group құрылыс компаниясының бағасын да қарадық. Таңдау Астанада көбірек. Бір бөлмелі пәтерлер 24-27 млн теңгеден бастап жоғары. Екі бөлмелі пәтер үшін 38-44 млн теңге аралығында төлеуге тура келеді. Шаршы метрі әрқайсысында әртүрлі. Ал үш бөлмелі пәтерлердің бағасы ауданына және санатына қарай 50-64 млн теңге аралығында құбылады. Егер төрт бөлмелі пәтер сатып алғыңыз келсе 65 миллионнан бастап, 100 млн теңгеден жоғары төлеу керек.
Алматы – ең қымбат қала, әсіресе Бостандық және Медеу аудандарында. Астана бағасы жоғары болғанымен, Алматыдан қолжетімдірек. Шымкент – жаңа баспана алғысы келетіндер үшін салыстырмалы түрде ең тиімді мегаполис. Қазақстандағы ірі құрылыс компанияларының (BI Group, BAZIS-A, RAMS, Sensata Group) бағалары жалпы алғанда бір-біріне жақын, айырмашылық көбіне тұрғын үйдің санаты мен орналасқан ауданына, шаршы метріне байланысты. Кестедегі кейбір бағалар шаршы метріне қарай шамамен есептелді.
Үйді сатып аларда не нәрсеге мән беру керек?
“Жылдың соңы мен басында саудаласуға мүмкіндік көбірек болады”
Тұрғын үй және ипотека жөнінде кеңесші Қайрат Қожанов жылдың басы мен соңында үй алуға сұраныс төмендеу болады дейді. Сөзінше, бұл кезде саудаласуға мүмкіндік көбірек, дегенмен кей нәрсені ескеру керек.
«Көбіне жылдың соңы мен басында сұраныс төмендеу болады, сондықтан саудаласуға мүмкіндік көбірек. Бірақ ең тиімді уақыт жақсы нұсқа шыққан кез, нарықты күтіп жүргенде баға өсіп кетуі мүмкін. Көп адам әдемі жарнамаға, «мынау соңғы пәтер», «баға ертең өседі», «тек бүгін жеңілдік бар» деген сөздерге сеніп қалады. Сонымен қатар құрылыс салушының бұрынғы жобаларын, беделін және құжаттарын тексермей жатады», – дейді ол.
Оның сөзінше, үй алмас бұрын құжатты да, құрылыс сапасын да және үйдің бағасын да салыстырып, тексеру керек.
«Үйді сатып алмас бұрын құжаттарының тазалығын, үйдің орналасуын, құрылыс сапасын, инфрақұрылымды және бағасының нарыққа сай болуын міндетті түрде тексеру керек. Кейбір қазақстандықтар құжатты толық тексермей, арзан бағаға қызығып немесе алдын ала ақшасын беріп қойып жатады. Оған қоса кепілде тұрған немесе заң жағынан мәселесі бар үйлер кездеседі. Адамның өзіне де байланысты. Үй аларда асықпау керек. Құжаттарын тексеріп, нарықтағы бағамен салыстырып, мамандардың пікірін тыңдап барып шешім қабылдаған дұрыс», – дейді ол.
“Бағасына емес, компанияның сенімділігіне көбірек назар аудару керек”
Сонымен қатар Қайрат Қожановтан комфорт кластағы үйді қалай ажыратуға болатынын сұрадық.
«Комфорт кластағы үйлердің ауласы жабық, төбесі биігірек, кіреберісі жақсы, лифті мен қауіпсіздігі жоғары болады. Эконом кластағы үйлердің материалдары қарапайым келеді. Ауласы мен ортақ аймақтарға аз көңіл бөлінеді. Жалпы құрылыс компаниясының тәжірибесін, бұрын тапсырған нысандарын, құрылысқа рұқсат құжаттарын және үйдің нақты тапсыру мерзімін тексерген жөн. Бағасына емес, компанияның сенімділігіне көбірек назар аудару керек», – деп түйіндеді ол.
«Үй сатып алуға ең қолайлы уақыт – қаңтар-ақпан айлары”
Жылжымайтын мүлік агенттігінің басшысы Рүстем Бейсебаев та жылдың басы үй алуға қолайлы уақыт деп есептейді.
«Үй сатып алуға ең қолайлы уақыт – жылдың басы, яғни қаңтар-ақпан айлары. Бұл кезде нарықтағы белсенділік төмендейді, сұраныс азаяды, сондықтан көп сатушы бағаны түсіруге мәжбүр болады. Дәл осы уақытта тұрғын үйді тиімді бағамен сатып алуға мүмкіндік жоғары. Қаңтар-ақпан айларының тағы бір артықшылығы бар. Егер сіз жоғарғы қабаттағы пәтерді немесе жеке үйді сатып алсаңыз, осы кезеңде ғимараттағы бүкіл ақау анық көрінеді. Алматыда қыс кезінде қар еріп, жаңбыр жиі жауатындықтан, шатырдағы немесе қабырғалардағы су ағуды, түрлі кемшілікті бірден байқауға болады. Сондықтан меніңше, тұрғын үй сатып алудың ең тиімді уақыты – қаңтар, ақпан айы. Бұл – нарықтағы ең тыныш кезең», – дейді ол.
“Пәтер заңды түрде қайта жоспарланғанына көз жеткізіңіз”
Сонымен қатар сарапшы Алматы нарығына қатысты үш негізгі жайтты атап өтті. Оның сөзінше, ең әуелі үйдің құжаттарын жақсылап тексеріп, қайда орналасқанына көңіл бөлу керек.
«Біріншіден – дұрыс құжаттар. Барлық құжат толық тәртіпте болуы керек. Пәтер қайта жоспарланған болса, оның бәрі заңдастырылған болуы қажет. Әйтпесе кейін бұл мәселе сатып алушының мойнына жүктеледі. Екіншіден – инвестициялық тартымдылығы. Болашақта бұл пәтерді ипотека арқылы сатуға бола ма, соған назар аудару керек. Қазір сатып алушының шамамен 80-90%-ы ипотека рәсімдейді. Егер ескі, өтімділігі төмен үйді сатып алсаңыз, кейін оны тек қолма-қол ақшаға сатуға тура келеді. Мұндайда сатып алушы аз болады, нарық шектеледі және бағаны көбірек түсіруге мәжбүр боласыз. Үшіншіден – орналасқан жері. Көп адам «Алматыдан үй алсам болды» деп ойлайды. Бірақ кейін күнде бірнеше сағат кептелісте тұруға мәжбүр болады. Сондықтан адам қайда жұмыс істейтінін, қай ауданнан үй алғаны ыңғайлы болатынын алдын ала есептеуі қажет. Уақытты жолда емес, өзіңізге пайдалы істерге жұмсаған әлдеқайда тиімді», – дейді ол.
Сарапшының айтуынша, үйді танымал, күнделікті естіп жүрген компаниялардан таңдаған жөн. Ал аса танымал емес компанияларда жердің нысаналы мақсаты өзгертілмеген болуы мүмкін немесе басқа да құқық мәселелері кездеседі.
“Үлескерлерден қаражат тартуға мемлекеттен ресми рұқсат алған ірі құрылыс компанияларын таңдаған жөн”
«Танымал емес құрылыс компанияларына аса сақтықпен қарау керек. Көп жағдайда олар алдын ала сатып алу-сату шарттары арқылы жұмыс істейді және үлескерлерден ақша алады. Алайда нысанның толық салынып бітетініне әрдайым кепілдік жоқ. Кей жағдайда құрылыс салушының барлық рұқсат құжаты толық болмайды. Жердің нысаналы мақсаты өзгертілмеген болуы мүмкін немесе басқа да құқықтық мәселелер кездеседі. Сондықтан адам өзін қауіпсіз сезінгісі келсе, мемлекеттен үлескерлердің қаражатын тартуға ресми рұқсат алған ірі құрылыс компанияларымен жұмыс істегені жөн. Мысалы, BI Group, BAZIS, Sensata сияқты танымал компаниялар. Егер сатып алушы тәуекелді барынша азайтқысы келсе, тек белгілі құрылыс салушылардың нысандарын таңдағаны дұрыс», – деп кеңес берді ол.
Ал үйдің сапасын білу үшін еш ұялмау керек деп есептейді сарапшы. Ерінбей бүкіл желіден іздеп, адамдардың пікірін оқып, құрылысшыға хабарласудан тайынбау керек екенін айтты.
«Тұрғын үйдің сапасын білгіңіз келсе, үй алған адамдардың пікірін оқып шығыңыз. Сонда бәрі анық болады. Құрылысшы компанияға хабарласып, ұялмай бәрін сұраңыз. Үй қалай салынды, мысалы, жер сілкінісіне қарсы қандай да бір сынақтан өтті ме, осындай сұрақтар қойыңыз. Құжаттардың бәрін бірден таныс немесе жалпы нотариусқа жіберген дұрыс. Құжатқа келгенде қарайтын егжей-тегжейі болады, соны тексеріп береді. Егер пәтер сенімгерлік арқылы сатылып жатса, мүлікті жақында ғана мұраға алса немесе жалпы үйге қатысты келісімшарты кеше-бүгін, жақын уақытта жасалса, өте абай болған дұрыс. Себебі жасырын исктер де болуы мүмкін. Егер жақында мұраға берілген немесе жақында келісілген құжат болса онда келісім 3 жыл бұрын жасалған болса жақсы», – деп түйіндеді агенттік басшысы.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
