Құрбан айт қарсаңында құрбандыққа шалынатын малға сұраныстың маусымдық өсуі нарықтағы бағаға әсер етіп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты energyprom.kz-ке сілтеме жасап.
Биыл елімізде алғаш рет ҚМДБ арнайы платформасы арқылы онлайн құрбан шалу мүмкіндігі іске қосылды. Құрбандық шалу қызметінің құны мал түрі мен өңірге қарай өзгеріп отырады. Мәселен, ірі қараның бағасы 630 мың теңгеден 945 мың теңгеге дейін, қой – 100 мың теңгеден 150 мың теңгеге дейін, ешкі – 55 мың теңгеден 100 мың теңгеге дейін барады. Түйе шалу бағасы барлық өңірде бірдей. Ол 1,1 миллион теңге болып белгіленген.
Биыл наурыз айында базарларда бір сиырдың орташа бағасы 489,3 мың теңге болды, бұқа – 526,7 мың теңге, жылқы – 581,3 мың теңге. Төрт түліктің ішінде ең қымбаты түйе болды. Оның орташа бағасы 804 мың теңгеден асса, інгеннің құны 782 мың теңгеге жеткен. Қойдың орташа бағасы – 77,2 мың теңге, қошқар – 86,3 мың теңге, ешкі 46,3 мың теңгеден саудаланды.
Ірі қара мал саны бойынша ең ірі өңір – Түркістан облысы, аймақта 1,2 миллион бас мал тіркелген. Бұл өңір сиыр (590,6 мың), қой (4,7 миллион) және жылқы (509,6 мың) саны бойынша да көш бастап тұр. Ешкі саны ең көп тіркелген өңір – Жетісу облысы, мұнда 232 мың бас ешкі бар. Түйе саны бойынша ең жоғары көрсеткіш Маңғыстау облысында – 113,6 мың бас.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
